Қарамайлы сабынның пайдасы

Қарамайлы сабынның пайдасы

Кейбір косметикалық бұйымдар сымбатты көрінуге жол ашқанмен, оларды сатып алуға кез келгеннің қалтасы көтере бермейді. Бірақ, косметикалық бұйымдардан кем болмайтын әрі қолжетімді бағамен сатылатын қарамайлы сабын (дегтярное мыло) бар. Қазіргі таңда қарамайлы сабынға деген сұраныс күн сайын артуда. Себебі қарамайлы сабынға деген нәзік жандылардың қызығушылығы басым.

Қарамайлы сабынның 90%-ы жәй сабыннан, ал 10%-ы қайың қарамайынан тұрады. Емдік қасиеттерге бай қайың қарамайы псориаз, дерматит, сүйел т.с.с. тері ауруларының алдын алып, бактерияларға төтеп береді. Қайың қарамайы терідегі сызаттардың болмауына, жарақаттардың жазылуына ықпал етіп, теріні күйік шалғанда да көмекке келеді. Беттегі қара дақтар мен безеулерден арылам десеңіз, тұрақты түрде қарамайлы сабынды қолданыңыз.

Қарамайлы сабынның иісі жағымсыз келеді. Иістің жағымсыз келуі оның құрамындағы табиғи құрамдас бөліктердің басым болуында. Жағымсыз иістен құтылу үшін сабынды тұрақты пайдалану керек немесе сабын сауытқа салып қою керек. Қарамайлы сабынмен күніне екі рет бет-қолыңызды жуса, тері қатайып, нәрленеді.

Қарамайлы сабын тері ауруларына ғана емес, шаш күтіміне де өте пайдалы. Қайызғақтан арылам десеңіз, шашыңызды қарамайлы сабынмен жуып тұрыңыз. Шашыңызды жуған кезде сабынсуды қолданбас бұрын, қарамайлы сабынды қолданыңыз. Қарамайлы сабын шашты жалтыратып, оның ұштанып, түсуіне жол бермейді. Бас терісін қатайтып, шаштың өсіміне оң әсерін тигізеді.

Косметикалық сабындарға қарағанда, қарамайлы сабын әлдеқайда жақсы. Оның құрамында химиялық заттар болмайды. Бағасы да қолжетімді. Бір сабынның бағасы дәріханаларда 100-150 теңгені құрайды. Ал сабынның сұйытылған түрі әлдеқайда қымбаттырақ.

Қарамайлы сабыннан ешқашанда аллергия болмайды. Бұл сабын кез келген тері түріне жағады. Әсіресе, құрғақ теріге өте пайдалы.

Қарамайлы сабынды жаз мезгілінде сирек, ал қыс мезгілінде жиі қолдану керек. Себебі, сабын қыстыгүні теріні суық-аяздан сақтайды. Жаз мезгілінде сирек қолданудың себебі аптап ыстықта тері майлы болады. Сондықтан да жаз күндері сабынды екі рет қана қолдану керек.

Дайындаған: Ғазиза Ұзақ

Суреттер: sovettebe.ru, woman.ru

Ғ. Ұзақ