- Негізгі бет
- Психология
- Дос боп қалайық......
Дос боп қалайық...
Қандай кербез, ақылды жігіт болмасын, өмірінде бір рет болса да, қыздан осындай сөзді естіген шығар. Әдетте, қарым-қатынасты үзетін біз, қыздар, сондағы жігіттердің жауабына кейде таң қаламыз. Одан суып қана қоймай, "Осындай ақымақпен қалай ғана кездестім?!" - деп шақша басымыз шарадай болады. Қызы тастап кеткен кезде, жігіттер өздерін жақсы ұстай білсе, ақырында расында керемет достар болып қалар едік қой! Артық сөздердің, көзден пора-пора боп аққан жастың, пайдасыз ұрыс-керістің керегі қанша? Неліктен жігіттер жүрегінде сезімі жоқ қызды жібергісі келмейді?
Бірнеше жыл бойы жақсы қызбен кездесіп жүрсіз дейік. Әдемі сөздер, күлкі, ойын, махаббат, сезім, құшақ... Алайда тәтті сезімнің бәрі түгесіліп, бір уақыттарда қыз сізден суығанын сезеді. Ыстық іңкәрлік, ойын-күлкіге де әбден тояды. Осындай кезде айырылысуға бірінші қадамды көп жағдайда қыздар істейді. Осының түрткісі мен болдым деп уайымдаған қыз сезімінің суығанын сізге дірілдеп әрең айтады. (Ол да сізді сүйді ғой кезінде, сүймеді емес.) Жасқа толған мөлдір көздер, ұрыс-керіс, "Мен сені сүйемін!", "Мені тастамашы!", "Сен кетсең, мен өлемін!" деген сөздер, бәрі-бәрі осыдан кейін басталады.
Құрметті жігіттер, мына кеңестерге құлақ түрсеңіздер, қызыңыз екеуіңіздің дос боп қалуларыңыз мүмкін, тіпті оны қайтарып алуыңыз да ғажап емес. Ал ең бастысы - өзіңізді жақсы сезініп, өмірге деген құштарлығыңызды және ер азаматқа тән ар-намысыңызды сақтап қаласыз!
Сонымен, егер сізді қызыңыз тастап кетсе:
| "Бар жоғал, өзім де сені жек көремін, сені ешқашан сүйген емеспін, жай қызық үшін болдым сенімен" деп айтушы болмаңыз! Бұл барып тұрған топастық! Осылай десеңіз, қызды өзіңіз тастап кеткендей болып қаласыз. "Бұндай сөздерден кейін, онымен расында бірге бола алмаймын" деп ойлайтын қызды өзіңізден одан сайын алшақтата түсесіз. Соған қоса, оның жанының жарасын жазасыз! "Мынау нағыз жындының өзі екен, айырылысқаным қандай жақсы болған?!" деп ойлауына мүмкіндік бермеңіз! |
| Бұндай сөздер естігеннен кейін, сабырлық танытыңыз. Ойланыңыз, қиындықтан қашпаңыз. "Қоштасу кешін" ұйымдастырыңыз. Қызыңызбен дұрыстап сөйлесіп, бар сұрақтарды байыппен шешіп алыңыз. Бұл сіз үшін өміріңіздің соңы емес екенін көрсетіңіз. Расында дос болып қалуға ынтаңыз бар екендігін байқатып, онымен сабырлы отырып сөйлесуге тырысыңыз. Түсінеміз, бұл қиын. Бірақ бұл кездесу - қызыңызды ойландырары анық. |
| Онымен байланысыңызды үзбеңіз. Телефон нөміріңізді ауыстырып тастап не тұтқаны көтермей қойып жүрмеңіз. Экс-қызыңыздың сізбен байланыса алуына мүмкіндік беріңіз. Күндердің бір күнінде сағынып, қоңырау соғары анық, тек төзіммен күте біліңіз. Сондай-ақ, кім біледі, мүмкін шынында болашақта жақсы дос болып қаларсыздар? Ал дос қыз сүйікті қызға қарағанда қиындығы аз, пайдасы көп жан. |
| Әлеуметтік желілерде оны "достарыңыздың" қатарынан өшірмеңіз, ол сізді өшірмеді ғой? Бұл оған сіздің қандай керемет жігіт екеніңізді көрсетуіңіздің бірден-бір амалы. Жаңа сұлу қызыңызбен немесе неміс көлігімен түскен, жұмысыңыздағы жетістіктер мен жаңа бастамаларыңызды паш ететін суреттер оның қанын қайнатып, бармағын тістеткізетініне шүбәңіз болмасын. |
| Айналайындар, ішпеңіздер, шекпеңіздер, 20 қабат үйден секіремін деп жүрмеңіздер. Ескі суреттер мен сыйлықтарды ақтарып, хабарламаларды қайта-қайта қарау ештеңені қайтармайды. Екі көзден аққан жас пен төмен түскен бас оның жүрегін жібіте қоймас! Өмір осымен әлбетте, аяқталмайды! "Неге бұлай болды?", "Мен қандай қателік жасадым?" деген сұрақтар да осы топтамадан. Қарым-қатынастарыңыз бітті, енді ол қыз туралы ойлай бермеңіз! |
| Өзіңізді құрметтей біліңіз! "Енді маған өмір жоқ!" деген сияқты топастықты айтпаңыз. Өміріңізді өзгертіңіз, жаңа іспен айналысыңыз, жұмысыңызды жетілдіріңіз, әдемі киініңіз, қыдырыңыз, кітап оқыңыз - өзіңізді дамытып, өзіңізді сүйе біліңіз. Бұл 100% көмектеседі! Қыз соншалықты намысыңызға тиетін сөздер айтса да, шыдамды болыңыз. Өзіңізді керексіз қылған қыздың артынан жүгіріп жүрмеңіз! Түңілмеңіз, қанат қағып, өзіңізге деген сенімділігіңізді арттырыңыз! Оны соншалықты қайтарғыңыз келе ме? Алға! Батыл болыңыз, оның қателескенін дәлелдеңіз. Қазіргі қалпыңызда ол сізге қайтып оралмайтынын түсініңіз. Сіздің өзгеруіңіз керек. Ол үшін емес, өзіңіз үшін! |
Осы кеңестерді бұлжытпай орындасаңыз, өзіңізді жетілдіріп, сәттілікке жетесіз. Өзіңізге деген сенімділікті арттырып, келесіде ешбір қыздың сізді тастауына жол бермейсіз. Бастысы оның көз алдында нағыз ер болып қаласыз. Уақыт өте одан "Жаным, мен қателестім. Кездесейікші. Мен сені сүйемін" деген хабарлама алғанда өзіңізді қалай сезінерсіз?
Сурет: women.ru
С. А