- Негізгі бет
- Әлем алақанда
- Паэлья – романтикалық...
Паэлья – романтикалық тағам
Паэлья – күріштен, боялған ботатабаннан жасалатын және зәйтүн майы қосылатын испандықтардың ұлттық тағамы. Паэльяға бұдан басқа теңіз өнімдері, көкөністер, тауық еті, шұжық қосыла береді.
Тағамның атауы латын тіліндегі "patellа" сөзінен шыққан, қазақша мағынасы – "таба". Ал француз тілінде «poêle» деген "пеш" дегенді білдіреді.
Бүгінде осы бір ғана тағамның 300-ден астам жасалу мәзірі бар. Классикалық паэлья күріштен, балықтың 6-7 түрінен, теңіз өнімдерінен, ақ шарап пен аскөктен, дәмдеуіштерден тұрса, келесі бір аймақта фасольдан жасайды.
Көптеген испандықтар паэльяны валенсиялық шаруалардың асы деп қабылдайды екен. Ол рас, испандықтардың дастарханының патшасына айналмай тұрып, паэлья валенсиялықтардың негізгі тамағы болды. Оның пайда болған жері – Эль Пальмаррайон деген балықшылар ауылы. Солай бола тұрғанымен, елдің барлық дәмханаларында, мейрамханаларында паэлья беріледі. Тіпті, Еуропа елдерінің мейрамханаларының бәрінен осы тағамды кездестіре аласыз.
Испанияда бейсенбі – Паэлья күні деп белгіленген. Бұл туралы ешқандай бекітілген заңдар жоқ. Көпшілік қауым мұны дүйсенбі күні балыққа кеткен жұмысшылардың бейсенбі күні оралатындығымен байланыстырып жатады. Екіншілері үй қызметшілері мен аспаздардың бейсенбі күні демалатын болғандықтан, испандық ауқатты адамдар сырттан тамақ ішеді дегенге теліп қояды. Әйтеуір, есте жоқ замандардан бері бейсенбі күні барлық мейрамханаларда паэлья беріледі.
Нағыз паэльяны жегіңіз келсе, біле жүріңіз:
– жақсы паэлья кешкі асқа дайындалмайды, оны тек түскі асқа тапсырыс бере аласыз.
– дәстүрлі паэлья табамен беріледі, бұл кешенді тағам болмаса, тәрелкеге салып жеуге болады. Ең мықты, ең салтанатты деген мейрамхананың өзінде табамен жеген ұят емес. Көптеген мекемелерде паэльяны жеуге ағаш қасықтар беріледі. Себебі, метал ыдыстар оның дәмін өзгертіп жібереді екен. Ең мықты, ең салтанатты деген мейрамхананың өзінде табамен жеген ұят емес.
– паэльяны теңіз өнімдерімен жегіңіз келсе, бақалшақтар, ас шаяндар тазаланбаған күйінде беріледі.
– табаның жанына міндетті түрде лимон қойылады. Лимон шырынын араластырсаңыз да дәмді бола түседі.
– тағам таусылып біткенде, табаның түбінде қалған күрішті алып үлгеру керек. Тағамның ең дәмді жері осы болғандықтан оның сапасына, дәміне баға беріледі.