Рахымжан Отарбаев. Аспандағы ақ көбелектер(әңгіме) #1

Рахымжан Отарбаев. Аспандағы ақ көбелектер(әңгіме) #1

Құмырсқаға тимеңдерші, іздегені өмір ғой.

Фирдоуси

 

Тағы да ақ көбелектердің соңынан қуып діңкелеп, аңқасы кеуіп оянған.

* * *

Оқтаудай көшенің оң қапталында иін тіресіп, итініп ұмтылған жүргіншілер арасында батып-шығып, шығып-батып ұз-зақ жүрді. Бет алысы базар-ды. Күндегісі осы. Шөл ғой шыдатпай жүрген…

Табанын қыздырып алғандар мұның шабан қимылын шаң  қаптырғандай.  Ертеңгі  қызыл  арай  еркін  тарап, күн қуатына мініп, шекесін шақты. Ақ кепкісін қышыған шекеге жығып, ажырайып зеңгір көкке қараған. Жүнделмеген жетім тайлақтай алба-жұлба жалғыз бұлт беталды маңып жүр.

Тамыздың таңғы шығымен таңдай жібіткен қала торғайы да жұрттың ыңғайына шоқақтап ұшып-қонып байыз таппайды. Бұл жазғанның да базардан дәмесі бар шығар. Әлден уақытта:

– Ой, дәурен-ай! – деген дауысқа мойын бұрған. Қайырылған ешкім көрмеді. Сарысу жиналған оң аяғын еркелете бастырып жанынан бір кейуана озып барады. Жетегіндегі жас қызға арзу-арманын айтқан сыңайлы.

– Мен де сендей болғанмын, – дейді жарықтық кісі. Қасындағы  күмірә  болғыры  жыртаң  қағып  көзін жайнаңдатады. Жайнаңдатқан сайын көшенің арғы бетін тінтіп қарайды. Кеудеше мен етектің қабыспай тұрған тұсынан сығалаған жалғыз көз – кіндігі түскірі қарсы жүргіншіні көздейді.

– Сен де мендей боларсың…

Кемпір мен қыздың қарасы батқасын ғана есін жиды. Ой теріп, уайым арқалап, шексіздіктің құшағында кетіп бара жатқан жалғыз өзі дейсің бе? Әне, бәрі де…

Баяғы Дәурен дәу қаланың бетке ұстар базарында шалбар саудалаушы еді. Арық қатынның арты әзер сыярдай ғана орынға көздің жауын алдырып, ағын, көгін, қарасын жайып…

– Жәке, сізге сұмдық жарасады…

– Тәте, құйып қойғандай екен, – деп өз тауарына өзі тамсанып бітетін.

Алушысы түскір де алуан-тын. Желпілдеген жасы, жер жетектеген кәрісі, сүйріктей сұңғағы, мимырт басқан мықыры, шілаяқ сидаңы, балпаң қаққан бөкселісі… Ақшаның бет-жүзіне қарамас сахиы, теңгенің мөрін жылап жалайтын сараңы… Ой-дөйт дерсің!

Десе де, қалтаға құйылған тиынның сыңғыры жиылып кеп бұйра бас, ақсары өңді, ашаң, әдемі жігіттің пәтер жалдауына да, назқоңыр нәпақасына да, Жарбай ауылындағы жалғыз шешесіне де жетіп-артылатын.

Шалының қара шаңырағын жықпаймын деп төрттағандап отырған кейуананы айына бір барып сүйсіндіріп, ас-суын қамдап кететін.

Қайтарда:   «Құлыным-ау»,   –   деп   қасқа   жолдың бойына дейін шығарып салғанда көлбеңдеген кең көйлегінің етегіне алтын шуақ үйіріліп, өзімен бірге жан тыныштығын, қанағат пен иманды қоса-қабат алып қалғандай болатын.

Бұл қалаға кіре жанталасы басып алқын-жұлқын беймаза өмірге сіңіп жүре берер-ді. Жанын бірге саудалаған  бұл  ұйыққа  түспес  еді…  Әлимасы  бар ғой. Кәдімгі базардың кіреберісінде су сататын, екі қасының нақ ортасында тарыдай ғана меңі бар қыз ше. Иә, иә, сол! Әр шалбарды өткізген сайын кеп су ішетін.

