"Сен қай кітаптарды оқығаныңды айтшы, мен сенің кім екеніңді айтып берейін"

"Сен қай кітаптарды оқығаныңды айтшы, мен сенің кім екеніңді айтып берейін"

23 сәуір – әлемдік әдебиет үшін ерекше күн. Себебі, бұл күні Бүкіләлемдік кітап және авторлық құқық күні (World Book and Copyright Day) атап өтіледі. Неге дәл осы күні дейсіз бе? 1616 жылы сәуірдің жиырма үшінші жұлдызында  М.Сервантес, У.Шекспир және Инка Гарсиласо де ла Вега сынды тұлғалар қайтыс болған. Сондай-ақ, Морис Дрюон, Хальдоур Лакснесс, Дж.Пла және Мануэль Мехиа Вальехо атты авторлардың туылған немесе дүние салған күндері саналады. 1995 жылы Париж қаласында өткен ЮНЕСКО-ның Бас конференциясында осы күнді кітап пен оның авторларына арнау туралы шешім қабылданды. Күннің басты мақсаты – адамдарды, әсіресе жастарды кітап оқуға шақыру, одан ләззат алуға баулу және адамзаттың мәдени және әлеуметтік өрлеуіне үлес қосқан авторларды құрметтеу, есімдерін ұлықтау.

Ә.Науаи айтқандай: "Кітап – ақылына ақы сұрамайтын алтын қазына". Біз кітап арқылы білімге ғана жол ашпаймыз, жаңа идеяларға кілт табамыз, рухани және материалдық құндылықтарға қол жеткіземіз, сұлулықты түсінеміз.

Соңғы кездері қоғамда "әлемдік кітап астанасы" деген ұғым қалыптасты. Әрбір жыл сайын, әр түрлі сынақтардан кейін әлемнің бір қаласы "кітап астанасы" деген атты жеңіп алып жүр. Осыған дейін бұл атақты иемденген қалалар: Мадрид (Испания), Александрия (Египет), Нью-Дели (Үндістан), Монреаль (Канада), Богота (Колумбия), Бейрут (Ливан), Любляна (Словения), Буэнос Айрес (Аргентина), Ереван (Армения), Бангкок (Таиланд)... 2014 жылғы "әлемдік кітап астанасы" ретінде Порт-Харкорт (Нигерия) қаласы танылды. 

Бұл күні әлемнің түкпір-түкпірінде әртүрлі кітап көрмелері мен жәрмеңкелері, акциялар, конкурстар өтеді.

Massaget.kz порталы осыған дейін оқырмандарына кітап туралы жүздеген материал ұсынып үлгеріпті. Айтулы мереке қарсаңында бұл дәстүрді жалғастырып, кітап туралы афоризмдердің топтамасын жасадық.

Кітап аяулы досы бола бастаған шақтан былай ғана әрбір жан өзін интеллигент бола бастадым деп санауына болады. М. Әуезов

Артық ғылым кітапта

Ерінбей оқып көруге. А. Құнанбаев

Кітап – өмір ұстазы. Сондықтан, жастар кітап оқуды күнделікті әдет қылуы тиіс. Кітап оқымай өмірді білу, білім алу мүмкін емес. С. Қожамқұлов

Өзіңді-өзің тану үшін кітап керек. Өзгені де тану үшін кітап керек. Р. Ғамзатов

Кітап – үйдің ашулы тұрған терезесі. Р. Ғамзатов

Кітап – адамзат ақыл ойының інжу-маржанын бойына жинайды да, оларды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізеді, біз бір уыс күл топыраққа айналамыз, ал кітаптар дәл бір темір мен тастан қашалып жасалған ескерткіштердей ғасырлар бойына сақталады. М. Айбек

Кітап жинай берген мұрат емес, оқыған мұрат. Плутарх

Кітапты мөлшерлеп оқып, өлшеммен үйреніңдер, көбірек толғаныңыздар – ұстаздардан да, кітаптардан да қажеттісі деп қалағандарыңды ала біліңдер. Л. Толстой

Жақсы кітапты алғаш оқығанда жаңа дос тапқандай боласың, осы кітапты қайталап оқу – ескі досыңды тағы да кездестіргенмен бірдей. М. Вольтер

Келешектің бақыты мен құдіретті күші жолында адамзат жаратқан күллі кереметтердің ең күрделі де ұлы кереметі кітап бола алады. М. Горький

Кітапты сүйіңдер! Ол сендердің өмірлеріңді жеңілдетеді. Ол сендерге адамды және өздеріңді қадірлеуді үйретеді. Ол ақыл-ойыңды, жүрегіңді, дүниеге, адамға деген махаббат сезіміне бөлейді. М. Горький

Егер мен байысам, тек қана кітап сатып алар едім. М. Горький

Өз бойымдағы барлық ең жақсы қасиеттерім үшін кітапқа қарыздармын. М. Горький

Қайсыбір жақсы кітапты оқып шығып, өз өмірінің жаңа дәуірін ашқан адамдар қаншама! Г. Торо



Алдымен таңдаулы кітапты оқыңдар, әйтпесе оларды мүлде оқи алмай қаласыңдар. Г. Торо

Кітаптарды түрмедегідей жабық ұстауға болмайды, олар кітапханадан зердеге сөзсіз көшіп отыруы тиіс. Ф. Петрарка

Кітап оқудан тиылсақ, ой ойлаудан да тиылар едік. Д. Дидро

Аз-аздап бетін ашып қоя салатын да, аяғына жеткенше бас алмастан оқып шығатын да кітаптар бар, бірақ, көңілді үйіріп, көкірекке тоқуға татырлықтай кітаптар некен саяқ болады. Ф. Бэкон

Кітап оқымай, ой қызметін нәтижесіз өткізген күн – бекерге өмір сүрген күн. В. Сухомлинский

Жақсы кітап – жақсы қоғам тәрізді. Сен қай кітаптарды оқығаныңды айтшы, мен сенің кім екеніңді айтып берейін. Н. Пирогов

Кітаптың міндеті – өмірдің орнына жүру емес, өмірді түсінуді жеңілдету, тездету.

Кітап – мұхит, сол мұхиттан не терең?

Мен біліммен ылғи дос боп өтер ем! А. Тычина

Кітап оқудан артық ермек жоқ және одан гөрі ұзақ рақат та жоқ. М. Монтень

Өмір тыс қысқа, бос сағаттар тым аз, сондықтан біз олардың бірде-бірін құны шамалы кітаптарды оқуға шығындамауға тиіспіз. Д. Рескин

Кітап ғасырларға сапар шеккен ақыл ескерткіші. У. Дэвенант

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: butanol.diary.ru 

Оқи отырыңыз:

Кітап – білім қазынасы

Кітап оқудың денсаулыққа пайдасы зор

Кітап оқу – ақыл тынысы

Кітап оқуға қызығушылық арттыру жолдары

Кітапты жылдам оқудың тиімді әдісі

Әрбір қыз баласы оқуы тиіс кітаптар

Әрбір ер азамат оқуы тиіс кітаптар

Әлемдегі ең қымбат кітаптар

Ұйықтар алдында оқитын кітаптар