Қоғамдық көліктен қажымау жолдары

Қоғамдық көліктен қажымау жолдары

Wikipedia.org мәліметіне сенер болсақ, 2008 жылғы санақ бойынша Қазақстанда 1000 адамға 198 көліктен келеді екен. Біз бұл жазбамызда көліксіз қалған 802 адамға арнап қоғамдық көлікте шаршамаудың амалдарын түсіндірмек ниеттеміз.

Себебі, күніне орташа есеппен 1,5 сағат қоғамдық көлікте уақытын сарп ететін адамдар шаршап, жұмыс өнімділігі кемиді.

Мамандар жұмыс өнімділігі құрып кетпеу үшін адам қоғамдық көлікте 45 минуттан артық уақыт өткізбеуі керек дейді. Одан асып кетсе адам ағзасы шудан, аптап пен шайқалудан шаршай бастайтын көрінеді. Шаң-тозаң мен лас орын, электромагнитті сәулелену, шұғыл жылдамдық арттыру мен дереу жылдамдық тастау ағзаға кері әсер етеді. Ал қоғамдық көліктегі жасанды жарық көзді құртады.

Осындай жүріс екі аптадан ары асып кетсе, адамда созылмалы шаршау пайда болады. Бұл, тіпті, гипертония мен жүрек қан тамырлар ауруына, жүйкенің жұқаруына, депрессияға ұрындырады.

Сонымен, қоғамдық көлікте шаршамаудың қандай амалдары бар?

Бірінші кеңес

Транспортта аз уақыт болуға тырысыңыз. Жаяу жүруге де ерінбеңіз. Егер барар жеріңіз 25-30 минуттан аспаса жаяулатқаныңыз жөн. Мұндай серуендеу сізге сергектік беріп, кешкі уақыттағы күйзелістен арылтады. Бұл, әсіресе, кеңсе қызметкерлеріне пайдалы амал.

Екінші кеңес

Зияны аздау транспорт түрін таңдаңыз. Мәселен, трамвай мен метроның қайсысын таңдайтыныңызды білмесеңіз, жер үстіндегісін таңдаңыз. Аялдамаларда тоқтап, кептелістерде уақыт жоғалтамын деп қорықпаңыз, себебі трамвай арнайы жолмен жүреді.

Үшінші кеңес

Демалыс күндерінде белсенді өмір салтын ұстаныңыз. Мәселен ашық аспан астында спортпен айналысу немесе отбасылық көкке шығу. Демалыс күндері алкогольді ішімдік ішпеңіз, оның орнына пайдалы көкөніс жеңіз. Туған-туыстарыңызбен, достарыңызбен араласып, жиындар жасап тұрыңыз. Өзіңіз барып көрмеген жерлерге барыңыз. Қала сыртында, саябақтарда уақыт өткізіңіз.

Төртінші кеңес

Қоғамдық көлікте өткізетін уақытыңызды қысқартуға мүмкіндік болмаса өзіңізді жайлы сезіну үшін барлық амалдарды жасап көріңіз. Мәселен, қыздар биік өкшелі аяқ киімнен бас тартса, табиғи шикізаттан тігілген ыңғайлы киім кисе дискомфорт болмайды. Сонымен қатар, аптап ыстықта косметиканы азырақ қолдануға кеңес береміз. Қиналып тұрғаныңызда орын сұрауа ұялмаңыз. Міндетті түрде дәрі-дәрмек алып жүріңіз. Онымен қоса су алып жүргеніңіз де артық етпейді.

Бесінші кеңес

Қоғамдық көлікте адамның жеке кеңістігі деген түсінік жоқ. Сол үшін адамдар көп шоғырланбаған аумақты таңдаңыз. Автобус ішінде болсаңыз, терезе маңында отырғаныңыз жөн. Сонымен қатар, дыбыс изоляциясы жақсы делінген құлаққап сатып алыңыз да әсерлі музыка тыңдаңыз. Бірақ, оның даусы да тым жоғары болмасын. Метродағы шу 90 децибелге жетеді. Ал оның үстіне тағы да музыка тыңдасаңыз, миыңыз тыныға алмайды.

Оқи отырыңыз: 

Жұмыстан кейінгі уақытты қалай өткізесіз?

Көлік жүргізуші қыздарға кеңес

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: huffingtonpost.co

А. Құлтай