Төреғали Төреәлі: "Айтысқа шақырту келеді, бірақ..."

Төреғали Төреәлі: "Айтысқа шақырту келеді, бірақ..."
жеке
блог

Төреғали Төреәлі: «Қазақстанда бәрі жақсы»

      «Ән айтатын актерлармыз»_____________________________________________________           

       Сұхбатымызды туып – өскен жеріңізден бастасақ...

       Туып – өскен жерім Қызылорда облысы, Байқоңыр қаласы, Төретам қыстағы деп айтады. Сол жерде 1992 жылы дүниеге келгенмін.

        Отбасыңыз жайлы айтып өтсеңіз...

        Отбасым, әкем Байқоңырдікі, анам Оңтүстік Қазақстан облысы, Жетісайдан. Үйде үш баламыз, менен кейін екі қарындасым бар. Қазір Алматыда тұрамыз.

        Есім Жүкеұлы Сегізбаев сынды атақты тұлғаның шәкіртісіз. Негізгі мамандығыңыз қандай?

       Есім Жүкеұлы деген  барша өнер қауымының  тыңдармандары болсын, көрермендері болсын, жалпы мығым қазаққа таныс есім ғой. Ол сонау баяғы Шәкен Аймановтың кезеңіндегі фильмдерден бастап қаншама киноларға дубляж жасаған. Көптеген фильмдерде ойнаған. Бізден бұрынғы қазіргі Қазақстанда белгілі ең мықты продюссер Қыдырәлі Болманов ағамыздан бастап кешегі соңғы шығып жатқан «Алашұлы» деген топқа дейін Есім ағайдан бітіріп шыққан. Олардың бәрінің атын атап тауыса алмаймыз. «Бәйтерек» тобы бар, Айгүл Иманбаева, Бейбіт Қорған, Мақсат Базарбаев, көптеген қазіргі  эстрадада жүрген, театрда жүрген жұлдыздардың барлығы біздің осы Есім ағайдың шәкірттері. Мен де соның шәкірті болып есептелемін. Алматыда Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық академиясының колледжінде бізге Есім ағай сабақ берген. Мамандығым – актер, муз – драма факультетін бітіргенмін. Ән айтатын актерлармыз.

Төреғали Төреәлі

        Сізді халық айтыскер ақын ретінде таниды. Айтысқа тұңғыш рет қалай түстіңіз?

        Айтысқа мектеп қабырғасында жүрген кезден бастап, кішкентай бала күнімізден бастап қызығушылық  болатын. Сол мектепте жүрген кезде айтысатынбыз. Ол кезде біздің Байқоңырда бізбен айтысатын ақындар болған жоқ. Біз басқа ауылдардың, ауданның ақындарымен айтысатынбыз. Кейін облыстық деңгейге көтерілдік. Одан ары қарай республикалық айтыстарға қосылдық. Бесінші – алтыншы сыныптан бастап айтысқа қатыстым.

«Қазіргі айтыс тамаша»___________________________________________________________

        Айтысып отырғанда сөз таппай қиналған, сөзден тосылып қалған кездеріңіз болды ма?

        Енді, айтысқа дайындықсыз келу дейді теңізге қайықсыз түскенмен бірдей. Сондықтан барынша дайындалып келесің, айтыс деген жан алысып жан берісу ғой. Сондықтан кейде болады. Аузыңа сөз түспей, ішіңнен де не айтамын деп қалатын ой келіп, тіліңнің ұшында бірдеңе тұрып, құрастырып үлгермей жататын кездер болып жатады. Ондай кезде халық қошеметі болса, елдің ықыласы болса ақынға ары қарай арқа қоздыратын халықтың шуы керек қой. Айтыста жүргеннен кейін ондай кездер көп болды.

        Бір сұхбатыңызда «айтыстан кеткен жоқпын» деген болатынсыз. Эстрада жолын таңдауыңызға кім себепкер болды?

        Бұл жалған өмірде жақсылық болып жатса ол бір Құдайдан, жамандық болса өзімізден. Жақсылыққа, барлығына себепкер ол – Құдай, мені сен айтысқа қатыс, сосын әнші болып кет деп ешкім үгіттеген жоқ, қинап, күштеп бұл жолға салған жоқ. Негізгі маған бағыт беруші ол – әкем. Айтысқа келуіме де, айтыста жүріп ән айтып кетуіме де себепкер әуелі Алла, одан кейін әкем.

Төреғали Төреәлі

        Бүгінгі қазақ айтысына не жетпейді? Айтыстың бүгінгі халі қандай? Жас буын өкілі ретіндегі көзқарасыңыз...

