Қайын ене көзімен: Қандай күйеу сүйкімді?

Қайын ене көзімен: Қандай күйеу сүйкімді?
Фото: Балтабек Кожанов, amur.kz

Өмірінің гүліне балап, бойына жамандық ұялатпай өсірген қызын сеніп тапсыру үшін кез келген ана өз күйеу баласын жан-жақты біліп алғысы келеді. Әрине, ана жүрегі мәпелеп өсірген қызын кез келген көлденең көздінің көлеңкесі мен кез келген аттылы адамның артына артып жібере салмайды. Олар да сынайды, олар да таңдайды. Көптеген қайын ененің көңіліне жігіттің қандай қасиеттері жағады екен?

Ішімдік пен шылымға әуес емес күйеу жігіттер. Көбіне жігіті жайлы қызы сөйлеп отырғанда, аналар қауымы ең бірінші қыздарын «Іше ме? Шеге ме?» деген сұрақтың астына алады. Өйткені олар үшін, әрине, алдымен қыздары үшін мұның маңызы көп.

Жоғарғы оқу орнын бітірген немесе бітіргелі жатқан күйеу жігіттер. Аналар қызының болашақ өмірі бұлыңғыр болмас үшін жігіттің оқыған немесе оқымағандығын да білгісі келеді. Әрине, жоғарғы білімі бар жігіттер қайын ененің көңілінен шығуға бір қадам болса да жақындай алады. Өйткені, олардың ойынша, оқыған азаматтар адамдармен қарым-қатынас жасауда еркін болады; Көпшілік ортада өзін-өзі дұрыс ұстай алады; Қала көрген азамат көше мен көпшілік орта мәдениетін жақсы меңгереді; Үлкенді сыйлай алады; Және әрине – білімі бар!

Ата-анасы түгел және шыққан тегі дұрыс күйеу жігіттер. Бұл да өтірік емес! Қайын енелер болашақ күйеубаласын сынау барысында оның әке-шешесі жайлы білуді жөн көреді. Өйткені басты құда болатын – осы кісілер. Жігіттің әке-шешесі түгел болғанын, отбасылық жағдайларында даулы мәселелер болмағанын, туған-туыстары көп және көпшіл болғанын назарға алып, шыққан жері текті болғанына мән береді. Әрине, қыз бен жігіттің бақыты үшін бұлардың аса маңызы жоқ болар? Бірақ кейбір енелер үшін мұның салмақты маңызы бар.

Жұмысы немесе нан тауып жей алатын кәсібі бар күйеу жігіттер. Қызының жағдайы жасалып тұру үшін және жоқшылықтың қақпанына түсіп қалмау үшін қайын енелер болашақ күйеудің нәпақасын таба алатындай жұмысы не жеке кәсібі болуына да мән береді.

Қызының оқуы мен қызметте өрлеуіне кедергі болмайтын күйеу жігіттер. Қанша жыл оқыған оқуы мен мамандығының қызығын көріп, жемісін жеу үшін қызының жұмыс жасап, қалағанынша қызметтік өрлеу жолына болашақ күйеубаласының кедергі жасамағанын қалайды. Сондықтан да кейбір енелер осы турасында күйеу жігітпен алдын ала «келісімге» келіп жатады.

Жекеменшік жылжымайтын мүлкі бар күйеу жігіттер. Мұның да ана мен қызы үшін маңызы ерекше екендігін жасырып қайтеміз? Болашақта бала-шағасымен қаңғырып, әркімнің есігінде қалмас үшін қазірден жекеменшік пәтері немесе болашақта үй салатын жеке жер иелігі болғанын да қалайтын енелер бар.

Құмар ойындарға әуес емес күйеу жігіттер. Құмар ойынның көлеңкесінде жүріп, отбасы мен жұмысын бірінші орынға қоймай, карта күзететін мұндай жігіттерге аналар қызын бермек түгілі, жанынан да жолаттырмайды. Өйткені ана жүрегі қызының сорлап қалуынан қорқады. Сондықтан да қызын мұндай әдеттерден ары жігітке бергісі келеді.

Біз мұнымен осындай күйеу жігіттер сүйкімді деп нүкте қоя салғымыз келмейді. Бұл арқылы біз қазіргі заманның қайын енелерінің санасындағы күйеубалалардың сипатын ғана мейлінше ашып бергіміз келді.

Ұқсас жазбалар:

Үйленгелі жүрген жігіттің шаблон сөздері

Жиырма жастағы жігітке кеңес

А. Әбілхан