Құрбым алыста...

Құрбым алыста...
Фото: www.bloomsweddings.com

Бала шақтан бері бес саусақтай танитын құрбының өміріңізден ойып тұрып орын алатыны белгілі. Құпияларыңызбен бөлісіп, соңғы бәлішті бөліп жеп, таңды таңға атырып, әңгіме айтып, бірге дүкен аралап жүретін құрбымен өткізген күндер мәңгілікке созылатындай боп көрінген болар.

Бірақ, күндердің бір күнінде біріңіз басқа мектепке не басқа қалаға ауыстыңыздар немесе ЖОО-ға екі бөлек түстіңіздер. Басында қимастықпен жиі хабар алысып тұратын едіңіздер. Ортаңыз әсер етті ме, әйтеуір, талғамыңыз, қызығушылығыңыз, өмірге деген көзқарасыңыз, болашаққа деген жоспарларыңыз аяқ астынан өзгеріп шыға келеді. Осыған дейін құрбыңызбен бірге құрған зәулім сарайдың көз алдыңызда бұзылып жатқанын көресіз. Сөйлесуге уақыт таппай, тірліктің көп екенін айтып, ақталып жатасыз.

Мұның себебі неде? «Көзден кеткен соң, көңілден кетеді» деген рас па?

Құрбыңыз бұрынғы қалпынан өзгерсе, не істеуге болады? Махаббаттан қол үзгеннен бұрын достық қарым-қатынастың үзілгені ауыр. Оның жан дүниесін сезініп көріңіз, ол қандай күй кешіп жүр, жаны ауырып жүрген жоқ па деп оның орнына өзіңізді қойып көріңіз. Оның орнында болсаңыз, сіз не істер едіңіз?

Бірінші болып қоңырау шалып, жағдайын сұраңыз. Бастысы, сіздің оны ұмытпағаныңызды, үнемі ойлап жүретініңізді білдіріңіз. Бұрынғыдай сыр ашып, ақтарылмайтыныңыз белгілі болса, оны түсіндіріп көріңіз. Бетпе-бет кездесіп, жағдайларыңызды түсіндіріп көріңіз.

Ашығын айтыңыз, ішіңізден тынып, саусағыңызды бүгіп алмаңыз. Араларыңыз ажыраған соң, басыңыздан қандай шақты өткіздіңіз, қандай адамдармен кездестіңіз, жаңа қызығушылығыңызды да айтыңыз. Одан да сұрап, өміріндегі өзгерістер туралы біліңіз.

Бет жыртысып, араларыңыздың ажырағанына кінәліні іздеп, өткенді қазбалаудың қажеті жоқ. Ақылға салып, қашықтықтың достыққа әсер етпеу керегін түсініңіздер. Жаңа өмірге қадам басып, жаңа адамдарды жолықтырғаныңызды айтыңыз. Екі жақта жүріп, достық сезімді берік ұстауға болатынын айтыңыз. 10-20 жылдан соң, бір-біріңізді іздеп, қонақ болып барып тұратындарыңызды ойлап, болашаққа жаңа жоспар құрыңыздар.

Г. Берік