        Қазіргі айтыс өте тамаша. Осыған дейінгі айтыстардың  көбісі ақсап келді, біреуі эфирден берілмей қалып жүрді, біреуінде аталмыш айтыскер ақындарды қатыстырмай қоятын тұстар болды. Қазіргі айтыс тамаша, Жүрсін ағамыз қайтадан өзінің қолына алып керемет болып жатыр. Енді биыл Қазақ хандығының 550 жылдығына, Жеңістің  70 жылдығына өте айтыс көп екен. Қазақстан Республикасында өтетін бір оннан, он бестен астам айтыс бар дейді.

        Шақыртулар алып жатырсыз ба? Бүгінгі айтыс, дегенмен, шоу болып кеткен сияқты емес пе?  Шоу – айтыс өткені де бәрімізге мәлім.

        Шақырту келеді, бірақ, біздің күнтізбемізге сәйкес келмей жатыр. Алла қаласа бір сәті түсіп жатса барамыз айтысқа. Шоу айтыс деп бөлек жоба жасаған шығар. Ол айтысқа да негізі шақырту болды, бірақ, тағы да сондай сәті түспей қалды. Оны халыққа көңіл – күй сыйлау деп есептеу керек. Өнер болғаннан кейін елге тамаша бір дүние көрсету керек. Сондықтан, кәдімгі айтыстар кәдімгі айтыс болып өте береді. Ал шоу айтысқа аты айтып тұрғандай әртістер қатысады. Енді әр өнердің өз құпиясы болады. Ішкі «асханасы» болады. Сондықтан, бұл жерде ең маңызды мәселе ол халықты жалықтырып алмаса болды. Айтыс өзінің көрерменін көбейтпесе, жоғалтып алған жоқ.

«Ұнаса екен деп шығарған әніміз»___________________________________________________

         Соңғы шыққан әндеріңізден «Төрешің» әні тыңдармандар арасында сынға ұшырап жатыр. «Шетелдің әніне «плагиат» жасады» деп те айтып жатыр. Отандық әншілерімізздің халыққа берерінен, шетелден алатыны көп болып кеткендей емес пе?

        Енді бізде де сазгерлер жоқ емес, өте көп, жетеді. Тура бір шетелдің әнін естіп алып тура сондай ән шығарып беріңізші дегеннен гөрі сол әнді алып сөзін жаза салған біздің әншілерге оңайырақ шығар, кім біледі. Бірақ, ол жерде ең маңыздысы не айтып тұр, қай тілде айтып тұр, не айтқысы келіп тұр. Себебі, музыкада тіл жоқ. Музыканы соған ұқсатып та шығаруға болады, айналдыраған жеті – ақ нота. Ол «Төрешің» деген әнге маған ұсыныс жасады. Қасымдағы достарым, бауырларым, музыкальный продюссерім бар, Есен Жүсіп,  мен де ізденісте жүрем, ол да көбінесе ізденісте жүреді. Маған келетін, менің оң жамбасыма түсетін әндерді іздеп жүріп осы әнді өзі көрген, сөйтіп, Қайнар Алагөзов деген ақынға жаздырып, маған ұсынды. Бұл әнді  жақсы ән болғаннан соң айттым. Талғамға талас жоқ қой, әркім әртүрлі талғамда. Сондықтан, ұнамайтындар да болады, ұнайтындар да болады. Біз халыққа ұнамай қалсын деп шығармаймыз. Ұнаса екен деп шығарған әніміз болатын.

Төрешің

        Жас буын өкілі ретінде жастар саясатына араласу ойыңызда бар ма?

        Әркім өзінше саясаткер болуы керек. Мен билікке араласып кететіндей, биліктің басына барып үндеу жүргізетіндей  деңгейге жетпеген де шығармын. Құдай біледі,  қазір ондай сауатым да жоқ, болашақта кім біледі өнер саласында болса араласуға болады.

         «Сын түзелмей мін түзелмейді» деп жатамыз. Жалпы, сын көтере аласыз ба? Сізге қаншалықты сын жиі айтылады?

