Қыздардың спортзалда жасайтын қателіктері – 2

Қыздардың спортзалда жасайтын қателіктері – 2
Фото: el-forma.ru

Өткен материалымызда бастапқы 5 қателік жайлы айтқан едік. Сонымен, қыздар жаттығу залында тағы қандай қателіктер жібереді?

6. Әтір қолдану

Тер иісін басу үшін қыздар жаттығу алдында әтір сеуіп алады. Залға жаттығуға келген басқа адамдарды сыйлаңыз. Жаттығу барысында залда оттегі азаяды. Ал әтірдің мұрын жаратын иісі жағдайды ушықтырып жіберуі мүмкін. Кейбір адамдарда тіпті, аллергия да болуы ықтимал.

7. Прессті жаттықтыруға көп күш жұмсау

Іштегі майды кетіремін деп, кейбір қыздар тек прессті жаттықтырады. Егер сіз кешенді түрде емес, тек пресспен жұмыс істесеңіз, керісінше, ішіңізді үлкейтіп жіберуіңіз әбден мүмкін. Егер арықтағыңыз келсе, кешенді түрде жаттығу керек, яғни кардиожаттығулар және бүкіл бұлшық еттер тобына жаттығу жасау керек. Сонымен қатар дұрыс тамақтанып, диета сақтау керек.

8. Жаттығудан кейін протеин/ақуыз жемеу

Жаттығудан кейін бұлшық етті қалыпқа келтіру үшін протеин қажет. Әр қыз баланың ағзасы әртүрлі. Сол себепті арнайы маман, диетологпен кеңесіп, жаттығу алдында және кейін қандай көлемде көмірсу, ақуызды жеу керектігін анықтаңыз.

9. «Екі жаққа еңкею» жаттығуы

Белді жіңішке ету үшін көптеген қыз екі жаққа еңкею жаттығуын көп рет қайталап, жасайды. Ал негізінде ол, керісінше, белді кеңейтіп жібереді. Бұлшық етті жаттықтыру барысында май азайматынын ұмытпаңыз. Майды кетіру үшін дұрыс тамақтанып, жеткілікті мөлшерде жаттығу жасау керек.

Ф. Абилова