Әлішер Рахат. Аспанда қалқыған терек мамықтары #2

Әлішер Рахат. Аспанда қалқыған терек мамықтары #2

Басы

ΘΘΘΘΘ

Жақсылық – Әлидің ауылдасы, досы, сыныптасы. Әйтеуір, Заринаны қалай кезіктіргені Әлиге беймәлім. Достардың басы қосылған сайын, отырыс сайын Жақсылық Заринаны ертіп әкелетін. Бірде-бір қыз жоқ, аузына келгенді оттайтын өңшең жігіттер жиналса да, Жақсылықпен еріп келеді. Достардың қай үйде бастары қосылса да, сол үйде тамақ дайындап, шай беріп, төсек салып, ыдыс жуып кететін сол – Зарина еді. Төзімділігі, көнгіштігі Әлиді қайран қалдыратын. Заринаның Жақсылықпен достарының көзінше сүйісіп, құшақтаса  беретінінен-ақ Әли Заринаның досына шын ғашық екенін білетін.

Жұрттың көзінше құшақтасу да, сүйісу де оңай емес. Ондай уақытта жеке басың мен сүйіктіңнің қалауы арасындағы отқа түсесің. Оған өзіңнің ұятың жібере ме?Бірақ ол ұятты адамдарға ғана қиынға соғады. Сүйіктісі үшін қиналады. Әсте, жеңіл, оңай іс – ешқашан абырой әпермейді.

Жақсылық пен Әлидің достығын білетін Зарина Әлиді басқаларынан гөрі жақын тартып, отырыс сайын соның қарны тоқ болуын қадағалап, қасық-шанышқысын әкеп, таза ыдысын алдына қоятын. Кейде өзінің құрбыларын жарнамалап беретін. Отырыстарда Әлимен қатар отыра қалса, ұялы телефонынан жанұясының фотосуреттерін көрсетіп, таныстырып, қайсысының не істеп жүргендерін айтып беретін. Мұның өзі Заринаның Әлиді ерекше сыйлағандығы. Заринаға деген оның сезімі бөлектеу еді: қарындасы сияқты ма, достық па, әйтеуір оны көргенде іші жылитын.

Бір отырыста Әли Заринаны вальске шақырған. Билеп жүріп құлағына:

– Мен сізді қатты сыйлаймын! – дегені бар. Одан кейін Зарина оған мүлдем жақсы қарайтын болды. Анда-санда өзі хабарласып халін сұрап, құрбыларымен «менің ең жақсы көретін қайным» деп таныстыратын болды. Шынымен де, Заринаның мерейі барлық қыздардан үстем көрінеді. «Жақсылықпен тезірек үйленіп кетсе екен», – деп тілейтін, тіпті. Зарина екеуінің сыйластығы мен Жақсылыққа деген достығы ұштасып, екеуінің қосылуын тілетеді. Соны қалайды.

Әли шашын үнемі тікірейтіп алып, киімді жиі ауыстыратын, қолына сағат, сақина таққанды ұнататын – сәнқой жігіт. Сондықтан да оның қыздары көп болды. Бірақ ол көп қыздың ешқайсысын шын жақсы көріп, ынтызар боп көрген емес және оның себебі: оған кезіккен қыздардың бәрі алдымен өзін ойлайтын боп шығады. «Маған бәрібір, мейлің»,– дегендерді де кездестірді, алайда Әли оларды өзіне лайық санамайтын, өйткені ол өзі арақ ішіп, шылым шекпейтін. «Маған басқалардың көзінше құшақтасып, қол ұстасу біртүрлі сияқты. Өзімді ыңғайсыз сезінемін. Ұяламын», – деген тәрбиелі қыздар да болды. Сонда да, Әли олардың ешқайсысын таңдамады. Оңашада бір-екі рет сүйіп алатын-дағы, ертесінде-ақ өзгеріп шыға келетін. Әдемірек қыздармен оңаша қалса, «Cені сүйем, сені сүйем», – деп сендіріп тастайтын. Дәл сондай сәттерде оның бетпердесі қалыңдайтын-дағы, актерлік шеберлігі арта түсетін. «Егер де мені шын жақсы көрсе, бәрібір болатын еді ғой. Ештеңеден тайынбас еді», – деп ойлайтын ол. Он сегізінде Әли дәл сондай сезімнің дәмін татқан. Мектепті бітіріп қалаға келгенде Ботагөз есімді мектеп жасындағы, өзінен бір жас кіші қызға ғашық болған. Ботагөз кел деген уақытта жетіп баратын. Ботагөздің де тарапынан сүйіспеншілік бар еді: үй-ішінің ұрысқанына, қой дегеніне қарамай кездесуге шығатын. Сол үшін де Әли оған сенген. Бірақ, онысы – бойжеткеннің балалығы ма, әлде сезімге берік шағы ма, белгісіз боп қала берді. Есейіп ақыл кірді ме, бәлкім, көңілі суып, ойы өзгерді ме, түсініксіз, әйтеуір ол кездесуге шыға алмайтын «әдепті» қызға айналды. Сөйте-сөйте аралары суыды. Әншейінде телефон соға беретін Ботагөз жоқ, тіпті, хабарласса да тұтқаны көтермейтін, «өзінше» боп кетті. Сорлы сезім оны бейшара халге бір-ақ түсірген: Ботагөзді ойлап, көңілі құлазып, жалғызсырап, оған: «Кездесейікші»,-деп жалынып... Аи-и-и... Қазір сол шақты есіне алса, күлкісі кеп, өз-өзін жек көре бастайды. «Қыз үшін соншама терлеп...». Осыдан соң, Әлиде қыздарға сенімсіздік, оларды бағаламау, «махаббат – уақытқа тиесілі» деген сықылды түйсіктер пайда болды. Он сегіз жасындағы сол сезімнің қасында жиырма жастағы біртүрлі өмірді салыстыруға келмейді. Бұрын ол қыздарды лас іске қимайтын...

Жақсылық екеуі осы тақырыпта көп әңгімелесетін. Әңгімеде екеуінің ойы бір жерден шығып жататынынан-ақ, олардың бұғанға дейінгі бір-бірінің әңгімесінен, сырларынан, ойларынан қалыптастырған ортақ көзқарастары бар екені аңғарылады.

Жалғасы бар

Автор (жолдаған): Әлішер Рахат

Дайындаған: Ернұр Серік

сурет: mota.ru

 

Е. Қайрахан