Алғашқы кездесу (қыз көзімен)

Алғашқы кездесу (қыз көзімен)

Алғашқы кездесуге жігіт қалай киіну керек?
Ұқыпты*, үтіктелген киім киіп, аяқ киімін тазалап, қызды апаратын жеріне байланысты жоспарына сай киінгені дұрыс. Егер театрға барса, міндетті түрде костюм, галстук қажет. Ал егер қалада серуендеп, кино не саябаққа баруды көздесе, casual стилінде киінгені жөн.


Алғашқы кездесуде жігітке тыйым салынатын әрекеттер
САРАҢ БОЛМАУ! Ықпалды туыстарымен және материалды жағдайымен мақтанбау. Мүлдем мақтанбау! Қыздың бұрын кездескен жігіттері туралы сұрамау. Оның жалақысы, тамақ дайындау шеберлігі туралы да сұрауға болмайды. Қыздың кішкентай сөмкесін ұстаудың қажеті жоқ. Алғашқы кездесуде тиіспеңіз, құшақтап, сүйемін деп тырыспаған жөн. Балағат, дөрекі сөз қолданбау. Тәкаппарлық танытпау. Басқа қыздарды, тіпті нәзік жанды танымал әртістерді де әңгімелей көрмеңіз. Жаныңыздан өткен бойжеткендерге тесіліп қарап, мойныңызды бұруға, әсіресе олардың аяқтарымен, төсімен не басқа дене мүшелерімен тамсануға ҚАТАҢ ТЫЙЫМ САЛЫНАДЫ! 


Алғашқы кездесуде жақсы әсер қалдыру үшін жігіт не істеу керек?
Сыпайы** және тәрбиелі болу. Қызға сыйластықпен қарап, оған шынайы қызығушылық таныту. Қызды жағымды, бірақ дәстүрлі емес, тосын сыймен, жағдаймен, әрекетпен таң қалдыру***. Шынайы және өз қалпыңда болу.


Бірінші кездесуде не туралы айтқан жөн?
Қыздың қызығушылықтары туралы сұрап, әңгімені жалғастыра біліңіз. Өз қызығушылығыңызды, әсіресе саясат пен футболды**** міндеттемеңіз. Мәдениетті анекдот, кино мен шоу-бизнес, кітап пен әдебиет туралы айтуға болады. Бастысы, қызға қызықты тақырыпты жайлап анықтап алып, сол бағытта әңгіме өрбіткен дұрыс.


Қалай қоштасу керек?   
Үйіне дейін шығарып салыңыз. Құшақтап, сүйіп, тиісіп жүрмеңіз! Егер жігіттің екінші кездесуге ниеті болса, ол туралы бірден айтып, қыздың пікірін анықтап алған дұрыс. Қыз оң жауабын берген жағдайда ғана, бетінен сүюге болады. Оның үйіне кіріп кетуін күтіп, содан кейін кетуіңізге болады. Әдетте, қыздар «қайырлы түн» тілегі жазылған СМС не қоңырау күтеді. Және жігіт екінші кездесуге дейін жоғалмау керек.


* Ұқыпты – душ қабылдап, шаш-тырнақтарының жағдайын тексеріп, қырынған жігіт. Иіссудың жарты шишасын үстіңізге құюдың қажеті жоқ (қымбат иіссудың өзі қызға ұнамауы мүмкін).
** Сыпайы – ізетті, көргенді, әдепті. Сыпайы жігіт әрқашан қызды бірінші өткізеді, есікті ашып, ұстап тұрады және автобустан түскенде, қолын береді, дәмхана, мейрамханаларда орындықты итеріп, қызды отырғызып, одан кейін ғана өзі отырады.
*** Таң қалдыра білу – дәстүрлі емес жағымды әрекет. Өмірден мысал: бір бойжеткенге жас жігіт алғашқы кездесуде раушангүлдердің енді теректерде өсе бастағанын айтқан. Қыз басында күліп, сенбейді, әрине. Ал жігіт терекке мініп, алдын ала тығып қойған гүл шоғын алып түседі. Бірінші раундта осылай жеңіске жеткен.
****Саясат пен футбол - қазір саясат және футболмен қатты қызығатын қыздар жиі кезедседі. Саған сондай қыз кездессе, бұл ортақ тақырыпта еркін сөйлесе беруіңізге болады.
Бұл қағидаларға алып-қосарларыңызды форумда талқылайық.


P.S. Егер қыз қалта телефонына үңіліп, сізге назар аудармаса, ол қызбен қоштасқан жөн... 


Сурет lady.ru сайтынан алынған