«Шешесінің қызы» бойжетсе...

«Шешесінің қызы» бойжетсе...
Фото: amur.kz, Алексей Романов

Байқасаңыз, кейбір аналар «Қызың бойжетіпті» деген әңгіме айта бастасаң жақтырмай қалады. «Жоқ, қызым әлі кішкентай» деп күйеуге шығуға дайын отырған қыздың желігін баса береді. Бой жетіп қалған қызын тұсаулап ұстайтын аналар көбіне қыздың жеке өмірі барын ұмытып кете береді. Қызына ақ боз атты ханзадасының аптығып кіріп келіп, қолын сұрағанын күткізіп, өзі оң жақтағы шаңырағынан ойып тұрып орын тауып беретін аналар бар.  Өзге ошақтың жанына баруға үгіттемей, жанында жүргенін қалайды. Иә, біздің қазақтарда қызын тұрмысқа бергісі келмейтін ата-аналар басқа ұлтпен салыстырғанда аздау шығар. Бірақ баршылық! Анасының жөнсіз тұсауына түскен қыз бен анасының ішкі ойын білуге тырысып көрелікші.  

«Сен не білесің? Менің өмірлік тәжірбием көп. Мені тыңда!» Бұл сөзді қызы он жаста да, жиырма жаста да, қырық жаста да тыңдауы мүмкін. Қызы да өмірден сабақ алып, тәжірбие жинай алатын еді. Бірақ анасының шекарасынан шыға алмай жүрсе, не бітіреді?

«Анаң тек саған жақсы жағын ғана ойлайды» Әрине, осы сөзбен желігіп отырған қыздың көңілін басуға болады. Бірақ дәл осы сөз арқылы қыздың өмірге деген қызығушылығы мен арман-тілектерін де өшіруге болады. Анасының осы сөзіне сенген қыз ендігі жерде анасына ұнайтын нәрсені ғана ұнатып, соның көзімен ғана жан-жағына қарайтын болады.

Анасына байланған қыздың психологиясы қандай болады?

«Шешесінің қызы» атанған бойжеткендер көбіне қорқақ болып келеді. Олар еркіндік пен тәуелсіздік деген сөздің не екенін білмей өседі. Бірақ соны аңсайды. Мұндай тәртіпте өскен қыздар ойда жоқта еркіндікке шыға қалса, тез бұзылып кетеді. Өйткені олар ненің жаман, ненің жақсы екенін жете түсінбейді. Оны түсіну үшін теория емес, практика керек. Қандай болса да шешім қабылдар кезде анасынан кеңес сұрайды. Өзі біліп істей алмайды. Өйткені оған  күш-жігері мен ой-өрісі жетпей қала ма деп қорқады. Бір істі тындырса да, анасының пікірін күтіп «дұрыс жасадым ба, жоқ па?» деп жалтақтаумен болады.

Қызы үшін «жауап беретін» аналар ше?

Қызын тұсаулап алған аналар күйеужігітті те өзі таңдайды. Сөйтеді де олар үшін де шешім қабылдап отыруға тырысады. Көбіне мұндай аналар қызынан гөрі өзінің көңілінен шығатын, сөзін екі етпейтін жігітке қызын береді. Сосын жаңа құрылған отбасының ішкі асханасына араласып, жиі-жиі келіп тұрады. Келгені былай тұрсын, көшіп те келіп алуы ғажап емес. Ендігі жерде ол қызын ғана емес, күйеу баласын да айтқанымен жүргізгісі келеді. Қызы мен күйеу баласы қанша көнбіс болса да, мұндай шешелердің көңілі тоқ болмайды. Қазақтар күйеудің шектен тыс қайынжұртшыл болғанын аса құп көрмейді. Енесінің қатты «пысықтығына» күйінген күйеу баласы шыдаса алғашқы перзенттері өмірге келгенше шыдауы мүмкін. Бұдан кейін де жағдай дәл баяғыдай жалғаса берсе, ол бәріне қолын бір сілтеп кетеді де қалады. Бұған күйінетін қыз да, анасы да жоқ. Қыз күйінер ме еді, шешесі көңілін жібітеді. Қалай дейсіз ғой? «Бастысы – енді балаң бар. Осы үшін өмір сүр! Өмірдің қиындықтарына төзе алмай тастап кеткен әкесінің жоқтығын білдірмей бірге өсіреміз». Міне, қызын тұрмысқа бермеді емес, берді. Онымен қоса өзі де тұрмысқа шыққандай болды. Әп-әдемі отбасыны «өзім білемшілікке» салынып ажыратып тынды. Ендігі өмірін жесір қызымен және жетім немересімен бірге өткізеді. Және үнемі «тастап кеткен» күйеубаланы сыртынан ғайбаттап, жерге тығып отырады.

Бұл қызы бойжетсе де еркіне жібермей қызының жеке өмірін өзі шешетін шешелердің бір типі ғана. «Қыз бой түзеген соң тұрмыс құрып, жар атанып, ана болуы керек» деген табиғаттың заңына басқа қырынан келіп, оның арман-тілектері мен өмірлік ұстанымдарын өзі басқарып отыратын аналардың бұл ісін құп көретін кім бар?

А. Әбілхан