Қыздарға құрбы не үшін керек?

Қыздарға құрбы не үшін керек?

Тұрмысқа шығысымен-ақ көптеген қыздар жан-жағымен араласуды доғара бастайды. Он бір жыл бірге оқыған сыныптас құрбысы да, бір топта төрт жыл бірге білім алып, жатақханада бір нанды бөлісіп жеген дос қызымен де араны үзе береді. Өйткені отбасылық өмір басталысымен-ақ уақыт тапшылығы туындайды. 

Сырлас құрбы керек! Қашан да! Тұрмысқа шыққанда да!

Не үшін қыздарға құрбы керек? Ендеше, осы сұрақтың төңірегінде ой өрбітіп көрелік. 

Біз 20 % уақытымызды үлкендердің ақылы мен өсиетін тыңдауға жұмсауымыз керек. Ал уақытымыздың 20 %-ын өзімізден кішкентайлармен өткізуіміз керек. Яғни, оларға тәлім-тәрбие беріп, ашық әңгімелесуіміз қажет. Ал қалған 60% уақытты басқа жандарға теңдей бөліп алғанымыз жөн. Қызметтестеріңізге, жұбайыңызға, құрбыңызға, туыстарыңызға, көршіңізге деген сияқты. Олардың ғана әңгімесін тыңдамай, өзіңіз жайында да шер тарқатыңыз. Мұнымыз  ағыл-тегіл сыр айту емес, әрине. 

"Адамды досына қарап таны" 

Сырласу үшін. Әйел әйел жанын ер адамнан да жақын түсінеді. Бұл дәлелденген! Әйел адам өз сезімі мен түйсігін сыртқа айтып, бөліскісі келеді. Өз жігіті не жолдасы жайында өзгеге айтқысы келеді. Осындай сәтте қыздарға құрбы керек-ақ. Тек қалай сыр айту керектігін де біле жүргеніңіз артық болмайды.  

Жалғыз қалғанда жабықпас үшін. Жолдасыңыз іссапарға кеткенде, не көп уақытқа үйде болмаған кезде жабығуыңыз мүмкін.  Егер сіздің сенімді құрбыңыз болса, ол ешқашан да іш пыстырмайды. Оған телефон соғып алып, алаңсыз сұхбат құрсаңыз болады. Не үйге шақырып алып, сыр айтасыздар. Осындайда уақыттың қалай өткенін де аңғармай қаласыздар. 

Ақыл керек кезде. Жеке өміріңізде келеңсіз жағдай туындай қалса, құрбының сонда кеңес беретін кезі келеді. Қай жолды таңдарыңызды білмей тұрғаныңызда ол сізге қолайлысын таңдауға көмектеседі. 

Тұрмыстық жағдайға байланысты тегін кеңес керек кезде. Сіз жасай алмайтын тағамды құрбыңыз нақышына келтіріп жасай алуы мүмкін. Мұндайда оған бірден қоңырау шалып, көмек сұрайсыз. "Мұны қалай жасайды?", "Қанша уақытта дайын болады?" деген сияқты...

Қосымша қол қажет кезде. Қонақ күткенде үлегере алмай жатсаңыз, құрбыңыз жүгіріп келе қалады. Сіздің "он қолыңыз жоқ қой", әрине. Сондай кезде қолыңыз ұзарып қалмақ. 

Үй ішіндегі сұлулық салоны. Бір жаққа бармақ болсаңыз, әрлену керек. Ол үшін қала аралып, сұлулық салон жағалайтын уақыт тапшы. Осындай шақта жедел түрде жетіп келетін сұлулық салонын шақыртыңыз. Айтып тұрғаным - құрбыңыз. Ол сізге әрі тегін, әрі жедел түрде макияж жасап береді. Маникюр мен педикюрден де қам жемеңіз. Тіпті отырысқа не кию керектігіне де кеңес береді. Артық етпейді ғой? Сіз де шашыңызды, қасыңыз бен тырнақтарыңызды құрбыңызға сеніп "тапсыратын" шығарсыз. 

Ыстық қошемет айту үшін, тыңдау үшін де. Қыздар ыстық қошеметті тыңдауды ғана емес, айтуды да сүйеді. Жаңа көйлек алсаңыз, не шашыңызға жаңа үлгі салсаңыз, бірден құрбыңыздан сүйінші сұрайсыз. Ол "жаман" десе, жаман болғаны! Ал мақтаса, талғамыңыздың алдамағаны. 

Ана махаббаты керек кезде. Көптеген қыздарға анасынан гөрі құрбысы жақын. Әрине, бұл сырласу, ой бөлісу тұрғысынан. Анамыз бізге қолынан келгенін жасап бағады. Бірақ кейде бізге керектіні бере алмайды. Нағыз құрбының жүрегінде де ана махаббаты болады. Олар аналар сияқты кешірімді де, мейірімді. 

Көңіл көтеру үшін. Киноға не театрға жападан жалғыз баруды елестетіп көріңіз. Ойыңызды кіммен бөлісер екенсіз? Болмайды иә? Осындайда "құрбы керек емес" деп көріңіз!

Сауда жасау үшін. Жігітіңізбен не күйеуіңізбен сауда жасауға шықсаңыз да құрбыңыздың орнын сезесіз. Өйткені қыздар ер адамдарға қарағанда сауда жасауда төзімдірек. Сіз киім таңдай алмай, басыңыз қатып жүргенде де құрбыдан көмек күтесіз. Ол сізге әрі жарасымды, әрі қалтаңызға қарай киім таңдап береді. Дүкенді қанша аралап жүре берсеңіз де асыға қоймайды. "Өтірік" деңізші?

Құрбы сізге де, бізге де керек-ақ. Құрбысыз өткен ғұмырды құр өтті дей беріңіз. 

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Суреттер: mail.ru, facebook.com

А. Әбілхан