Айырылысайық екеуміз...

Айырылысайық екеуміз...

Жігіттердің табиғаты сол - жаңа таныстықтарды не іштері пысып, не қызды шын ұнатып бастайды. Еріккендіктен күрделі қарым-қатынас орнатуға тырысатын жігіттердің әлдеқайда аз екендігі айтпаса да түсінікті. Бірақ, қалай болғанда да, кейбір қарым-қатынастар өз соңына жетіп, ақырына таянуы мүмкін. 

Жігітіңіз сізге: "Жаным, екеуміз айырылысайық", - деп, арадағы жақындықты одан әрі дамытуды қаламайтындығын білдірсе, ең алдымен, бұның жеңіл оймен айтылған сөз еместігін түсінген абзал. Әдетте, мұндай сөздер ұзақ ой-толғаныстан кейін айтылады. Мұндай шешімге келуі үшін жігіт арадағы қарым-қатынасты жан-жақты зерттеп, одақтың болашағына талдау жасап, айқындайды. Сондықтан, қыздар секілді жігітті де райынан дәл сол сәтте  қайтаруға тырысу нәтижесі күмәнді. 

Осындай күйге тап болған қыздар мұндай ситуациядан өзін абыроймен алып шығуы үшін не істегені жөн? Жігіттер қауымы болып, осы туралы аз-кем сөз козғап, қыздарға кеңес берсек деп едік. 

 

Әлбетте, сүйген адамыңыздан мұндай сөз есту өте ауыр болары сөзсіз. Сөйтсе де, қайғыға салынып, көз жасыңызды көл қылу мағынасыз нәрсе. Қанша жерден уайымдап, қанша жерден көпшігіңізді көз жасыңызбен суласаңыз да бұдан өзіңізге ешқандай пайда болмайды. Керісінше, дертіңізге дерт жамап, ауырған жүрегіңізді одан сайын ауырта түсесіз. Сондықтан, өз сезіміңізді басқара біліңіз. Ең болмағанда, сөйтуге тырысыңыз. 



Оны ауыр сөздермен балағаттаудың қажеті жоқ. Мысалы: "Сұмырай, оңбаған, сенің осындай топас екендігіңді бұрыннан-ақ біліп едім! Жігіт емес екенсің! Нағыз қатын екенсің!" деген секілді. Әрине бұныңызбен жігіттің емес,  өзіңіздің абыройыңызды айрандай төгесіз. 

Оған қоқан-лоққы көрсетуге тырыспаңыз. "Сенің қандай қатын екендігіңді барлық қыздарға айтамын! Қыздардың бәрі сенің барлық лас тірліктеріңді біліп жүретін болады!", - деген секілді қорқытулар. Оның шешіміне осындай жолмен тосқауыл қою мүмкін емес екендігі белгілі ғой. Тосқауылды былай қойған күннің өзінде, бұл мінезіңізбен кім-кімге де сүйкімді көрінбесіңіз анық. 

Кез келген нәрсенің соңы - басқа нәрсенің бастамасы екендігін ұмыта көрмеңіз. Өмір осымен бітпейді. Тіпті, жүрегіңіз оны кешіре алмаса да, барлық ерік-жігеріңізді жиып оны жіберіңіз, ұстамаңыз. Осы уақытқа дейінгі сыйлаған бақытты күндері үшін оған алғыс айтсаңыз, тіпті қатып кетеді. 

Осының бәрін ерік-жігеріңіз жетіп айта алған болсаңыз, ары қарай тізгінді өз қолыңызға алып: "Екеуміз жақсы дос болып қалайық", - деп шын ниетіңізді білдіріңіз. Әлбетте, бұл әрекетіңіз оны біраз абдыратады. Дегенмен, бұдан кейін жігітіңіз сізді ерекше жылумен, құрметпен есіне алатын болады

Онымен жақсы дос болғыңыз келетіндігін білдірген соң, ара-тұра хабарласып тұруды ұсыныңыз. Өмірде түрлі нәрсе болады ғой. Басыңыз қиын жағдайға тап болғанда, сізге ең бірінші көмек көрсетіп, жігерлендіретін осы адам болатындығын ұмытпаңыз.

P.S. Шындығына келгенде, жігіттер өз ішін қазбалауға бейім болады. Және көп ретте өз шешімдеріне өкініп те жатады. Сондықтан, сүйгеніңізбен жолыңыз екіге бөлінгеннен кейін, өзіңізді барлық жағынан барынша дамытуға тырысыңыз. Мінезіңізді де, жүріс тұрысыңызды да, сыртқы келбетіңізді де. Кім біледі, бірнеше айдан кейін екеуіңіз жолығып қалып, тағдырыңыз қайта тоғысуы да мүмкін. Дегенмен, оны қайтаруды мақсат қылмай, жаңа өмір бастауға талпынғаныңыз жөн. 

сурет: visualphotos.com