"Әлем аруы – 2013" басталды

"Әлем аруы – 2013" басталды

Кеше, қыркүйектің 8-інде 63-ші "Әлем аруы-2013" байқауы басталды. Биыл Индонезиядағы Бали аралдарында өтіп жатқан сайыстың үлкен ерекшелігі – "бикини" сайысының болмауы.

Жалпы осы жылғы "Әлем аруы" сайысы жаңалықтарға бай. Сайыс басталмас бұрын, апталар бойы Индонезия елінде мыңдаған жергілікті тұрғындар сайысқа қарсылығын көрсетіп, түрлі шерулер ұйымдастырды. Мұсылмандар басым елде қыздардың шешінуіне жол бергісі келмеген тұрғындар өз пікірін осылай көрсеткен еді. Жауап ретінде ел үкіметі "бикини" сайысының болмайтындығын хабарлады. Әу баста Джакартаның түрлі жерінде өтуге тиіс сайыстың басым бөлігі туристік жер болып есептелетін Бали аралдарында өтеді деп хабарланды. 

Естеріңізге сала кетсек, "Әлем аруы" байқауы Оңтүстік-Шығыс Азияда биыл алғаш рет өтпек. 131 сұлу қатысатын сайыс қыркүйектің 28-ші жұлдызында аяқталады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл тосын жағдайларға байланысты "Әлем аруында" сайысатын қыздарды мұқият қорғау шаралары ойластырылған. Байқау өтетін жердің маңында полиция қызметкерлері, қаруланған қорғаушылар болады. 

Байқауды жергілікті тұрғындарға да қызықты қылу үшін ұйымдастырушылар тек  "бикини" сайысын алып тастаған жоқ, сонымен қатар қыздарға дәстүрлі индонезиялық киім сарон кигізбек.

Айта кетсек, Қазақстанды "Әлем аруы-2013" байқауында 2011 жылғы "Қазақстан аруы", 18 жасар Айнұр Төлеуова таныстырады. Айнұр өзін таныстыру бейнебаянын жазып та үлгерді. Айнұр бүгінде "Сымбат" сән академиясында киім дизайнері мамандығында оқып жүр, бос уақытында бимен айналысады екен.

Массагет порталы сұлулар сайысында Айнұрға сәттілік тілейді!

Дайындаған: Сания Аринова

Суреттер Айнұр Төлеуованың vk.com парақшасынан және philadelphia.cbslocal.com сайтынан

С. А