Күйіп қалсаңыз...

Күйіп қалсаңыз...

Өмір болғаннан соң, түрлі жағдайлар болып жатады. "Жазмыштан озмыш жоқ" демекші, бәріне де дайын болу қажет. Өзіңіз немесе жақыныңыз байқаусызда күйіп қалып, ыңғайсыз жағдайға тап болды ма? Қалай көмек көрсетуді білмей, абдырап қалдыңыз ба? Бүгінгі кеңестеріміз сізді мұндай жағдайдан қиындықсыз алып шығады деген үміттеміз.

Тұрмыста да, өндірістерде де күйіктер кездесіп тұрады. Олар алуан түрлі. Оттан, будан, қайнап тұрған судан болатын термиялық күйіктер, теріге күйдіргіш қышқылдар, сілтілер тамып кеткеннен не төгілгеннен болатын химиялық күйіктер болады.

Күйіктің түрлері:

Бірінші дәрежелі – терінің қызарып, домбығып ісінуі;

Екінші дәрежелі – іші сұйыққа толатын бірнеше көпіршіктердің пайда болуы;

Үшінші дәрежелі – күйген жердің барлық қабаттарындағы жасушалардың жансыздануы;

Төртінші дәрежелі – тері астындағы тіндер мен ағзалардың, сіңір бұлшықеттерінің, сүйектің, ішкі ағзалардың қатты зақымдануы.

Күйік орын алған жағдайда алғашқы көмектің әрі дұрыс, әрі уақытылы көрсетілуі жарақаттардың тезірек жазылуына, оны емдеудің жеңіл болуына, яғни жақсылықпен аяқталуына жәрдемдеседі.

Алғашқы көмек

Бірінші және екінші дәрежелі күйікке ұшырағанда күйген жердің ауырғанын бәсеңдету үшін күйген теріні шүмектете ағызылған таза сумен біраз уақыт жуып-шаю керек. Содан кейін, әлгі жерге спирт немесе әтір жағып, үстін залалсыздандырылған құрғақ дәкемен таңып тастау ләзім. Әрбір отбасында, кез келген жұмыс орнында залалсыздандырылған дәкелер болуы тиіс. Егер, дәке болмаса, оның орнын жаңа ғана үтіктелген таза ақжайманы, орамалды, сүлгіні пайдалануға болады.

Күйіктің үстінде пайда болған көпіршіктерді қолдан жаруға, оған дәрігердің рұқсатынсыз қандай да бір май, сарымай жағуға, ас содасын себуге және несепті, басқа да дәрілерді пайдалануға болмайды. Олар күйген жерді ластайды, микробтардың көбейіп кетуіне жол ашады да, дұрыс емделуге кедергі жасайды.

Егер адамның киімі өртенсе, атқылап аққан сумен өшіру, не топырақпен, не қармен көму керек, не өртенген адамды көрпеге, пальтоға, әйтеуір бір қалың затқа орап, қымтау керек. Өртенген киіммен жүгіріп қашуға болмайды, өйткені жел жалынды үрлеп, денені одан бетер күйдіре түседі.

Күйген адамнан киімді сыпырып алуға болмайды. Киімнің денеге жабысқан жерінің шеттерін қайшымен қиып тастау дұрыс. Дәрігер келгенше күйген адамға тәтті шай немесе кофе ішкізіңіз.

Егер химиялық күйік болса, онда дененің күйген жерлерін суық сумен, ең абзалы резеңке түтіктен немесе құбырдан тоқтаусыз ағызылған сумен жуу керек. Оны 15-20 минут және одан астам уақыт бойы үздіксіз шаю керек. Мұндай жағадайда жедел жәрдемді мүмкіндігінше тезірек шақыру керек, өйткені сілтіге, қышқылға немесе басқа түрлі химиялық заттарға терінің шамалы жері күйсе де қауіпті.

Әрі көлемді, әрі теріден кеткен күйікті емдеу оңай іс емес, оны емдеу тәжірибиесі мол, ысылған маманды қажет етеді.

Суреттер:zdorovieinfo.ru,nmed.com.ua,dama.info,prodetey.ru,express.de

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева