Массагет бәйгесі. iPad өз иесін күтеді!

Массагет бәйгесі. iPad өз иесін күтеді!

Бүгін футболдан Әлем Чемпионатының топтық кезеңіндегі екінші кездесулер жалғасын табады. Сонымен қатар, Massaget.kz порталы жариялаған болжамдар бәйгесі жалғасады. 

«А» тобынан бір құраманың плей-офф кезеңіне өтетіндігі екінші ойыннан кейін белгілі бола ма деп күткен едік. Бірақ, Бразилия мен Мексика тең ойнады. Бүгін бұл топта алғашқы кездесулерінде жеңіліс тапқан Хорватия мен Камерун кездеседі. «В» тобында Испания Чилимен кездессе, Нидерланды Аустралиямен плей-офф жолдамасын сарапқа салатын болады. Енді ойындарға шолуымызды ұсынамыз.

Нидерланды vs Аустралия

Бүгінгі ойын "В" тобындағы Аустралия мен Нидерланды құрамаларының кездесуімен басталады. Нидерланды құрамасы алғашқы ойында испаниялықтарды тас-талқан етіп жеңіп, барша жанкүйерлердің назарын өзіне аударған болатын. Қызғалдақты елдің өкілдері биылғы чемпионатқа төрт жыл бұрынғы атағын қорғауға келген «Қызыл фурияны» осынша ірі есеппен (5:1) жеңеді деп ешкім ойламаса керек. Алайда Ван Гал шәкірттері өздеріне жүктелген тапсырманы артығымен орындады. Осылайша нидерландықтар биылғы біріншіліктің бас жүлдесінен бірден-бір үміткер команда екенін көрсете түскендей. Нидерланды құрамасының Аустралияға қарсы қандай тактика ұстанатыны әзірге белгісіз. Бас бапкер Ван Гал Испания құрамасына қарсы «тики-така» тактикасын алып шыққан болатын. Ал, алғашқы ойында ұпайсыз қалған Аустралия құрамасы үшін бүгін соңғы мүмкіндік. Егер олар үйлеріне ерте қайтқысы келмесе бүгін аянбай күресуі керек. Аустралия құрамасы бірінші ойында Санчес пен Видаль бастаған Чили құрамасына 3:1 есебімен жол берген еді.

Аустралия (шығуы мүмкін құрам): Райан – Макгован, Уилкинсон, Спиранович, Дэвидсон – Йединак, Миллиган, Оар, Брешиано, Леки – Кэххил

Нидерланды (шығуы мүмкін құрам): Силлессен – Блинд, Мартинс Инди, Де Врей, Янмаат – Класи, Де Йонг, Роббен, Снайдер, Де Гузман – Ван Перси

Енді  екі құрама арасындағы соңғы статистикаға назар аударып көрейік.


- Бүгін Нидерланды мен Аустралияның Әлем чемпионаты аясында алғашқы кездесуі ойналады.

- Нидерланды мен Аустралия бұған дейін үш мәрте жолыққан. Олардың ең соңғы ойыны 2009 жылдың қазан айында тең есеппен (0:0) аяқталған.

- «Қызғалдақты елдің» құрамасы сапынан іріктеу кезеңінде Робин ван Перси 11 гол соғып, үздік сұрмергендер қатарынан көрінді.

- Нидерланды әлем чемпионатындағы соңғы 25 кездесуінің 23-де жеңіске жеткен (Іріктеуді қоса есептегенде).

- Нидерланды құрамасы Әлем чемпионатынның топтық кезеңінде өткізген соңғы 11 ойынында еш жеңіліс таппаған.

Тим Кэхилл Аустралия құрамасының сапында соңғы үш Әлем чемпионатында да гол соққан.

- Аустралия құрамасы Әлем чемпионатында өткізген 11 ойынның тек екеуінде ғана жеңіске жеткен.

Нидерланды мен Аустралия құрамалары арасындағы ойын Астана уақытымен сағат 22:00-де басталады.

