- Негізгі бет
- Сән
- Колготкінің шығу тарихы...
Колготкінің шығу тарихы
Колготкі ең алғаш 1959 жылы 4 қыркүйекте шыққан. Жібек, нейлон, спандекс, лайкра секілді маталардан тігіледі. Қалыңдығы мен түстері әртүрлі болып келеді. Күнделікті тұрмыста теріге жақын және қара түстілері танымалдылыққа ие. Жүкті аналарға да арналған созылмалы трикотаж түрлері бар.
Матаның тығыздығы мен қалыңдығы den-мен өлшенеді: матаның den-і артқан сайын, қалыңдығы да арта түседі. 9 шақырым ұзындықпен тең жіп таразыдағы бір грамға сәйкес келеді. 40 den 9000 метрге созылған 40 грамдық жіптен тұратындығын білдіреді.
60 жылдарға дейін колготкілердің қажеттілігі болмады. Оның орнына әйел адамдар белдемшемен ұзын шұлықтарды киетін. Колготкілердің тарихы Мэри Куанттың қысқа белдемшелерді ойлап табуымен тікелей байланысты.
Уақыт өте келе, мини белдемшелер сәннен шығып қалса да, әйелдер қауымы колготкілерді осы күнге дейін киеді. 1980 жылы түрлі-түсті колготкілер, ал 1990 жылдары лайкрадан дайындалған «жалтырауық» түрлері сәнге айналды.
Колготкілердің күтімі:
1. Оларға да ерекше күтім керек. Жұмыстан келген соң, колготкіңізді киіп жүре берудің қажеті жоқ. Оларды бірден шешіп, аяғыңызды таза сумен жуып, ыңғайлы киім кигеніңіз жөн.
2. Бір кигеніңізді қайталап киюге болмайды, әр киген сайын жуып тұрыңыз.
3. Оны сатып аларда мақта матадан тігілген қабаты барын таңдаңыз. Мүмкіндігінше тігістері жатыңқы келіп, теріні сырмауы керек.
4. Синтетикалық матадан тігілген колготкілерді үнемі кие берсеңіз, қышыма ауруына шалдығуыңыз мүмкін. Әсіресе тершең аяқтарда көп кездеседі.
5. Тар өлшемін алып қойсаңыз, тырнақтарыңыздың түсі кетіп, үгітіліп түсуіне әсер етеді. Ал тырнақты емдеп, қалпына келтіру оңай емес. Сол себепті әрдайым колготкілердің өлшемін дұрыс таңдап, қалыңдығын мезгілге сәйкестендіріп киіңіз. Және суық мезгілде жүн мен мақтадан тігілгенін таңдаңыз.
6. Қымбат болса да, сапалысын алуға тырысыңыз.
7. Қолмен жуып, сүлгіге орап сығыңыз.
8. Күн көзіне немесе батареяға қойып кептірмеңіз.
9. Мұнымен қатар колготкіні киіп-шешкен кезіңізде сақиналарыңызды шешіп қойыңыз.
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: life.ru
Қ. Бүйенбай