- Негізгі бет
- Поэзия
- "Менің досым" жыр...
"Менің досым" жыр бәйгесінде топ жарған тоғыз өлең #1
Кеше ғана қазақстандық софтверлiк компаниялар қауымдастығының ұйымдастыруымен өткен жас ақындар арасындағы "Менің Досым" Халықаралық поэзия байқауының жүлдегерлері анықталған болатын.
Байқау қорытындысынан соң тоғыз өлеңнің авторына 9 Планшет, жиырма бес өлеңнің авторына Ақберен Елгезек пен Ерлан Жүністің 25 Туинбугі (егіз кітап) берілді.
Назарларыңызға жеңімпаз атанған тоғыз ақынның туындыларын ұсынамыз:
Жақсылық Қазымұратұлы
Қазына
Мен де өзіңдей пәк достар жинап жүрмін,
Салмағы, жерді қойшы, аспанға ауыр!
Әріби-Әрібек Дауыл
Сен Алтайды қалдырдың, мен Жоңғарды,
Кеудемізде аңсаудың кермек дәмі.
Жырлай-жырлай тауыса алмай туған жерді,
Айыға алмай өтерміз шерден мәңгі.
Ақын едің, өзгеге жұмбақ жаны,
Дауыл ұрып кеудені күн қақтады.
Мен кетерде, құба құм қимай жылап,
Сен кетерде, Өр Алтай шулап қалды.
Өкінбейміз, өтіп ек ойнап-күліп,
Жолға аттандық, өлеңнен сайлап күлік.
Қанша аруды армансыз құшып сүйдік,
Қанша асауды үйретіп жайдақ мініп.
Жүректерге ақ шабыт бермей тыным,
Жанымызды тым асқақ тербейтін үн.
Жанарларға мөлтілдеп жас үйірілер,
Сол күндердің ойласақ келмейтінін.
Аңсасақ та әрнені тұспал құра,
Не сыйлайды дүние мысқал мына.
Енді екеуміз қуанып қарсы аламыз,
Туған жерден оралған құстарды да.
Бұрау салып, мұқалтпай мысын ердің,
Жанымыздың жарасын түсінер кім?
Сен Алтайдың құзынан құлап өлші,
Мен Жоңғарды келеді құшып өлгім.
Өрібаев Аян
Жиырма жас – жиырма өлең
(Досым марқұм ақын Еражат Мұхаметқанұлының рухына)
Зырлатып машинаның дөңгелегін,
Сағынып туған елге мен келемін!
Е. Мұхаметқанұлы
Аза неге арылмайды осы елден?..
Аңырайды аңызақ жел көшемнен.
Ақынынан ел қаралы көз жазған,
Жақынымнан мен жаралы Досы өлген.
Жанын ұғып
Жақын тіккен қосымды
Жиі еске алам сол оралман досымды.
(Қара қытай қаптаған жоқ біз жақта
Қара қазақ түземесе көшіңді).
Толағайдай толғанысы зілмауыр.
Құйындаған құлын жырға тынды ауыл.
Қазыналы қарияның сөзімен,
Қара өлеңге көшіп келген бір дәуір.
Серілігі сетер еді дүлдүлім.
Сағындым ғой, бұлбұлын-ай бұлбұлын.
Жүрегімді жұлмалаған ән қалды,
«Мың күніме тең екен-ау бір күнім».
Туған жерге қайта келіп бүр жарған.
Жас өрімді жалмап кетті сұм жалған.
Домбыраңның қоңыр үнін сағындым,
Баба шерін балбыратқан тілмаржан.
Көкке ұмтылған тарлан жырдың таулығы,
Мөлдіреген пәк сезімнің зарлығы.
Саңқылдайды сахнасында ойымның,
«Жиырма жас – жиырма өлең» тағдыры.
Ой түбінде қап қойса да шермен боп,
Мен сенемін жұлдызы оның сөнген жоқ.
Қара жерге тапсырсам да досымды,
Достығымды көмгем жоқ!
Жиырма жас өлшемі ғой ғұмырдың,
Жиырма өлең ол мәңгілік – ұғындым.
Адал өтсем қарсы аларсың алдымнан,
Ал, әзірге дұғамдасың, Тұғырлым.
Балтабек Нұрғалиев
***
1.
Мен күткен жолаушы
Қып-қызыл қанатын қаққанда таң қызы,
Көздері қарығып, еріді кәрі қыс.
Алматы вокзалы... көңілдің наурызы,
Құшағын айқарған
Сағыныш.
Ышқынған пойыздай жүрегім жүйткіді,
Үмітім үлесті, ойларым олжалы.
Сендегі жанарда – Тірліктің түйткілі,
Бетімнен сүюге асыққан...
Жол жаны.
Келер ме сол пойыз? Күмәнсіз ынтықпын,
Мазамды алмашы, оу, әнші!
Ұлыстың көктемі... Ұлы Күн – жыр тұттым,
Сағыныш – мен күткен Жолаушы!
Әр секунд... Әр минут... Тым қымбат әр сағат.
Мұң бұлтын ағытып, жаудырмақ көз нөсер.
Білмеймін, мен Оны күтемін қанша уақ,
Әйтеуір, менімен жүректе кездесер!
Сүйдім кеп сезімді... жиілеп сәт-тыныс...
Мен дуэт құрамын демімен.
Қадалған қарашық... туғанда қақтығыс,
Мұңынан... ех, іштей ерігем.
