- Негізгі бет
- Сән
- Белдемше үлгілері, стильдері...
Белдемше үлгілері, стильдері және түрлері
Крэш, годе, гофре, трапеция – бұл сөздер геометрия кітабынан анықтамалар емес, күнделікті киіп жүрген белдемшелеріміздің үлгілері. Бүрмеленген белдемше қатпарланғаннан қандай айырмашылығы бар, ал американка буда белдемшеден несімен ерекше? Бүгін біз белдемшелердің үлгілерімен танысамыз.
Американка
Американка бірнеше қабаттан тұрады, әр екінші қабаттың ені алдыңғысынан кеңірек болады. Белдемше бүрмеленіп келеді, ал етегі шілтермен немесе желбіршектермен безендіріледі. Американканы XVI ғасырда ойлап тапқан. Бастапқыда бұл белдемшені көйлектің ішінен киетін іш киім ретінде пайдаланған. Белдемшенің етегі кең болып тұратындықтан, қынама бел әсерін беретін қасиеті бар.
Сарқырама
Алды қысқа, ал арты ұзын асимметриялы белдемше Еуропада 1870 жылдардың басында пайда болды. Төмен қарай желбіреген етегінің арқасында сарқырама және балықтың құйрығы деген екі атқа ие. ХХ ғасырдың басында түзу емес бейне кешкі көйлектердің нағыз хитына айналды. 2011 мен 2012 жылдары да асимметриялы белдемшелер мен көйлектер танымалдылықтың шарықтау шегіне жетті.
Годе
Бұл белдемшені кейде клеш, үшкіл белдемше деп те атайды, алайда годе – бұл қоспалы, бүтін бір үлгі. Бұл белдемше – қарындаш-белдемше мен кең етектің қосындысы. Сәйкесінше үстіңгі жағы түзу келген, сәл кеңдеу немесе жамбасты қынап тұрады, ал етегі кең, қайып тігілген үшкілдерден тұрады. Годенің қалыпты ұзындығы – тізеден сәл төмен. Тізені жасыру керек деп есептеген Коко Шанель дәл осындай үлгілердің бірнешеуін ұсынған, соның ішінде қайып тігілген үшкілдерден тұратын осы нұсқасын.
Гофре
Қатпарланған белдемшелердің атасы – мысырлықтар деп саналады. Бастапқыда қатпар маталар абыздар мен ақсүйектердің белдемшелері мен жейделерін сәндеген. Бірақ көп ұзамай бұл сән Шығысқа, ал кейін Еуропаға жетеді. Қатпарлы белдемшелерді заманауи сәнге енгізген кім екенін айту қиын. Бірақ соғыстан кейінгі 50-жылдары Кристиан Диор әйелдерге жеңіл маталардан қатпарлы белдемшелерді сәнге енгізеді.
Гофрені бүрмелі белдемшемен көп шатастырады. Екі үлгі де қатпарлы болып келеді және ұзындықтары әртүрлі. Бірақ олардың сырт көзге аса білінбейтін айырмашылығы бар. Бүрмелі белдемшенің қатпарлары бір-біріне параллель, тегіс жатады, ал гофреде бұрышта тұрған сияқты, өйткені қатпарлардың қатары қырына қарай престелген. Соның салдарынан гармон әсері пайда болады.
Қарындаш
Жіңішке, жамбасты қынап тұратын, тізеге дейін, сәл жоғары немесе сәл ұзын белдемшені алғаш рет Кристиан Диор 1940 жылы ұсынып, бірден танымалдылыққа ие болды. Заманауи қарындаш-белдемшенің атасы – 1900 жылдары әйелдер арасында нағыз хит болған «ақсақ белдемше» деп есептеледі. Мұндай ерекше атқа белдемше өз кемшіліктерінің арқасында ие болды: онымен жүру мүмкін емес болатын. Жіңішке белдемше жамбасты қынап келіп, тек етегі ғана кеңейтілген болатын. Тізеден төмен оралған лентаның кесірінен онымен жүру мүмкін емес-етін. Танымал модельер дәл осыны қысқартып, әйелдерге ыңғайлы қарындаш-белдемшеге айналдырды.
Клеш
Клеш-белдемше күн-белдемшеге ұқсас және соның бір түрі болып саналады. Екі үлгінің аса қатты айырмашылығы жоқ – клеш, ереже бойынша, белді қынап тұрады да, жамбастың орта жағынан бастап етегі конус тәріздес бойлай кеңейеді, ал күн-белдемше белінен бастап кеңейіп келіп, ол да конус тәріздес қатпар құрады. Бұл үлгіні XIX ғасырдың 20-жылдары ойлап тапқан және бірнеше онжылдық бойы ұзын етіп киген.
Қоңырау
Белдемшенің сұлбасы төңкерілген қоңыраугүлдің гүлшанағына ұқсас болғандықтан осы атпен аталып кеткен. Бәйшешекке қарағанда, қоңыраугүл астыға қарай тарылмайды, керісінше, белден бастап бүйіріне қарай біртіндеп кеңейеді. Қоңырау белдемше сонау XVII ғасырда пайда болған. Ол кездері белдемше еденге дейін ұзын болатын және кринолиндердің сыртынан киілетін. Қоңыраулардың заманауи миди- және мини үлгілері әйелдердің гардеробында ХХ ғасырда пайда болған.
Крэш
«Крэш» деген сырлы аттың астарында мыжылған матадан тігілген белдемше мағынасы жатыр. Крэш белдемшелердің өзіндік белгісі оның үлгісі немесе ұзындығында емес, көптеген қатпарлар мен мыжықтарында. Ең алғаш мыжық белдемшелер ХХ ғасырдың 80-ші жылдары сәнге еніп, ара-тұра қайта сәнге кіріп тұрады.
Сурет: wday.ru
Дайындаған: Анар Мұстафина
Оқи отырыңыз:
Годе белдемшесін немен киюге болады?
Белдемше түрлері және оларды үйлестіру
Маған қандай белдемше жарасады?
A. Mustafina