Әдемілігімен әлемді таңқалдырған қазақ қыздары

Әдемілігімен әлемді таңқалдырған қазақ қыздары

Бүгінде әлем назары он жеті жастағы қазақстандық волейболшы Сәбина Алтынбековаға ауып отыр. Қытайлық жанкүйерлер арасында танымалдыққа ие болып, әлемдік БАҚ өкілдері жарыса жазған қазақ қызы әп сәтте «жұлдызға» айналып шыға келді. Біз бұл ретте сұлу да нәзік болмысымен әлемді таң қалдырған қазақ қыздары жайында аз-кем әңгімелеп беруді жөн көрдік. Әңгімеміздің әлқиссасын жоғарыда тілге тиек етіп кеткен Сәбинаның өзінен бастасақ.

Сәбина Алтынбекова

Сәбинаға бұл «сый» күтпеген жерден келді. Спортшы қыздың өзі де аз ғана уақыттың ішінде осыншама жанкүйерді қалай жинап алғанын түсіне алмай әлек. Тайпейде өткен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында еліктің лағындай сүйкімді қызға сұқтана қарағандардың қатары көп болды. Қазақстандық аруға жергілікті жанкүйерлер ерекше құрмет көрсетіп, әлеуметтік желілерде достық хабарламасын жіберушілердің саны сағат сайын арта түсті. Қазіргі таңда оның «Инстаграмм» әлеуметтік желісіндегі парақшасына 300 000 мыңнан аса жанкүйері жазылған. Қытайлық басылымдар жарыса жазған қазақ қызын америкалық бірқатар БАҚ-тар да қызу талқыға салды. Тіпті, америкалықтар «Сәбина Алтынбекованы волейбол ойыны үшін тым сұлу» деп есептейтіндігін мәлімдеді. Сәбина түскен әлеуметтік желідегі видеороликті 2 млн. 200 мыңның үстінде адам тамашалаған екен.

Тайпей турнирінің «ең әдемі ойыншысы» осылайша аз уақыттың ішінде үлкен атаққа ие болды. Кеше батыстық басылымдар спорт тарихында бірде-бір жүлдеге ілікпей, сұлулығының арқасында жұрттың назарын өзіне аударған спортшылардың тізімін жариялады. Сол тізімнің бірінші сатысында дәл осы Сәбина Алтынбекова тұр.

Жанна Жұмалиева

Қазақстан аруы Жанна Жұмалиева 2011 жылы әлемнің ең сұлу 15 бойжеткеннің бірі атанған-ды. Лондон төрінде өткен «Әлем аруы-2011» байқауында ел намысын қорғаған Жанна Жұмалиева «топ-модель» атағын еншіледі. Дүниенің төрт бұрышынан 122 үміткер қатысқан байқауда үздіктердің қатарынан көріну үлкен жетістік болатын. Оралда туып-өскен Жанна Мәскеудегі жоғарғы оқу орындарының бірін тәмамдаған. Париждік «Natalie agency» агенттігінің модельері Париждегі және Мәскеудегі сән апталықтарына қатысқан. Қазақстан аруы қайырымдылық шараларына да белсене араласып жүреді екен.

Күнбике Нұрқызы

Ағымдағы жылдың қаңтар айында Күнбике Нұрқызы бүкілқытайлық қыз сыны байқауының бас жүлдесін иеленді. Қытайды мекен ететін 56 ұлт өкілі арасында өткізілген байқауда өнерімен, көркімен, талантымен қытайлардың таңдайын қақтырған қазақ аруы «56 ұлттың гүлі» деген атақты еншіледі. Күнбике қазақ, қытай және ағылшын тілдерін еркін меңгерген. Сонымен бірге ол домбыра тартады, ән салып, би билейді және таэквондомен шұғылданады. Мұның алдында қазақ қызы «Шыңжаң Ұйғыр автономиясы аруы» байқауына да қатысып, ең әдемі ару атанған. Қазір ол Қытай телеарналарының бірінде тележүргізуші болуды армандайды.

Саида Әділова

Ажарымен әлемді мойындатқан арулардың бірі – Саида Әділова. Ол «Miss Asia Moscow-2013» байқауында жеңімпаз атанған-ды. Халықаралық дәрежедегі бұл байқауға Ресей Федерациясынан – Алтай, Буратия, Қалмықия, Тыва, Хакасия, Якутия, ТМД елдерінен – Қазақстан, Қырғыз  Түркіменстан, Вьетнам, Оңтүстік Корея және Моңғолия елдерінің сұлулары қатысқан болатын.

Жиырма бес жастағы алматылық ару мамандығы бойынша киім сәнгері. Ол Eat Models модельдік агенттігінде қызмет етеді.

Зарина Диас

Жиырма жастағы теннисші Зарина Диас бүгінде біраз асуды бағындырып үлгерді. Ол бүгін жаңарған WTA рейтингінде Қазақстанның бірінші ракеткасы атанып, өзінің мықтылығын тағы бір мәрте дәлелдеп берді. Зарина Диас биылғы жылы өткен «Үлкен дулығаның» екі бірдей турнирінде сәтті өнер көрсетіп, бұрын-соңды еш қазақ спортшысы бағындырмаған Australian Open-нің үшінші кезеңіне дейін жеткен болатын. Дәл осы Австралия ашық чемпионатында португалдық журналистер Заринаны турнирдің басты сенсациясы деп, елден ерек назар аударған-ды. Ресейлік Sports.ru порталы да 20 жастағы қазақ қызын «бүгінгі күннің үздік аруы» деп танып, әдемілігін әспеттеп жазған болатын. Түр-сипаты да, кордтағы ойыны да көз тартатын қарагөзіміздің алар асуы әлі алда.

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: vesti.kz, azh.kz, kaztv.kz, pageant-mania.ephpbb.com

Н. Айдархан