Жасөспірімдер қайда еңбек ете алады?

Жасөспірімдер қайда еңбек ете алады?

Біздің елімізде азаматтардың заңды еңбек ету жасы 16-дан зейнетке шыққанға дейін. Алайда 14 жастан асқан балалар ата-анасының рұқсатымен сабақтан бос кезінде еңбек етуге құқылы.

Сондықтан осы жастағы оқушылар да жұмыс істеп, ақша таба алады.

Жасөспірімдер қандай жұмыстармен айналыса алады?

Промоутер. Көптеген фирмалар өздерін көбірек жарнамалау үшін промоутерлерді жалдайды. Промоутерлер халық көп жүретін жерде жарнама қағаздарын таратады. Бұл моралдық жағынан да, физикалық жағынан да оңай емес. Қағаздардың бәрін таратып біткенше кейбір адамдардан ұрыс естіп алуыңыз да мүмкін. Ал жарнама қағаздарын желімдеумен айналысатындар тек рұқсат етілген жерлерге ғана жапсырулары керек. Ең оңайы электрондық жарнамаларды Интернет арқылы тарату.

Базарда, дүкендерде ата-анасына көмектесу. Үнемі ата-ананың жанында жүріп, жұмыс жасау - ең қауіпсіз жұмыс түрі саналады. Тек ата-анаңыз сіздің еңбегіңізді ескеріп, тиын-тебен беріп отырса болғаны...

Маусымдық жұмыстар. Жазда саябақта, жағажайда, тағы да басқа көңіл көтеретін орындарда уақытша жұмыс көздері болады. Тиімді жағы: көңіліңізді көтересіз, әрі ақша табасыз.

Курьерлік жұмыс. Велосипедіңізге отырып алып, бір орыннан екінші орынға пицца, гүл сияқты нәрселерді тасу да онша қиын емес. Әрине көшедегі ағылған машиналардан абай болғаныңыз абзал.

Репетиторлық жұмыс. Төменгі сынып оқушыларына үй тапсырмасын орындауға көмектесіп, әрі ақша табасыз, әрі өзіңіз де ҰБТ материалдарын қайталай аласыз. Әсіресе, орыс мектебінде оқитын оқушылар «Қазақ әдебиеті», «Қазақ тілі» пәндерінің тапсырмаларын орындауға қиналады. Алайда баламен жұмыс істеуге үлкен шыдамдылық керек. Бұл негізінен флегматиктерге лайықты жұмыс.

Компьютерлік білік. Қазіргі балалар компьютерлік программаларды меңгеру жағынан кәсіби мамандардан кем емес десек те болады. Жай мәтін теруді былай қойғанда, антивирустық және басқа да программаларды орнату, балабақша бүлдіршіндеріне, бастауыш сыныпты, мектепті бітіріп жатқан түлектерге фотошоп арқылы альбомдар жасау қажет болады.

Машина жуу салондары. Ұл балалар үйлерінің маңындағы осындай салондарда қызмет ете алады.

Қолөнерлік жұмыс. Қазір моншақпен, бисермен, кестемен түрлі әшекей бұйымдарын: білезік, алқа, панно жасау, сөмкелерді, киімді безендіру сәнде. Сондықтан он саусағыңыздан өнер тамған шебер болсаңыз, оңай ақша таба аласыз.

Еңбек еткісі келетін жанға әрқашан да жұмыс табылады. Тек бұл жайлы ата-анаңызбен ақылдасыңыз. Келеңсіз жағдайға ұрынып қалып жүрмеңіз. Есіңізде болсын, 14-15 жас аралығындағылардың тек ата-ана рұқсатымен ғана жұмыс істеуге құқы бар.

Сәттілік тілейміз!

Сурет: plus.google.com

Оқи отырыңыз:

Табысты болуға дайынсыз ба?

Табысты болуға дайынсыз ба? #2

Жұмыста табысты болудың жолдары

Жұмыста табысты болудың жолдары #2

Ф. Абилова