– Кербаланың шөлінен келдіңіз бе? – деді бірде ұяң жымиып.

– Жоқ, кең балақ, тар балақтың сорынан жеттім.

Сыңғыр етіп күліп жіберген. Жай күлкі емес, шыны ыдыс сынып, ауаға тарап кеткендей. Содан бастап су емес, сынған ыдыстың құлағыңды қуантар дыбысын іздейтін. Сыңғыр! Әне, көзге көрінбей шашырап барады.

Аға-жеңгенің қолына қарап қалған жетім нарша екен. Жүзінде сәбилік пәктік ұйып, үркектеу жанарының түбінен ылғи да бір үміт сығалайтын. Құмары қанбай ішкен мұның кәусар күлкісін сол шығар үзбей- жұлмай аман алып қалған.

– Күзге салым той жасаймыз, – дескен. Жарбайдағы жалғыз шешені қолға көшіріп аламыз, – дескен. Тек, әттең…

– Көне зиратты тегістеп жіберіп, үстіне мына «Неке сарайын» салды. Алда көктемегірлер-ай! – деген таныс дауысқа қараған.

Сарысу жиналған оң аяғын еркелетіп басатын кейуана екен. Бусанып алыпты, жауырыны бүлкіл қағады.

– Бүгін неке қидырғандар сұмдық көп.

Елге жалғыз көз кіндігін көрсетіп келе жатқан қыз «сұмдық» деген сөзді айызы қанып, сағызша созып айтты.

– Е, мал семірді. Жеміс-жидек пісті. Жұрттың күйегі түспегенде қайтеді?

Жетектегі қызды қаралай желік кеулеп көтеріліп басылды.

– Өй, осы күнгі жастарда бәтуа жоқ. Түнде берген уәдеден таң алды тайып шығады… Тас лақтырым жердегі базары түскір жеткізбеді ғой.

Жолай дүкен біткенді сығалап, алды-артын орап жүргізбеуін көрдің бе қақбастың!..

…Тек, әттең!

Күнделікті шалбар саудасы қызған тұста:

– Базар қожасы шақырып жатыр. Тез жет! – деген хабар алған. Аң-таң боп тұрып қалыпты. Бетінің ұшынан қаны тамған, көк көз жігіт ағасын ілеуде бір көріп қалатын. Аста-төк байлығын базардың бүкіл қатын-қалашы аузының суын тамызып айтып тауыса алмаған.

– Несін айтасың, костюмін күніне екі мәрте ауыстырады.

–   Қасқа-ау,   айтып   тұрған   көйлек-дамбалың   не, құрығанда аптасына бір жаңа машина мініп шығады.

– Әйеліне Парижден вилла сатып әперіпті. Онысы басқа иіссуды менсінбей, тек «Шанельге» шомылатын көрінеді.

– Жалғыз қызы бар. «Джиптен» түспейді. Отырып қалған, отырып.

– Ойбай, отырып бай таңдайды да. Жүзіқара-ау, сені мен мен дейсің бе?

– Пішту, негрге күйеуге шығып, тайпа көсемімен таласып, шетелден қуылып келсе көрер ем отырмағанын. Отырады! – десіп шулағанда араның ұясындай жерді азан-қазан ғып жіберетін. Тіпті бір-бірін сөзден жыға алмай, жағаласып кетуге бар.

Сол пышағы майдан кеппеген базар қожасы мұның қай қызметіне зәру боп қапты? Келімсек көп, оймақтай орнымнан айырылып қалмасам деп зәре-құты ұшқан. Шешесі де әр барған сайын: «Құлыным, тым биікке шыққанға сенбе!» – деп зарлап қалатын. Шалбар саудалаған бақалшы ұлы тап бір төре үйлердің төрін бермей жүргендей.

(Жалғасы)

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: sail.hnist.cn

M. Auelkhan