Рахымжан Отарбаев. Аспандағы ақ көбелектер(әңгіме) #2

Рахымжан Отарбаев. Аспандағы ақ көбелектер(әңгіме) #2

(Басы)

Тілерсегі дірілдеп кең де жайлы кабинетке енгенде бетінің ұшынан қан тамған көк көз жігіт ағасы орнынан күлімсірей көтерілген.

– Кел, бауырым, кел! Өзіңді іні қылсам деп көптен көзім шауып жүр.

Аңырып бетіне қараған. Қожасының жанары мұның жүдеу иінін, қойны-қонышын тінткілеп жатыпты.

– Ассалау-мағалей-күм, – деді бұл одан әрмен сасып.

– Әлік алдым. Отыр. Деміңді бас. Шалбары құрысын! Құтыл! Бүгіннен бастап маған кеңесші бол. Қызым екеуің... Қызмет көлігің... ақшаң...

– Сатылмаған тауарым көп еді...

Қожасы саңқ етіп күліп жіберді.

– Әй, бауырым, ешкім жалаңбұт қалмайды, қорықпа, өзгелер өткізіп береді.

Дәурен көпке дейін есін жия алмаған...

...Батып-шығып, шығып-батып ұз-зақ жүрді. Бет алысы базар-ды. Күндегісі осы. Шөл ғой шыдатпай жүрген... Көше қазағының бәтуасыз әңгімесіне құлақ түрген.

Бірер әріптің обалына шығып мұрнынан сөйлейтін мықыр шал қасындағы ұзын сирақ, безеу бет баласына кіжінеді кеп.

– Былтыр піштірген қызыл өгізді сатып оқуға түсірдім. Мұғалімдерің зар сылайды, балаң әлі күнге әріп танымайды деп. Ал, керек болса... Қарғам сот болады деп шешең сүр, ісіп-кеуіп. Біз баяғыда кітапты сеп қоятын ек. Сылқыбай деген атағыма кір келтірдің, сатыры саман ит!

– Түй, папа, қойшы енді! – дейді онысы...

Үйелмелі-сүйелмелі екі кеңесшінің бірі – әлгі оңбағыр қатындарға айтқызсаң, тайпа көсемімен таласты дейтін – Сырғалы. Қызылшырайлы, еркешора, еркін қимыл. Жанарының бояуы әкесінікіндей қою жұқпаған, аспан түстес көгілдір. Қарама-қарсы кеп тұра қалғанда тепсінген қос анары алқымыңды тіреп, аузыңа асатып жібергендей екен.

Сол күні Әлимасы:

– Бастық адам енді біздің суымыздан дәм татса жақсы,– деп бейкүнә жымиған.

– Қашанда сенің суатыңа құлаймын ғой, – деген бұл айғыр стақанды әдеттегідей төңкеріп жатып.

- Айтпақшы, ертең театрға барайық. Жақсы спектакль жүріп жатыр деп есіттім.

– Барайық. «Мерседесіңе» мені мінгізесің бе? – Сақтанып, сыбырлап айтты.

– Әрине.

Сыңғыр ете түскен. Шыны ыдыс сынып, ауаға тарап кетті.

Іле қожасының кабинетіне енген. Төрдегі жігіт ағасы ләм-мимсіз, басын төмен тұқыртады. Жанында қаздиып, қырыққан серке бұттанып тұрған қызының қызылшырайы өңіп, аспан түстес көгілдір көзі ақайранданып кетіпті.

– Не? – деді салған жерден. – Не? Дырдай басшысың. Әкемнен кейінгі. Еще, тұра қап есік көзінен сиырдың сідігіндей сары су ішесің. Содан кейін сені қай базаршы сыйлайды? Не?!

Екі иінін қусырып, төменшіктей берген.

– Тоңазытқышың толып, жарылып кетейін деп тұрған жоқ па? Не?!

– Жә-жә, – деп қызы қара дауылды көтеріп бара жатқан соң қожасы тұқырған басын тіктеді. – Жә, енді! Дәурен қарағым, ел-жұртпен аралас-құралас болған жақсы. Бірақ, бұ қазақты бойыңа тым үйір ете берме. Балағыңа жармасса, бітті, басыңа бір-ақ қарғиды. Құрып кетсін! Сырғалының жоқтап тұрғаны сенің абыройың ғой. Жас жастың тілегі бір деген. Бір-біріңе осылай қамқор, сүйеніш боп жүріңдер. Мен сырттарыңнан сүйсініп, масаттанып отырайын.

– Кешіріңіз... Абайламай.

– Не?

– Сырғалы, қой енді! Ал, Дәурен, менің мынадай жоспарым бар. Біз базар аштық деп өз қазанымызда өзіміз қайнап мәз бола бермейік. Көрші облыстарда, Алматы мен Астанада, жаңа, замани сауда орталықтары, шүкір, жеткілікті. Солардың озық үлгісін үйреніп, тың тәжірибесі болса іске асыруымыз керек. Жабайы сауда бүгін бар да, ертең жоқ. Халыққа мінсіз қызмет көрсету – парыз. Осы шаруаны Сырғалы екеуіңе аманаттағалы отырмын.

– Жарайды, аға. – Жуасып айтқан.

– Бәрекелді!    Ендеше,    бүгін    ұшыңдар.    Міне, билеттерің.

– Қанша уақытқа? – Қызы мейірленіп қызылшырайы мен аспан түстес көгілдір көзін қайтадан тапты.

– Асықпай қыдырайық, әке!

– Бір ай... екі ай... үш ай... Еріктерің білсін...

...Батып-шығып, шығып-батып ұз-зақ жүрді. Бет алысы базар-ды. Күндегісі осы. Шөл ғой шыдатпай жүрген...

Мұрнынан сөйлейтін мықыр шал қасындағы ұзын сирақ, безеу бет баласын әлі нықыртып барады.

– Сендей сігіт кезімде ат үстінен түспейтін ем. Есіл састық, сендерге қор болған. Оқуды оқсатпасаң қатын ал дедім. Көрші Құдайбергеннің қызына құда түсейін дедім. Семіз деп... Оның несі саман? Басының пайдасын білмейтін ит-ау! Қыста – сылы, сазда – көлеңке...

– Түй, папа, қойшы енді...

– Өй, нәлет! Үрлеп ауызға салғандай-ақ бала еді...

...Қала сайын тоқтап, бір төсектен өрген. Ілкі сәтте қашқақтап бой тартқанда:

– Не? – деген таныс дауысты естіген. – Осы мырғамның бәрі салбырап аспаннан түспеген шығар?! Менің арқам. Саған өле ғашықпын. Не?!

– Жарайды, енді, – деді. – Мен де... – Жалы жатып қалған екен.

– Жараса, су сатушы сұмырайдың көзін жоғалт! Барған бетте!

– Ым!

– Не?

– Иә дедім ғой.

Сонан  соң...  Жұп-жұмыр  қос  тақымның  ортасын- да асау үйретіп жүргендей ме... Ұста дүкенінде шоқ көсеп, күмпілдетіп көрік басып жатқандай ма... Базар емес, құдды жәннат бағында сайран салғандай ма... Бойын алақызба есірік сезім меңдеп Жарбайдан шыққан жалғыз ұлға әйтеуір тізгін бермей қойған.

(Жалғасы)

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: torange.biz

M. Auelkhan