Саяхат жасауға тиімді тоғыз өзгеріс

Саяхат жасауға тиімді тоғыз өзгеріс

Қазіргі таңда әлемнің түкпір-түкпірін аралап, саяхат жасау әдетке айналғандай. Бұрындары саяхат жасаудың ешбір орайы келмеген еді. Көлік қатынастары баяу қозғалып, туристтік инфрақұрылым жеткілікті деңгейде дамымады. Соңғы 50 жылда болған өзгерістер оңтайлы саяхат жасауға бар септігін тигізді.

Дөңгелегі бар шабадандар. Жолға шықпас бұрын, керекті дүниелерді жинастырып, оларды мұқият салып қоюға болады. Енді ауыр шабаданды көтерудің еш қажеті жоқ. Шабаданды сүйреу арқылы саяхатыңыз жайлы әрі жеңіл өтеді.

 

Туристтік жолдамаларды ғаламтор арқылы сатып алу. Саяхатқа шығу үшін енді сізге туристтік агенттіктердің қызметіне жүгінудің қажеті жоқ.  Ғаламтор беттерін ақтара отырып, туристтік жолдамаларға тапсырыс беру, қонақүй бөлмелерін таңдап, ары-бері жол билетін сатып алуға болады.

Интернет. Барлық қонақүйлерде WI-FI қосылған. Интернеттің арқасында сіз үнемі жақындарыңызбен хабарласып, шұғыл шаруаларыңызды бітіре аласыз.

Ұялы телефон. Енді таксофон не телефон бекетін іздеудің еш қажет жоқ. Байланыс операторының роуминг қызметіне жүгіне отырып, кез келген уақытта хат алысып, хабарласа аласыз.

Банкомат. Тәуліктің кез келген уақытында пластикалық картаңыздан керекті ақша-қаражатыңызды банкоматтан ала аласыз.

GPS-Навигатор. Бөтен қалада адасып қаламын деп ойласаңыз, қателескеніңіз. Себебі, GPS-навигатор көмегімен қажетті мекендерді адаспай табуға болады.

 

Интернет арқылы тіркеуден өту. Әуежайға ертерек барып, ұзын-сонар кезекте тұрудың қажет жоқ. Себебі, тіркеуден он-лайн желісінде өтуге болады. Тіркеуден өтіп қана қоймай, ұшақтағы қалаған орынды таңдай аласыз.

Сандық фото. Саяхат кезінде түсірілген фотосуреттерді көру үшін оларды баспадан өткізуге тура келетін. Ал енді сандық фотоаппараттардың арқасында түсірілген суреттерді бірден көріп қана қоймай, оны ғаламтор арқылы енгізуге болады.

Интерактивті карта. Өте ыңғайлы дүние. Карта арқылы керекті мекенді тауып, ең жылдам бағытты анықтауға болады.

 Суреттер: http://nm2000.kz, http://www.travelandtourism-gossip.com, http://kaznavi.kz 

Ғ. Ұзақ