"Менің досым" жыр бәйгесінде топ жарған тоғыз өлең #2

"Менің досым" жыр бәйгесінде топ жарған тоғыз өлең #2

БАСЫ

Кеше ғана қазақстандық софтверлiк компаниялар қауымдастығының ұйымдастыруымен өткен жас ақындар арасындағы "Менің Досым" Халықаралық поэзия байқауының жүлдегерлері анықталған болатын.

Байқау қорытындысынан соң тоғыз өлеңнің авторына 9 Планшет, жиырма бес өлеңнің авторына Ақберен Елгезек пен Ерлан Жүністің 25 Туинбугі (егіз кітап) берілді.

Назарларыңызға жеңімпаз атанған тоғыз ақынның туындыларын ұсынамыз:

Нұртас Тұрғанбекұлы

Достық

Біреулер мұңын, біреулер жүгін көп артты,

Дос болды біреу, біреулер досын жоғалтты.

Шашылып жатқан тарыдай ғана тірлікте,

Сойылмен соқты жоқшылық байлап жомартты.

 

Менде біреуге, біреулер маған дос еді,

Өшірді бәрін өткен күндердің өсегі.

Кімнің қаларын, кімдердің алыс кетерін,

Уақыт дейтұғын алыптың күші шешеді.

 

Шынайы көңіл көрсетеді екен кімге кім?!

Сыйлар ақынмын күндізге күлкі, түнге мұң.

Доспын деп келіп дарға астыратын заманда,

Кімдерге сену керектігін де білмедім.

 

Дос болып келіп бауыр боп кетші серігім,

Өлкеге жетсін өзің арқылы өр үнім.

Көңілшек күннің көз жасын төгіп алсам да,

Мен саған сеніп өтейін енді – ӨМІРІМ!

Шерхан Талап

***

Өзге қала. Өзге адамдар. Өзге мұң.

Өзге жұрттан өзге ештеңе сезбедім.

Қайтқан құстар – сағыныштың сәлемі,

Жүрегіме көшіп алды тез менің.

 

Туған жерге мені бір күш тарта ма?

Құстар, құстар! Хабар берші қалқама!

Көз алдымда күңгірт тартып барады,

Асылансыз, «Алдавайсыз» Анкара.

 

Жан таба алмай жайып салар жан мұңын,

Анкараның түндерінде қаңғыдым …

Көп ішінен көз сүзеді бір ару –

Маңдайыма жазылмаған тағдырым…

 

О, гөзәлім, ең тәкаппар, ең көркем,

Қазақтығым азап-мұңын жеңді ерте…

Елбең қағып кетем бір күн еліме,

Естелікке айналасың сен де ертең.

 

Бәрі жалған, бәрі өткінші, өтпелі.

Оған бола жазғырмашы тек мені.

Мені аңсатқан – гүл бейнелі сары қыз,

Және сосын Алматының көктемі…

 

Солай, жаным, кінәлауға бар хақың,

Жүрегімде өшпестей боп қалды атың.

Мені алдымда күтеді һәм күтпейді,

Қасиетті, қасіретті Алматым.

Аслан Тілегенов

***

Күнбатыстан билеп берді боз құмдар,

сағым биін — бір әуеннің от демі.

Көз көруге тиіс мұнда мезгіл бар,

Алатаудың жыл сайынғы көктемі.

 

Санамағын отыр айтып календар,

Бетін сызбай, жапырақпен жер сыздым…

Алматыда — көктем.., сосын өлең бар,

Бар және бір шерлі және Шерсіз күн.

 

Көз ұшында, ой ішінде жол егіз.

Жаны ауырған жаралы һәм қаралы.

Ертеңдерге енді қайтіп береміз?!

Ертай шалдан алып қалған қаланы

 

және қайсы жанымызды енді емдер,

Көңілді өлең оқылудан һәл ада.

Кеткенсіңдер, енді қайтіп келмеңдер,

Әділі мен Әмірі жоқ қалаға.

 

Запырандап жатыр солай замана,

Қасіретке айналдырып уақытты әр.

Ә(ә)ділі мен Ә(ә)мірі жоқ қалада,

Шляпасын теріс киген Б(б)ақыт бар.

 

Өлімсіреп келген үміт бар дәті,

Желге қосып ыңылдайды әуенді.

Көзсіз арман жеткізген бұл — Алматы!

Армандапсың, алданыңдар, ал енді…

Айбол Исламғалиев

***

Мына көктем соншама аңғал болар ма ед?!

Мына дала қайғылы әнге сала ма?

Хақым жоқ па жыр арнауға жоқ, әлде,

Анкарадан алыс жатқан қалаға?

 

Аспан анау сұрықсыз боп барады, ә…

Жанарын да жасқа бұлап жатыр маң.

Әділі мен Әмірі жоқ қалада

Жалғыздыққа жыр оқыған ақын бар…

 

… Алатау да ақ батасын тілер бек,

Бағытымен жылжи берсе көш егер.

Біздей адал дос болғанын білер ме ед,

Орхан көкем жүріп өткен көшелер.

 

Болмас сәтті қиялдайтын түсті орай,

Көп үміттің тереңіне батар ма ем?!

Қадірді айтып қағысар ма ек біз солай,

Ататүрік шарап ішкен бокалмен?

 

Білем пана бола алмайды жат арба,

Құрметтеген танытады құлық тым.

… Сөйтіп бізге жігіт жоқтай жаһанда,

Арулары таласар ма ед Түріктің?

 

Оғаш кетсем, қылығымды қостар кім,

Басқан жолдың байыбына бардым ба?

Бас изер ме ед сардарлары Османның,

Өр ғұндардың ұрпағының алдында?

 

Түн ауғанда бөрі даусы асқынар,

Естіле ме, мендік аңсар бар сонда?

Ол өлкеде ақын аз дейд, рас шығар,

Әй, шаруам қанша онда?!

 

Сағынышым сорлы күнге тап келген,

Жалқы өмірдің жетегінен ұстармын.

Қанатына айналар ма ем, әттең, мен,

Сәлемімді жеткізбеген құстардың.

 

Зәру емес бір ақынға «бұл тобыр»,

Сөзбен серік емес едім, қысыр, кем.

Қырға тартып кетсем бе екен "қырт өмір",

«Алдавайда» ішпегенім үшін мен?!..

Қайрат Сейтқазин

Досым

Мұң кештірген заман-ай, Осындайда...

Осындайда, Құдай-ау, досың қайда?

Көл боп кеткен көңілге демеу болып,

Сағыныштың сазына қосылмай ма?

Келе жатқан кезінде көшің дара,

Көшің дара болғанда - төсің дала!

Ондай сәтте беті де бүлк етпестен,

Айтып, айтып тастайтын досың ғана!

Дауыл тұрса жер-көкті еледі ме,

Оған салса қайыңы, терегі не?

Қиын-қыстау шақтарда бұтағымды,

Қиып алып жаратсын керегіне!

Тағдырыңның лақтырар тасы бекем,

Достық десе, кей жанның хошы бөтен.

Осы күнге дейін де ойламаппын,

Менің досым біреудің досы ма екен?

... Достар керек! Достарсыз заман қайғы,

Жағдайыңа, көңіліңе алаңдайды.

Күнде күліп, жарқылдап, сырын бүгіп,

Жүретіндер досыңа саналмайды!

Қара бұлтын сейілтіп, Жойғанда аспан,

Маған ғана көрсетер айлаң - дастан!

"Дос деген кім?"- деп менен сұраса егер,

"Өмірім!" - деп айтар ем ойланбастан!

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: adebiportal.kz

Е. Қайрахан