        Көбінесе елдің, халықтың тарапынан, көрермендердің айтып жататын сындарының мен көбін  түзеген сияқтымын. Өйткені, ол халық. Олар  бұрыннан әншілерге сын айтып келеді. Жаңадан шыққандарды шайнап тастайды ғой. Сахнаға айтысқа шыққанда тек шапанды киіп отырып домбыра тартып отырған адам қолына микрофон алып секеңдеп сахнаға шығып кету ол да оңай емес. Белгілі бір зейіннен келесі бір зейінге ауысып кету деген басқа әлемге баспалдақ қой. Сондықтан ән айтып жүрген кезде көп сындар айтылатын. Сахнада тұрыс бар, әрі – бері жүріс бар, әнді қалай орындау керек. Сол сындардың барлығын естіп жүріп мен өзімнің тәжірибеме салдым. Мен актерлықты оқып жүргенде өтіп кеткенмін ол сыннан. Кейіннен жәймен түзедік.  Ол дұрыс сын болса онда тұрған ештеңе жоқ. Мінсіз адам болмайды.

«Әнде де сөз бар»_______________________________________________________________

         Қазіргі кезде гастрольдік сапарлармен жүрсіз. Бұл сапар пайда көзі ме әлде халыққа кеңінен танылудың бір жолы ма? Өзіңізді үлкен концерт беруге дайынмын деп ойлайсыз ба?

       Қазақ «Атың шықпаса жер өрте» дейді. Танымал болудың түрлі – түрлі жолдары бар. Қазір видеоны бір жерде отырып телефонға түсіріп ән айтып ғаламторға салып жібергендер де жұлдыз болып шыға келіп жатыр ғой. Бірақ біздің діттегеніміз, көксегеніміз бір ауылға барып концерт беріп жұлдыз болып кету деген арам ой емес. Керісінше, ешқандай өнерпаздар бармайтын ауылдарға да барып жүрген кезіміз болды. Ол халықтың ниеті, ықыласы. Шынымен, үлкен кісілер  риза болып жатады. Алыстан құдалар келгендей күтіп алып жатады. Сол кісілердің риза болғанын көріп біз де риза боламыз. Еңбектің жемісі осы деп ойлаймыз. Бір жағынан бізде бұдан басқа жұмыс жоқ. Елдерді аралап концерт қоюымыз керек. Бірақ үлкен қаладағы концерттерге біздің дайындық жетіспейді әлі де. «Ұшарымызды жел біліп, қонарымызды сай біліп», сол баяғы қазақтың Ақан серілері, Біржандары салып кеткен сара жол, қазіргі заманауи тұлғада біз кеш береміз. Ол бізге қалай есептесеңіз де табыс көзі бола алмайды. Менің жеке кешім деп аталғанымен де ол жерде қасымда он адам жүреді. Шағып, есепке кететін болсаңыз, ары – бері қанша жол бар, ол адамдардың жататын жері бар, тамағы бар. Концерт беретін жердің өзінің жалақысы болады. Солардың барлығын есептегенде одан ештеңе де шықпайды. Сондықтан, біз керісінше өзіміз барып қойып кететін кездер болады. Құдайдың разылығы, халықтың разылығы үшін деп. Ал менің ойымдағы Төреғали Төреәлінің үлкен концерті әлі дайын емес.  Оған үлкен дайындық керек. Бірінші, ән қоржынын толтыру керек. Өте сапалы әндер керек. Дұрыс дүниелерді жинау керек. Сондықтан, жақсылап етек – жеңімізді жинап алып, сосын ғана үлкен қалаларға береміз, Құдай қаласа.  Оған дайындық үстіндеміз. Әзірге кішкене ертелеу.

        Айтыста ақындарымыз ақиқат пен ел мұңын айтады. Әнші жүректегі сөзін әнмен жеткізеді. Жүректегі сөзді айтамын деп ақиқаттан алыстап кеттім деп ойламайсыз ба?

        Барды бар етіп айтыста жүргенде де айтып жүрдім. Әнмен де халықтың мәселесін айтуға болады, негізі. Елдегі мәселені әнге айналдырып басқашалай жеткізуге де болады. Ол тақырыптарды кейде қозғаймыз айтыстың тактикасына салып. Оны әрқалай түсінгендер түсініп жатады. Аллаға шүкір, шындықты айтатын ақындарымыз бар ғой. Бірақ, қазір еліміз Құдайға шүкір, шырқыратып шындықты айтып жатардай халде емес, Қазақстанда бәрі жақсы сияқты. Менің пікірім бойынша, ештеңе ақсап тұрған жоқ сияқты. Әнде де шындықты айтуға болады. Әнде де сөз бар ғой.

      Есте қалған қызық оқиғаңызбен бөліссеңіз...

       Осындай сәттерде есіңе ештеңе түспей қалады екен. Негізі, ондай қызық оқиғалар көп болып тұрады. Есімде жоқ екен. Баяғы студенттік кезде көп болған.

        Сұхбатыңызға рахмет!

      Сұхбаттасқан Гүлжанат Беласар