Қыздардың спортзалда жасайтын қателіктері

Қыздардың спортзалда жасайтын қателіктері
Фото: vk.com

Қазір көптеген қыз артық салмақтан арылу үшін фитнеске жазылуды дұрыс көреді. Алайда біраз уақыт өтсе де, мақсатына жете алмай жүреді. Әрі жаттығудан ешқандай ләззат алмайды. Неліктен? Себебі олар мынадай қателіктер жібереді:

1. Бір жаттығуды күнде қайталау

Жаттығу барысында бұлшық етіміз қатты шаршайды. Сол себепті біраз уақыт үзіліс жасап, бұлшық еттің «демалуына» мұрша беру керек. Әр бұлшық ет тобы 48 сағат демалуы керек.

Сондықтан бүгін аяғыңызды жаттықтырсаңыз, ертең сол жаттығуды қайталамай, қолды (бицепс, трицепс) жаттықтырып, үшінші күні пресспен жұмыс істеңіз.

2. Су ішпеу

Қарқынды жаттығу барысында ағзадағы су тез ыдырайды. Егер босаған орынды сумен толтырып отырмасаңыз, тез шаршайтын боласыз. Су ағзадағы токсин, қоқыстарды шығарып, буындарды мықты етеді. Сонымен қатар жиі су ішіп тұрсаңыз, басыңыз айналып, құлап қалудың алдын аласыз.

3. Кардиожаттығуды көбейту

Кардиожаттығу дегеніміз – жүрек қызметін белсенді етіп, бүкіл денені жұмыс істететін жаттығулар. Оларға жүгіру, спорттық жүру, велотренажер сияқты жаттығу түрлері жатады. Көптеген адам кардиожаттығудың мейлінше көп болғаны дұрыс деп санайды. Алайда мұндай жаттығу барысында ағзада бұлшықет тінін құртатын кортизол атты зат молынан бөлінеді. Кәсіби жаттықтырушылар кардиожаттығуларды аптасына 3-4 рет 40 минуттан асырмай жасауға кеңес береді. Дегенмен әр адам үшін бұл уақыт әртүрлі.

4. Күшпен жаттығудан қашу

Әйел қауымы «ауыр зат көтерсем, еркек сияқты болып кетемін» деп ойлайды. Бірақ бұл – қате тұжырым. Күшпен жаттығудың арқасында мүсініңіз сымбатты, тұла бойыңыз жинақы болады. Бастапқыда жай жаттығып, содан соң жеңіл (1 кг, 2 кг) гантельдермен жаттығуыңызға болады.

5. «Терлемеуім керек»

«Терлесем, макияжым бұзылады, түрім жаман болып кетеді» деп қорқатын қыздар баршылық. Кейде тіпті тоналды кремді молынан жағып, қатты жаттықпауға тырысады. Ал негізінде, жаттығу кезінде терлеу өте пайдалы. Әрі қалыпты жағдай. Қайда жүргеніңізді ұмытпағайсыз.

Ф. Абилова