Испания vs Чили

Бүгінгі Испания мен Чили арасындағы ойын тартысқа толы болады деп күтілуде. Алғашқы ойында оңбай сүрінген испандықтар бүгінгі ойынға тас түйін дайын отыр. Аустралия құрамасына қарсы өткен алғашқы ойында үш ұпайға иелік еткен Чили құрамасы да оңай шағылар жаңғақ емес. Топтан шығу мүмкіндігіне бір табан жақындай түскен латын америкалық ұжым үшін бұл ойынның маңызы жоғары. Егер Испания құрамасы осы ойында осалдық танытса топтан шығу мүмкіндігінен біржола айрылады. Чилиліктердің негізгі құрамының көп футболшысы Еуропа ареналарында өнер көрсетіп жүр. Жолдастық кездесулерде де жаңа қырымен көзге түсуде. Бас бапкер дұрыс жүйе ұстанып, футболшыларды рухтандыра білсе, команданың «тосын сый» жасауға мүмкіндігі бар. Алайда футбол мамандары «Қызыл фурия» Нидерландыға кеткен өшін Чилиден алады» деп болжам жасауды. Бас бапкер Висенте Дель Боске: «Алғашқы ойындағы сәтсіздіктен кейін бараз уайымдағаным рас. Бірақ қазір бәрі жақсы. Еңсемізді қайта тіктедік. Чилимен болатын ойынға шығатын футболшылардың тізімін анықтап қойдым. Бірақ ертерек жария қылғым келмейді. Егер бәрін қазір айта салсам командадағы ойыншылардың көңіл-күйі түсіп кетуі мүмкін», - дейді. Бас бапкердің бұл сөзіне қарағанда құрама сапында біраз өзгерістер орын алған секілді. Чили құрамасының бас бапкері Хорхе Сампаоли: «Испания – өте күшті команда. Біз тек жеңіс үшін ойнаймыз. Әрине өте қиын ойын болғалы тұр. Егер біз жеңіске жетсек Испанияны үйіне қайтарамыз әрі турнирдегі басты тапсырманы толықтай орындаймыз», - дейді. Өз кезегінде Испания құрамасының жартылай қорғаушысы Хаби Алонсо: «Бұл – өте қиын жағдай. Бізге бәрін де жақсылап ойлану қажет. Бақытымызға орай бізге әлі бәрін қайтаруға мүмкіндік бар. Чилимен өтетін ойын біз үшін финалға шығар жолдама секілді. Олар өте белсенді ойнайды. Біз оларды жақсы білеміз, олар бізді жақсы біледі», - деген болатын. 

Букмекерлік орталықтар, Испания құрамасы жеңісіне – 1.51, тең есепке – 4.61, Чилидің жеңісіне – 6.56 коэффициент ұсынуда.

Чили (шығуы мүмкін құрам): Браво – Исла, Хара, Медель, Мена – Видаль, Диас, Босежур, Вальдивия – Санчес, Варгас

Испания (шығуы мүмкін құрам): Касильяс – Хуанфран, Пике, Рамос, Альба – Букскетс, Хаби Алонсо, Коке, Давид Сильва, Иньеста – Диего Коста

Енді  екі құрама арасындағы соңғы статистикаға назар аударып көрейік.

- Испания мен Чили құрамасы өзара он мәрте кездесу өткізген. Оның сегізінде Испания жеңіске жетсе, екі ойын тең аяқталған. Чили құрамасы бірде-бір рет испандықтардан айласын асыра алмаған.

- Екі құраманың Әлем чемпионаты аясында екі мәрте жолдары түйіскен. 1950 жылы өткен бірінші ойында Испания 2:0 есебімен жеңіске жетсе, 2010 жылы 2:1 есебімен басым түскен екен. 

– Чилидің және «Барселона» клубының үздік ойыншысы Алексис Санчес Испания  сапынан командалас алты футболшыға қарсы ойнайды.

– Санчестен басқа Чили сапында Испания біріншілігінде ойнайтын футболшылар: Клаудио Браво («Реал Сосьедад»), Франсиско Сильва («Осасуна»), Эдуардо Варгас («Валенсия») и Фабиан Орельяна («Сельта»).

Испания мен Чили құрамалары арасындағы ойын Астана уақытымен сағат 01:00-де басталады.

Камерун vs Хорватия

Бұл екі команда да алғашқы турда жеңіліске ұшырады. Хорватия құрамасы алаң иелеріне 1:3 есебімен жол берсе, Камерун құрамасы Мексикадан 0:1 есебімен ұтылды. Турнирдің «жұмбақ командасы» ретінде бағаланғанФолкер Финке шәкірттерінен жанкүйерлер көп нәрсе күткен еді. Алайда камерундықтарға алғашқы ойында құрама капитаны Самуэль Это’О-ның жанталасқа толы шабуылдары да, есептелмей қалған екі доп та көмектесе алмады.

Хорватия құрамасы турнир шымылдығын ашқан ең алғашқы ойында Бразилияға қарсы тәп-тәуір қарсылық көрсеткен болатын. Әсіресе қарымта шабуылдарда бірнеше рет белсенділік танытып, қауіпті шабуылдар ұйымдастыра білді. «Шақпақ жейделі» команданың бас бапкері бұл ойынды плей-оффқа шығар соңғы мүмкіндік санайды. Бразилия мен Мексика құрмаларының тең ойынынан кейін екі құрманың да 1/8 финалға шығар үміті арта түсті. Бұл топтағы ендігі ойындар «жан алысып, жан беріскен» қызықты ойындарға айналары анық. Қалай десек те, бұл ойында жеңіске жеткен команда келесі кезең жолдамасына бір табан жақындай түсері сөзсіз. Айтпақшы, жаңа ғана Камерун құрамасының үздік ойыншысы Самуэль Это’О-ның бүгінгі ойынға қатыспайтыны белгілі болды. Лондондық «Челсидің» сұрмергені тізесін жарақаттап алған көрінеді. Хорватия сапынан да көшбасшы футболшылардың бірі Лука Модрич аздаған жарақат алыпты. Модричтің алғашқы кездесуде алған жарақаты сыр беріп, алдағы ойынға шығу-шықпауы белгісіз болып отыр.

