Әлішер Рахат. Аспанда қалқыған терек мамықтары #соңы

Әлішер Рахат. Аспанда қалқыған терек мамықтары #соңы

Басы

2-бөлім

3-бөлім

 

ΘΘΘΘΘ

Одан кейін Жақсылықты көргені кеше. Газ плитасына шай қойып, Әли досын үстелге жайғастырды. Тоңазытқыштан май, тосап сияқтыларды алып, үстел жасап жатып:

– Келін қалай? – деген болатын.

– Зарина ма?

– Енді?

– Ой...

– Не болды? – Ол Жақсылыққа қарсы қарап орындыққа отырды.

– Ештеңе. Не көп – қыз көп, әкесінің...

– Ренжісіп қалдыңдар ма?

– Біз – еркекпіз ғой: бір қызбен шектеліп қалмауымыз керек, – деп, қыздардан жоғары тұратынына риза болғандай мақтана айтты. Әли оның жауабына қанағаттанбай, күлмей, әлі қарап тұрған соң қалжыңсыз, көңілсіз сөйледі. – Оған айтқам жоқ әлі.

– Хабарласпай ма?

– Алмай жүрмін. Ренжітіп алсам, кешірші, анау мынау деп хабарлама жазып жіберген соң «Сабақтан қолым тимей жүр», – деп хабарлама жібергем. Одан бері сөйлескеніміз жоқ. – Әли үнсіз шай дайындады. Жақсылық оқуды бітіріп ауылға барып жұмыс істеу керектігін, бір-екі айдан соң қалаға қайта келіп, ақша тауып, киім алатындығын айтып жатты, бірақ Әли оның әңгімесіне қосылмағандықтан, сөйлеп-сөйлеп ол да доғарды.

– Жүргендеріңе біраз болды, иә? – деді Әли шай құйып жатып.

– Үш ай ғо. ...негізі қатын болатын қыз еді...

– Соны айтам...

– Бірақ ол «мен оны әйелдікке алатыныма» күмәнданды да... «Үйленбей қалуымыз да мүмкін ғой», – деді ғой маған. Сосын ойланып қалдым: «Ол сонда менсіз өмір сүруге де дайын ба...», – деп. Иә, әрине, бәрін бір Құдай біледі ғой. Бірақ... Бәрібір Құдай біледі ғой... – Құдайдан ары кете алмай, өз сөзіне өзі қалай қарсы шыққанын да түсінбей қалды.

«Сонда да ол сен үшін барлығына дерлік көніп келді ғой. Сол жетпей ме?», – деп сұрағысы келді Әлидің. Бірақ Жақсылық досы ғой: оныкі – рас. Сондықтан басын изеп қойды.

– Сен онымен жақсы араластың ғой, – деді Жақсылық бұйымтайдың ұшын шығарып. – Өзің сөйлесші...

– Қайта қосыла алмайсыңдар ма?

– Бет жоқ... Оның алдында сондай дәрменсіз, бейшара боп қалғаным үшін өзімді жек көрем...

Жақсылық екеуі компьютердің ішіне кіріп кетердей ойын ойнаса да, шай ішсе де, отырса да, тұрса да санасының түкпірінде бір нүкте сигнал беріп тұрып алды. «Заринаны басқа біреудің құшағынан көрем бе?», – деген қорқыныш сияқты қызғаныш пен қимастық пайда болды. Сондай қызды қалай... Заринаны қатты аяды. Көз алдына оның жылап тұрған бейнесі елестеп, жаны ашып кетеді. Оны ешқайда жібергісі, ешкімге бергісі жоқ. Оның қасынан басқаны көргісі келмейді. Сол күні Заринаны көп ойлағандықтан болар оны түсінде көруі.

ΘΘΘΘΘ

Жұқа бұлттар көк түске сіңіп барады. Күн көпір мен арнаның ортасында қызарып тұр. Қорқақ теректің мамықтары әлсіз самал желдің дегеніне көніп, былай, біресе былай қалқиды. Анау көпір мен скамейканың арт жағындағы жолдан көліктер зуылдап өтуде. Пипілдетіп қояды кейбіреуі.

– Келдің бе? – деді Әли шырылдаған ұялы телефонын қалтасынан ала сап. –Мосттың астына түсіп, жоғары жүре бер. Скамейкада отырмын.

Әлден соң анадай жақтан бері келе жатқан Заринаны көзі шалды. Әли көргенде аяушылық сезімі оянды. Зарина ештеңеден бейхабар. Өзімен-өзі томпиып алып жүре береді. Артық сөзі жоқ...  «Ең жақсы көретін қайнысы» қандай себеппен шақырғанын ойлап келе жатқан болар... Байғұс қыз...

Самал жел ақырын ебімен үп еткен шақта Әлидің кеудесін бостандыққа ұмтылу, бәрінен құтылу іспеттес бір сезім биледі; басын жоғары шалқайтып, жұқа бұлттан арылған аспанды, оның бергі шетінде қалқыған терек мамықтарын көрді де, аспанға қарай ұшып кеткісі кеп, рахаттана көзін жұмды.

09.06.2013

3:20

Автор (жолдаған): Әлішер Рахат

Дайындаған: Ернұр Серік

сурет: fotki.yandex.ru

Е. Қайрахан