- Негізгі бет
- ҰБТ 2014
- ҰБТ. Менің Испаниядағы...
ҰБТ. Менің Испаниядағы күндерім...
Біздің бүгінгі қонағымыз – әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің 4 курс студенті, ақтаулық ару Ғайни Немышева. Замандастарыңыз сіздерге Еуропа, Испания жеріндегі қызықты күндері туралы сыр шертеді.
Сәлем, достар! Сіздерге шетелдегі саяхатым туралы барынша шынайы айтуға тырысамын және ұнайды деп сенемін. Мен таяуда оқу мақсатымен, яғни өз мамандығым бойынша білімді тереңдету, шетелдік оқу жүйесімен танысу үшін Испания мемлекетінде болып қайттым. Сонымен қатар, шет тілі мамандығын оқып жүрген кез келген адам сол елдің өмірімен, мәдениетімен етене танысып, солардың әлеміне еніп көруі керек, сонда ғана ол адам нағыз маман бола алады деп ойлаймын.
Әрине, ондай мүмкіндік әркімге беріле бермейді ғой. Бірақ сондай сәттілік маған кездейсоқ жолдас болды. Университетіміздегі академиялық мобильділік бағдарламасымен мен, Тағжиева Тоғжан, Текебаев Жанәділ – үшеуміз Испания еліне жіберілетін болдық. Қуанышымызда шек болмады. Себебі, осы бағдарламаны пайдаланғысы келетін студент қатары көп, біздің оқу жүйесіндегі жоғарғы көрсеткішіміз бен факультет арасындағы белсенділігіміз, ағылшын тілін жетік білетіндігіміз ескеріліп, факультет басшыларының таңдауына іліктік. Біздің мойнымызға артылған жүк үлкен еді, қалайда сенімді ақтаймыз деген ой болды. Бағдарламаның студентке беретін мүмкіндігі өте көп. Қаражат министрліктен бөлінеді: оқудың ақшасы, ұшу билеті, сақтандыру куәлігі, виза, тұрғын үй ақшасын өздері төледі. Тек тамақ пен жеке шығынды ғана өз қалтамыздан шығардық.
Неге дәл Испания дейсіз бе? Кадис университетінің бағдарламасымен сабақтарымыз, яғни, 4 курста кредит алу керек пәндердің барлығы сәйкес келді. Мен онда 1 семестр, яғни 5 ай болдым.
Мен шет тілін алғашында мектепте, онан кейін университетте де оқыдым. Дегенмен, деңгейімді академиялық тұрғыдан 1 курс оқып жүргенде Малайзия мемлекетіндегі ағылшын тілі курстарына қатысу арқылы көтердім дей аламын. Онда адамдар да, ұстаздар да сол тілдің иесі болғандықтан пайдасы мол. Иә солай, үш ай жазғы демалысымды бос өткізбейін деген ниетпен шетелге шығып қайтқаным бар еді. Еш өкінбеймін. Ал IELTS-ті 1,5 жыл бұрын тапсырғанмын. Француз тілі мен ағылшын тілін өте жақсы көремін. Екеуі де әлемдегі ең әдемі, ең көп таралған тілдер десем артық емес шығар. Шет тілінде кітап оқудан, фильмдер қараудан ләззат аламын. О баста субтитрмен көрсем, қазір онсыз да түсінетін жағдайға жеттім.
Менің ойымша, қазір де, ертең де ағылшын тілі өмірдің барлық жағдайында ауадай қажет. Ағылшын тілін білсең көп нәрсеге жол ашылады, саяхатта да, оқуда да, мансапта да қиындықтарға мойымайсың. Иә рас, тіл үйрену аса бір табандылықты талап етеді. Алайда, алдыңа мақсат қойсаң, алынбайтын қамал жоқ, тілдің маңыздылығын түсінген күні түрлі жолдармен үйреніп шыға келесің. Сіздерге ақыл айтуға қақым да жоқ шығар, бірақ ХХІ ғасыр жастарына тіл үйренсеңіздер екен деген кеңесімді айта кеткім келеді.
Испанияның Кадис қаласы – өте әдемі, таза, шағын. Еуропаның ең ескі қаласы деуге де болады. Кадис б.з.д. 1100 жылы құрылған қала екен, демек, 3000 жылдық тарихы бар. Ол барлық жағынан Атлант мұхитымен қоршалған, картадан қарасаңыз орналасуының өзі бір керемет көрінеді. Адамдары да қалаға лайықты, жарқын жүзді, бір нәрсе сұрасаң, көмектесе кетеді.
