Мassaget.kz порталындағы Әлемтану айдарының бірден-бір мақсаты – өзге елдердің тұрмыс-тіршілігінен, әдет-ғұрпынан, салт-дәстүрінен хабардар ету екенін білетін боларсыз. Бүгіннен бастап сол дәстүрімізді Аспаздық айдарында да жалғастыратын боламыз. Енді сіздер әртүрлі елдің асханасындағы кең танылған тағамдарды жасап үйренетін боласыздар.
Бүгін жасалатын тағам – испан асханасының сұлтаны "паэлья". Паэлья туралы толық деректі мына жерден білулеріңізге болады. Испандықтар әдетте бұл тағамды теңіз өнімдерінен және тауық етінен жасауды әдетке айналдырған. Кейде екеуін де араластырып жасай береді. Біздің паэлья тауық етінен жасалады.
| Құрамы: - 500 гр дөңгелек дәнді күріш
- 500 гр тауық еті
- 5 ас қасық зәйтүн майы
- 5 пияз, 3-4 тал сарымсақ
- 2-3 қызанақ, көк бұршақ
- 1 тәтті болгар бұрышы
- ақжелкен, тұз, дәмдеуіштер
|
| Тауықты орташа етіп турап, зәйтүн майына 7 минут қуырамыз. |
| Қуырылған тауық етін бөлек ыдысқа салып қоямыз. |
| Пиязды бөлек тураймыз. |
| Тауық қуырылған ыдысқа пиязды да салып, қызарғанша қуырамыз. |
| Оның үстіне сарымсақты турап саламыз. |
| Қызанақты төрт бұрыш етіп турап аламыз да, пияз қуырылып жатқан ыдысқа салып 7 минут бұқтырып қоямыз. |
| Алдын ала қуырылған тауықты салып, тағы да 7 минутқа қалдырамыз. |
| Болгар бұрышын да төрт бұрыш етіп турап шығамыз. |
| Оны да пісіріліп жатқан тағамның бетіне салып, 7 минут бойы бұқтырамыз. |
| Қатырылған немесе ыдыстағы жасыл бұрышты дайындаймыз. |
| Ақжелкенді де біркелкі етіп турау керек. |
| Екеуін дайындалып жатқан тағамның бетіне салып, 7 минут бұқтырып қоямыз. |
| 2 стақан күрішті жақсылап жуғаннан кейін, ыдысқа саламыз. |
| Оның бетіне барлық дәмдеуішті салыңыз. Карри, шафран, базилик, қызыл бұрыш та жарайды. Тұз салуды ұмытпаңыз. |
| 7 минуттан кейін 2 стақан күріш үшін 4 кесе су құясыз (тауық сорпасы болса, тіптен жақсы) да, отты басып, бетін жаппастан (бетін мүлде жабуға болмайды, бұл палау емес) 35-40 минут қалдырасыз. |
Паэлья дайын! Испан халқы тағамды дастарқанға табамен қойып жатады. Арнайы тәрелкеге салсаңыз да, қате емес. Асыңыз дәмді болсын!
Ас үйде болған: Айгерім Сматуллаева