«Сәбина келін» - жылдың үздік фильмі!

«Сәбина келін» - жылдың үздік фильмі!
Фото: massaget.kz

«Массагет» порталы оқырмандарына жүргізген сауалнама қорытындысы бойынша жылдың үздік фильмін анықтады. Нәтижесінде режиссер Нұртас Адамбаевтың «Сәбина келін» фильмі көптің көңілінен шыққаны байқалды.

«Сәбина келін» фильмі жайлы қоғамда түрлі пікірлер айтылғаны белгілі. Біздің сайт ұйымдастырған үздік фильмді таңдау сауалнамасына 628 оқырман қатысты. Оның 177-сі «Nurtas production» студиясы ұсынған фильмді үздік деп таныды. Екінші орынға атақты дала кемеңгері, қарадан шығып хан атанған Құнанбай Өскенбайұлының өнегелі өмірінің бір кезеңіне арналған Досхан Жолжақсыновтың «Құнанбай» фильмі орналасты. Дауыс беру қорытындысы бойынша үштікті «Рэкетир 2» фильмі түйіндеді. Нәтижесін төмендегі скриншоттан көре аласыздар.

Айта кетейік, Нұртас Адамбаевтың «Сәбина келін» фильмі қазан айында Индонезияда БҰҰ қолдауымен өткен «International Film Festival for Documentary, Short and Comedy Films» фестивалінде «Асқан шеберлік» ("Outstanding Excellence Award") аталымы бойынша үздік деп танылған болатын.

О. Сансызбай