Испаниянын, ғана емес, жалпы Еуропаның ең көрікті қалалары Мадрид пен Барселонада да болдым. Өте керемет! Барселона тіптен әдемі қала. Гауди сәулетшінің құрылыстарының барлығы ұнады. Sagrada Familia соборы 1883 жылдан бастап әлі күнге дейін салынып жатқан құрылыс екенін білесіз деп ойлаймын. Тастарын дайындау өте күрделі болғандықтан 2026 жылы ғана салынып болады деген болжамдар бар.
Әрине, бұдан да басқа керемет жерлері көп. Montjuic тауындағы ескі қамал, Battlo de Gaudi деп аталатын тағы бір керемет үйді де атап кетейін. Бұл құрылыстардың ерекшелігі – ешқандай бұрыштың болмауы. Бәрі де домалақ келеді.
Біз үшеуміз Испаниядан басқа Париж, Рим, Милан, Венеция, Берлинде болдық. Бұл жерлерде көргендерім мен естігендерім туралы кітап жазуға болатын шығар...
Парижге бару о бастан-ақ Тоғжан екеуміздің арманымыз болатын, француз тілін үйренгендіктен болу керек, бұл ел жайында бәрін білетіндей едік. Арманымыз орындалды, қуаныштымыз!
Расымен де, Еуропа мәдениет ошағы деп аталуға толықтай лайықты. Ескі заманғы ғимараттар, әлем мұрасына тиесілі өнер туындылары, суреттер, мүсіндер, мұражайлар – барлығы да барып көруге тұрады.
Испаниялықтардың оқу жүйесі мүлде ерекше деп айта аламын. Барлығы тәртіпке бағындырылған, бір жүйеге түскен. Техникалық аппаратура, колонка, проектор мен интернетке қосылған компьютерлер – әрбір аудиторияда бар. Кез келген уақытта оқытушы ғаламторға қосылып айтып жатырған нәрсесін визуалды түрде көрсете алады. Біздің көп оқу орындарында әлі ондай жабдықтау жоқ емес пе? Мультимедиялық кабинеттер мен лабораториялар да жетілікті. Ол жақта әрбір студент өзі жеке жұмыс жасайды. Ал оқытушы тек нұсқау береді. Оқимын, ізденемін дегенге барлық жағдай бар.
Қарапайым үй жұмысына берілетін жобаларды, эсселерді плагиатқа тексереді. Ең алдымен өздеріңнің ойларыңды жетілдіріңдер, еш көшірмеңдер, ол қылмыс дегенді көп айтады.
Оқытушылар мен студенттердің қарым-қатынасы да тым өзгеше. Оқытушылар жай ғана кеңесшілер сияқты. Өзіңді еркін ұстайсың. Ешкім ешкімді қорқытпайды, мәжбүрлемейді, қинамайды, барлығы толықтай саналы түрде өздеріне керек білімін алып жүрген адамдар. Сосын тағы бір ерекшелігі – ол жақта үлкен жастағы адамдар білім алады екен. Әрине басым бөлігі – біз секілді жастар. Бірақ, бізде ерсі көрінетін 30-40 тіпті, 50 жастағы дәптер, кітап арқалап жүретін студенттер ешкімді таңғалдырмайды.
Оқытушылардың білімдері өте жоғары. Сабақтарына асқан жауапкершілікпен қарайды. Пәндерін жақсы біледі және жақсы көріп, шын пейілімен түсіндіретіндері байқалады. Кітапханалары керемет!
Қазақстанмен салыстырғанда бағалары кішкене қымбаттау келеді. Заңдары туралы ештеңе айта алмайды екенмін, барлығы ұқсас болуы керек. Көліктері шағын-шағын болса да, автотұрақ мәселесі қиын, орын өте аз екен. Бәрі бірінің артында бірі тізіліп тұрады. Қазақстанның кең жерінен кейін анандай болып машиналардың сығылысып тұрғанын көріп әрдайым таңғалатынбыз.
Испания тұрғындарының барлығы өздерін ерекше күтеді. Жасы да, кәрісі де денсаулықтарына ұқыптылықпен қарайды. Халықтың 50-60 пайызы, тіпті, одан да көбі жүгіреді. Жүгірмесе де, теңіз жағасында жаяу серуендеп жүреді. Қысқасы, спорттық киімде жүргендерді көп көресіз. Жастар әрдайым ролик, скейтбордпен жүреді. Велосипед айдаушылар да өте көп. Барлығы дерлік ит ұстайды ма деп қалдым. Денсаулықтарына қарап, жаттығулар жасайтындығы жағынан ұнап қалды.
Салт-дәстүрлерін толықтай көріп үлгермедік. Карнавал болуға 4-5 күн қалғанда Қазақстанға қайтып кеттік.
Біздер сол жақта жүргенде 7 қазақ студенті бірлесіп концерт бердік. «Қазақ мәдениетінің фестивалі» деп аталатын 3 жыл қатарынан болып келе жатырған фестивальға қатысу мүмкіндігі туды. Ең соңғы күнге дейін азбыз, қолымыздан келмейді деп жүрдік. Емтихан болғандықтан уақытымыз да болмады. Бірақ соңында бәрі жақсы болып шықты. Қазақша әндер айтылды, ойындар ойналды, ұлттық тағамдардан ауыз тигіздік, Қазақстан туралы видео презентация көрсетіп, викторина ойнатылды. Өте жақсы кеш болған сияқты. Кейін сұрастырсақ, көрермендерге де ұнаған екен. Бірге оқыған кейбір достарымыз Қазақстанға барғымыз келеді, бізді күтіп алыңдар деп те айтып жатты.
Менің ендігі арманым Ұлыбританияда болу. Англия, Шотландия, Ирландияда да болғым келеді. Лондон жайында көп оқығандықтан, ертең ол жаққа барғанда картасыз-ақ, адаспай жүре алатын шығармын деп ойлаймын (күліп).
Ағылшын тілінің маманы болғандықтан, маған Англияда болу міндет шығар. Ағылшын тарихын, классик жазушыларын өмірбаянын әрдайым оқитындықтан, ағылшындықтардың арасында болып олардың сөйлегенін естігім келеді. Содан кейін... London Еye-ға бір отырып, ағылшын шәйін ішсем... (күліп). Әрине, армандар көп-ақ.
Бұл сапарымды саяхат десем бола ма екен? Білмедім. Бірақ, үйренгенім шаш етектен болды. Көп нәрсеге көзім ашылды. Өз-өзіме сырттай қарауға, тануға, өз елімді, менталитеттерімізді салыстыруға мүмкіндік болды, бізде мына жағынан жақсы ғой, бұлардың мынауысы жақсы екен деген көптеген ой пайда болды. Ең алдымен, академиялық жағынан көп білім жинадым. Бес айдың ішінде бұрынғыдан есейіп қалғандай болдым. Жер көру, ел тану өрісіңді осыншама кеңейтеді деп кім ойлаған?
Негізі мен шетелге кетіп бара жатқанда қорқып едім. Ол жақ маған ұнап қалса, қайта келмеспін деген ойлар бойымды билеп алды. Себебі, сонда оқуға кетіп қайта келмейтін студенттерді көріп жүретінмін. Алайда, Испанияға барғаннан кейін керісінше бұрынғыдан да қатты патриот болып кеткендеймін. Жоқ, мен осыған дейін де патриот едім, бірақ, шетелге шыққанда сезімдер онан сайын өткірлене түседі екен. Түйген ой: қазақ қазақ болып қалу керек екен. Басқа жерде сен қанша мықты болсаң да, өз еліңдегідей толықтай қабылданбайсың деп ойлаймын. Білім былай тұрсын, түріңнен-ақ басқа адамдардан өзгешеленіп тұрасың. Сосын, әрине менталитет мүлдем өзгеше. Біздің таңдаймызды қақтыратын, бас шайқаттыратын, жаға ұстататын дүниелер олар үшін жай ғана қалыпты көрінеді. Қысқасы, Қазақстанда қазақ болып туылып, 20 жыл Қазақстанда өмір сүріп, қазақтармен өмір сүріп, қазақша тәрбие алып, қазақша оқып, қазақша ойлап жүріп, Еуропаға көшіп кету немесе онда біржола қалып қою мүмкін емес нәрсе болып көрінді. Испания – сөз жоқ керемет! Бірақ, өз еліңе жүз айналсаң да жетпейді. Қазағымызда «Өзге елде сұлтан болғанша өз еліңде ұлтан бол» деген сөз бар емес пе? Дәл осы аталы сөз ойыма оралып тұр...
Әңгімелескен: Айгерім Сматуллаева
Сурет: Ғайни Немышева
Оқи отырыңыз:
Әліби Манаштың Дубайдағы күндері
Жамиля Халымбетованың Қытайдағы күндері
Айгерім Абдиханованың Лондондағы күндері
Жолдас Өрісбаевтың Америкадағы күндері
Мақпал Сембайдың Қытайдағы күндері
Шерзат Баратовтың Еуропадағы күндері
Шолпан Сыдықтың Түркиядағы күндері
Мейрамбек Таубалдиевтің Испаниядағы күндері
Құралай Ахметтің Еуропадағы күндері
Фариза Ертаеваның Америкадағы күндері
Сания Дауталиеваның Малайзиядағы күндері