- Негізгі бет
- Сән
- Годе белдемшесін немен...
Годе белдемшесін немен киюге болады?
Қыздар гардеробының ең негізгі бұйымы – белдемше. Әр маусым сайын дизайнерлер белдемшенің түрлі үлгілерін сәнге кіргізіп жатыр. Мәселен, бір кездері буда-белдемшелер сәнді болған болса, кейін бәрі жаппай бәйшешек-белдемшеге көшті. Ал былтырғы жылы макси белдемшелер басты назарда болды. Бұдан бөлек белдемшелердің классикалық үлгілері де бар. Мысалы, дәстүрлі түзу белдемше, қарындаш-белдемше және годе белдемшесі. Бүгінгі жазбамыз соңғы айтылған годе белдемшесі туралы болмақ.
Годе — бұл үстіңгі жағы қонымды келген, бірақ етегі кең түзу белдемше. Етегін матаға үшкіл салып тігеді. Көбіне годе белдемшелерінің ұзындығы тізеге дейін келеді немесе одан сәл төмен болуы мүмкін. Мұндай белдемшелердің басты артықшылығы – тым толық сандарды жасыруға көмектеседі.
Годе белдемшесі іскерлік стильдегі киімдермен де жақсы үйлеседі. Қатал түзу үлгіге қарағанда кең етек ерекше және сәнді көрінеді. Ал жеңіл, ашық түсті маталардан тігілген мұндай белдемшені жазғы серуендерге, кездесулерге киіп баруға болады.
Егер сізде годе белдемшесі бар болса, оны немен үйлестіріп киюге болады? Алдымен ұзындығы тізеге дейін болатын үлгіні қарастырып көрейік.
- Жакетпен
Жакет пен белдемшенің матасын, түсі мен фактурасын бірдей етіп таңдауға болады. Мұндай белдемшеге, әсіресе, қынама бел жакеттер жақсы жарасады. Алайда оның тым ұзын болмағаны жөн.
- Жемпір-водолазкамен
Тығыз мақта матадан, жұқа жүн матадан немесе акрилден тігілген жеңі және мойны ұзын қынама водолазкалар годе белдемшесімен жақсы үйлеседі. Егер водолазка бір түсті болса, онда ұзын моншақ немесе бауы ұзын ірі мойыналқа тағып алуға болады.
- Блузка және жейделермен
Годе белдемшесін классикалық блузкалар және топтармен киюге болады.
- Годе белдемшесіне сай аяқ киім ретінде орташа және биік өкшелі туфли-қайықшаларды айтуға болады.
Биік өкшелі ботильондар да онымен әдемі көрінеді. Жеңіл белдемшемен бірге киюге жалпақ табанды балетка немесе сандалдар жарайды.
Бір айта кететін нәрсе мынау. Годе белдемшесін тізеге дейін келетін етікпен кимеген абзал.
Сурет: vk.com
Дайындаған: Анар Мұстафина
Оқи отырыңыз:
Белдемше түрлері және оларды үйлестіру
Маған қандай белдемше жарасады?
A. Mustafina