Камерун (шығуы мүмкін құрам): Итандж – Нункеу, Нкулу, Шеджу, Асуэ-Экотто – Сонг, Эно, М’Биа, Макун, Чупо-Мотинг – Абубакар

Хорватия (шығуы мүмкін құрам): Плетикоса – Срна, Врсалько, Чорлука, Ловрен – Модрич, Ракитич, Ковачич, Олич, Перишич – Манджукич

Енді  екі құрама арасындағы соңғы статистикаға назар аударып көрейік.

- Камерун мен Хорватия құрмалары бүгін өзара алғашқы кездесуін өткізеді.

- Камерун құрамасының Әлем чемпионатындағы соққан соңғы 4 голының барлығына да Самуэль Это’О септігі тиген. Ол үш голды еншісіне жазса, бір нәтижелі пас берген.

- Камерун құрамасы «мундиальдағы» соңғы 13 кездесуінің біреуінде ғана жеңіске жетіпті. 2002 жылы Сауд Арабиясын жеңген. Сегіз рет жеңіліп, төрт рет тең ойнаған.

- Камерун құрамасы әлем чемпионатындағы соңғы 17 голын қарсыластың айып алаңының ішінде соққан. Он бесі ойын кезінде, екеуі пенальтиден.

- Камерун құрамасы соңғы ресми 6 кездесуінде жеңіліс таппаған.

- Камерун құрамасы Әлем чемпионатында еуропалық командаларға қарсы өткізген 13 ойынның тек біреуінде ғана жеңіске жеткен (1990 жылы Румынияны жеңген), жеті мәрте жеңіліске ұшырып, бес рет тең түскен.

- Камерун құрамасы Әлем чемпионатындағы соңғы 12 ойында тек қана 12 гол салған. 

- Хорватия құрамасы Әлем чемпионаты аясында африкалық командалармен алғаш рет жолы түйісіп отыр.

- Хорватия Әлем чемпионатындағы соңғы 13 ойынында 11 гол ғана (әр ойынға шаққанда 0,85 голдан) қақпасына өткізген. Бұл «мундиальдағы» құрамалар арасындағы үздік көрсеткіштердің бірі.

- Әлем чемпионатындағы Хорватия құрамасының соңғы алты кездесуінде де алаңнан қуылған футболшылар болған (тек хорваттар сапынан ғана емес).

Камерун мен Хорватия арасындағы ойын Астана уақытымен сағат 04:00-де басталадыБарлық кездесулерді «KazSport» және «Қазақстан» арналарынан тікелей эфирде тамашалай аласыздар.

Еске салайық, осыған дейін Әлем Чемпионатына орай Massaget.kz порталы болжамдар бәйгесін жариялаған болатын. Бір айға жоспарланып отырған бәйгенің ережесін осыған дейін жариялағанбыз. Енді өз болжамдарыңызды сайтқа тіркеліп (тіркелмеген болсаңыздар) жазуға мүмкіндіктеріңіз бар. Тағы бір ескеретіні, түсініксіз аттармен, осыған дейінгі есімдеріңізді өзгертіп болжамдарыңызды жариялауға тыйым салынады. Тек бүгінгі ақпаратта берілген үш ойынға ғана төмендегі "пікір жазу" деген аймаққа болжамдарыңызды жазыңыздар. Өзге әлеуметтік желілер мен өзге ақпарат соңындағы болжамдар қабылданбайтынын ескертеміз. Ал осыған дейінгі жасалған болжамдар бойынша көш бастап тұрған қатысушылармен мына сілтемеде таныса аласыздар. Сіздерге сәттілік тілейміз!

Ескерту: Бүгінгі болжам жасау уақыты Астана уақытымен кешкі сағат 22:00-де тоқтатылады. Сонымен қатар, ескерте кетейін, ертеңнен бастап, 6 ұпайдан аспағандар рейтингке енбейді. Базада аты-жөндері сақталып тұрады. Бұл жолы 5 ұпайы барлар енген жоқ. Тағы айта кететіні, қатысушылар өтінішімен жарысқа қатысушылар шектелмейтін болды. Және жаңа ережелер туралы ақпарат кейінге шегерілді. Осы қатысып отырған есімдеріңізді өзге қаріпке ауыстырып, өзгертуге болмайды. Ол кезде жаңа қатысушы ретінде тіркеліп кетесіздер. Және басынан ұпай жазылады. Репост жасау бүгін 00:00-де аяқталады. Үш ойынды бір қатарда жазуларыңызды өтінеміз! Қатысыңыздар! Жеңімпаз атаныңыздар!

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: goal.netua; vseprosport.ru; bookmakersrating.ru

О. Сансызбай