О,Сезім!
Ол менің жалғызым,
Жан досым – жалғызым...
Көктемнің таңында оралсын.
Бәйшешек сыйлайды...
сен үшін наурызым,
Жүрекке қош келдің, Жолаушым!
2.
Маған шаттық бола қоймас сен өлсең,
Саған шаттық болар ма екен мен өлсем?
Кеудемдегі күлкі-күйді тартып ап,
Неге өмірді қызғанасың менен сен?
Анау аспан, мынау жер де мен үшін,
Анау жер де, мынау аспан сен үшін.
Табиғат та тілейді шын болсын деп
Екеуміздің арамызда келісім!
Әзәзілді жуытпайық араға,
Қате басқан Адам ата, Хауа ана.
Тар табытта тұншығамыз біз ертең,
Жүрсек бүгін таласып мол ауаға.
Қала – қырғын, даурығады... дала – шу,
Айналада айқай салған адасу.
Аспан асты адамзаттың өмірі –
Ардан аттап... ауа үшін таласу.
Айрыла алмай қара қазан өкпеден:
«Сен ауаны жұтып қойдың көп менен!»
Деп жүреміз, жеп жүреміз ұялмай,
Тілсе-дағы қан шықпайтын бетпенен!
Досы барлар жан дүниені гүл еткен,
Досы жоқтар дүниені күл еткен.
Адал болсын деп тіледім Алладан,
«Досым» деген жазу көрсем жүректен.
Ауасы да арам болар жалғыздың,
Жалғыздығы жараспайды жұлдыздың.
Қызғанышпен жұтпа, досым, ауаны,
Демімізді жаратар ма ол біздің?
Сол қызық...
3.
Досым...
Досым!
Даусың сенің шықпады-ау көптен бері,
Сағындырдың самалдай көктемдегі.
Орман-таулар... жырақ жол арамызда,
Жеткізбеді-ау жалғанның өткелдері.
Досым!
Дүниеде бармысың бұл дүрбелең,
Домбырамның үні ме ең күмбірлеген?
Көңілімді кірлетті күрең күздер,
Пәк жырымды мен, бірақ, бүлдірмегем!
Досым!
Дарқан дала секілді кең жүрегің,
Адалдықтың әніне елжіредің,
Жанарлардың ішінен жаутаңдаған,
Іздеп сені қашанда мен жүремін!
Досым!
Жырақ еттік жалғанның жол-арасын,
Құйын-өсек құтырып борағасын.
Реніш қары еріген көктемдерде,
Мен білемін... сен әлі-ақ ораласың!
Досым!
Достық сырын кеткенсің сен ұқтырып,
Салдақы жыл сенделтті-ау еліктіріп.
Сүйсем бе екен маңдайын мына өмірдің,
Жүрегімнің жырына сеніп тұрып!
Досым!
Ұмытпаған шығарсың арман әнін,
Әлі есімде сол шақтар... әр қадамың,
Күйбең тірлік кесірі арпалысқан,
Менің сені бір іздеп бармағаным!
Досым!
Тілегені табылмас талғамы аштың,
Деп едің сен: «Келермін, алдамаспын!»
Енесінен айрылған сұр қозыдай,
Жүрмісің сол ішінде қарбаластың!
Досым!
Қыран-ойлар биіктен қонар, құлап,
Сараң кетсе... өмірдің жомарты қап!
Жүрмейін мен тірліктің тұманында,
Өзің жайлы ойымды жоғалтып ап!
Тұрсынбай Ақгүл
Сырласу
Жұбанышы жабырқаған жанымның,
Куәгері қамсыз бала шағымның,
Естелігі ескірмейтін күндердің –
Құрбым, сені сағындым...
Көкіректі қимастық пен мұң басып,
Қияға ұштың, бағыңды іздеп қырды асып.
Аяулы жар, аппақ келін... Құрбым-ау,
Алайықшы сырласып.
Көрші бақтан ұрланып жеп қарамық,
Шәуілдеген күшігіне таланып,
«Апата-а-айлап» үйге қарай зулаған
Есіңде ме балалық?
Жүгіруші ек, жүйрік желмен жарысып,
Көк шыбықты сәйгүлік қып шабысып.
Сүрлеу жолдан бір дүбірлеп өткенде,
Бұрқырайтын шаңы ұшып.
Бірге ойнап, бірге күлдік, бір өстік,
Тайталасып, ер балаша күрестік.
Әпкелерге еліктеумен бой түзеп,
Іздеріне ілестік.
Жұбымызды ажыратпай бір елі,
Өмір өзі бізге «Достық» тіледі.
Екі тәнде ғұмыр кешкен бір жандай
Бірге жүрдік үнемі.
Өзегімді өртегенде тылсым мұң,
Мен мұңайсам – сен қамығып, күрсіндің.
Фәнидегі шын достықтың қадірін
Сен арқылы түсіндім.
Жанарымда мөлдіресе лағыл мұң,
«Жылама»,-деп әлек болып, жалындың.
«Жанымды ұғар жан барына шүкір»,-деп,
Жаратқанға табындым.
...Ғашық болып түнгі жұлдыз-шамдарға,
Сыбырласып, таңды жалғап таңдарға,
Айтқызбай-ақ ұғынатын сырымды
Асыл құрбым!
Дәл өзіңдей алтын жүрек жан бар ма?
Дайындаған: Нұржігіт Айдархан
Сурет: adebiportal.kz
Н. Айдархан