Сүйіктің өтірік айта ма?

Сүйіктің өтірік айта ма?

Сенің жігітің саған адал немесе өтірікші екенін қалай байқауға болады? Бұған дейін де бұл сұраққа біраз бас қатырған едік. Бүгін өтірігін қалай ұстап алуға болатыны туралы ойланып көрейік.

Өзіңді алдауға жол берме

Оның өтірік айтып тұрғанын байқап қалсаң, дереу шешімің туралы қайтып ойланғаның жөн. Жүріп жүрген жігітің күйеуің емес, сондықтан, оның ырқына бағынып, өтіріктеріне көз жұма қараудың арты өкінішке әкелуі мүмкін. 

Өтіріктерінің белгісі:

- Ол маңызды күндерді (туған күн, сен үшін ерекше күндер, жүруді бастаған күндерің т.б.), кездесулеріңді ұмытып кете беріп, ұмытқаны үшін түрлі сылтау тауып, ақтала берсе;

- Айтып жүрген бір оқиғасын келесі ретте өңін айналдырып, басқаша қылып айтса;

- "Сенбесең, анадан сұра, мынадан сұра" деп ортақ таныстарыңды "көмекке" шақырса;

Сондай-ақ жігіттің іс-әрекеті мен сөйлеу мәнеріне назар аудар. Ол өзін қалай ұстап тұр? Көздері алақ-жұлақ етіп, сөйлегенде кідіріп, мүдіріп қалса, күмәнданғаның жөн. "Көз - көңілдің айнасы" демекші, көзіне тура қарағанда, көзін алып қашса, сөзінде шындық аз деген сөз.

Кездесіп тұрған кезде одан сұраған нәрсеңді телефонмен қайтып сұрап көр. Немесе бір оқиғаны (Мысалы: досының туған күніне барғандағы жайттар) мұқият тыңдап, жаттап ал да, араға біраз уақыт салып барып, сол күн туралы қайтып сұра. Жауаптарында айырма болса, өтірік айтып тұрғаны... 

Сенің шешімің

Егер сен оның өтірік айтып тұрғанын түсініп қойсаң, оған білдір. "Өтірік айтып тұрсың" деп, бірден бетіне лақ еткізгеннен, қимылыңмен, іс-әрекетіңмен ұғындырғаның жөн. Ол "Мына қыз менің өтірігімді байқап қалды ма екен?" деп біраз әуреленіп, іштей ұялсын. 

Ал егер жігітіңнің өтірік айтып тұрған, тұрмағанын мүлде біле алмай дал болсаң, оны ашық әңгімеге шақырудан басқа шара жоқ. Ол айғайлап, дауыс көтеріп, "Сен де қоймайсың" деп ашуға берілсе, өтірік айтып тұр деуге толық негіз бар. Ал егер бұл әңгімені қалыпты қабылдап, бұрын берген жауаптарын тағы да дәл солай қайталаса, оған сеніп, бұдан былай ол тақырыпты қозғамағаның жөн.

Өтірікті бәріміз де айтамыз. Сіз де айтасыз. Керек кезінде. Сондықтан, жігітіңді сұрақтың астына алмас бұрын, өзіңе де бір үңіліп қарап алғаның дұрыс. 

Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова

Сурет: mail.ru

Р. Роза