- Негізгі бет
- Психология
- Ал сіз комплимент...
Ал сіз комплимент айта аласыз ба?
Құрметті достар, естеріңізде болса, өткен сейсенбіде редакция жігіттері болып (tengrinews.kz-тегі достарымызбен бірге) қыздың алғашқы кездесудегі жүріс-тұрысы, жалпы қылықтары туралы сөз қылғанбыз. Турасына келгенде, бұл әңгімеміз алғашқы кездесуден «аман өтудің» жәй ғана құралы болып қана қоймай, сонымен қатар арадағы тәтті сезімнің әрмен қарай да өрістеуіне ықпал болған жолсерігіміз іспетті. Ал сәрсенбі күні редакциямыздың нәзік жандары бұл тақырыпқа байланысты өздерінің көзқарасын айтып, мақала жазды. Тақырыптың қызықты болғаны соншалықты, бұл жайлы жазылған форумдағы талқылаулар мен пікірлер де сан алуан болып шықты. Дегенмен, махаббат, ғашықтық сезімдерді сөз ете отырып, комплимент айту тақырыбын естен шығарыппыз. Шынын айтсақ, ең негізгі әрі ең әдемі сәт те комплимент айту емес пе еді?!
Орынды комплимент айту – үлкен өнер. Жігіттер ғана емес, қыздар қауымы да комплимент айта білуі керек.
Иә-иә, қыздар, құлақтарыңызға алтын сырға(!), бізге де ара-тұра комплимент айтқандарыңыз ұнайды.
Сонымен, комплимент айтудың ережелерін қарастырайық:
Жігіттерге:
1. Комплимент айтуға әркім де дайындықпен келуі керек. Кез келген комплимент екіұдай мағынаны білдірмеуі керек. Яғни айтылған сөзді не дұрыс, не бұрыс мағынада түсініп қалмауы үшін ол біржақты жақсы мағынаны білдіруі тиіс. Мысалы жұбыңызға «Сен БҮГІН әдемі болып кетіпсің» демей, жәй ғана «Сен өте сұлусың» деу керек. Себебі кейбір қыздар «БҮГІН» деген сөзіңізді басқаша түсініп қалуы әбден мүмкін. Ойлаңызшы, сіз оған қазір ғана оның кеше әдемі емес, тек бүгін ғана әдемі болып келгенін айттыңыз! Егер қыз сізге шынымен ұнап отырса, «Сен ӘРҚАШАН да әдемісің» дегеніңіз абзал.
2. Егер қыз сізге сыйлық берсе немесе жағымды әсер қалдыруға тырысса, міндетті түрде оның еңбегін бағалаңыз. Әсіресе сізге арнап жайылған дастарханы сіз үшін де маңызды болуы тиіс. Ал егер үндемесеңіз, бұл ісіңіз өз тарапыңыздан жасалған мәдениетсіздік! Тамақ көңіліңізден шықпаса, «Қонақжайлылығыңа рахмет», ал ұнаған жағдайда «Қолыңа дерт бермесін, сүйіктім» деу - орынды. Бірақ ешқашан да «Дәмді екен, ал менің мамам бұдан да дәмді әзірлейді» деп жүрмеңіз!
3. Комплимент айтуда «өте», «аса» «сонша», «мұнша» т.б. күшейткіш шырайларды қолдану да ұтымды. Мәселен «Сенің талғамың өте жақсы» немесе «Сен сондай ақылдысың».
4. Егер ол ән айтса немесе би билесе, міндетті түрде комплимент айтуға тырыс. (Дауысың керемет екен\Мың бұралып билейді екенсің т.б.) Бірақ ол би билеудің немесе ән айтудың шебері болмаса, комплимент айтуға орын жоқ. Себебі ақылды қыз бұл ойыңызды мазақ екен деп қалуы әбден мүмкін.
5. Егер қыз сіздің комплиментіңізге назар аудармаса, онда жақсылап ойланыңыз, бұл – мәдениетсіздік пен тәрбиесіздіктің көрінісі.
Жоғарыда айтылған нұсқаулар қыздарға да таптырмас кеңес болады деп ойлаймыз.
Қыздарға:
Қымбатты қара көз қыздар! Жігіттер қауымына да комплимент айтудан қорықпаңыз. Жігіттер қыздарға қарағанда кез-келген мақтауыңызды дұрыс түсінеді. Жігітті тіпті өз әкелеріңізбен салыстырып мақтасаңыздар да болады. Ал әсіресе жігітке ақылдылығын, тапқырлығын, жарасымды әзілін бағалағандарыңыз ұнайды. Жігіттер сіздерге қарағанда нәзіктікке жақын емес, сондықтан кездейсоқтықтан бірдеңе бүлдіріп алса, ұрыспай, «Тентегім менің» деп бетінен сүйіп қойыңыздар.
Бір ғана ескерту: жігітіңіз оны қайдағы бір Тимберлейкпен, Бред Питпен я Ли Мин Хомен салыстырғаныңызды әсте де ұнатпайды! «О! Сен Ли Мин Хо сияқты еңселі екенсің» немесе «Сенің жүрісің Бред Питке ұқсап кетеді» деген секілді құр мақтау нәтиже бермейді. Оның үстіне, біле білсеңіз, Бред Питтің аяғы қисық!
Жігіттер, әрине, мақтауды жек көрмейді. Бірақ салыстыру ер жігіттің намысын қамшылайды. Мұны да білгеніңіз дұрыс. (Ал әкеңізге ұқсатуыңыз бұл тізімге кірмейді.)
Сосын: «Сен еркексің ғой», - деп, не "электр шамын жөндеп бере салшы, не қабырғаға шеге қағып берші", - деп, намысқа тиіп сөйлеу де артықтау. Оның үстіне, біле білсеңіз, біз бәріміз бірдей «СПТУ» бітірген жоқпыз.
P.S. Айтылған кеңестер махаббатта ғана емес, өмірлік тәжірибеңізге де пайдалы болады деген сенімдеміз.
Осы тақырыпты форумда талқылайық.
Сурет ғаламтордан алынған
Ж. FM