Әлемнің ең әсем көлдері

Әлемнің ең әсем көлдері

Табиғаттың әсемдігін ешқандай фото-фильтр қайталай алмайтыны анық.

Бұл жерлердің көркем табиғатын бір суреттен ұғынып мүмкін емес, оның әдемілігін тек сол жерге барып қана бағалауға болады. Әлемдегі ең әсем көлдердің тізімі қандай?

Байкал көлі, Ресей

Әлемнің ең терең көлінің аумағы 31 722 шаршы метрді құрайды. Ғалымдар 25-35 миллион жыл бұрын пайда болған деседі. Бұл көлдің суының мөлдірлігі соншалық, 30-40 метр тереңдіктегі нәрселерді анық көруге болады. Сонымен қатар, Байкал көлінің суында метан көп болғандықтан, мұз еріген уақытта су бетінде теп-тегіс шеңберлер пайда болады. Мұны жақын арадағы таудың шыңынан да анық байқауға болады. Жергілікті тұрғындар мен саяхатшылар бұл шеңберлерді жат ғаламшарлықтардың іздері деп есептейді екен.

Хиллер көлі, Аустралия

Аустралияның оңтүстік-батысында, оңашалау жерде эвкалипт орманымен қоршалған Хиллер көлі бар. Бұл көлге барғысы келгендер тек әуе көлігімен ғана жете алады. Көлдің ерекшелігі – суының қанық алқызыл түске боялғандығы. Бұл ерекше жағдайдың себебі әлі белгісіз. Ғалымдардың "су ішіндегі балдырлардың себебінен" деген жорамалдары тексеру нәтижесінде расталмады.

Крейтер көлі, АҚШ

Аты айтып тұрғандай, Крейтер көлі жанартаудың кратерінде, яғни тура аузында орналасқан. Крейтер – Америкадағы ең терең көл. Ешқандай өзен келіп құймайтындықтан, қоршаған ортадан бөлектеніп, мөп-мөлдір халде тұр. Бұл көлде жүз жылдан астам уақыт бойы үлкен "бөрене" қалқып жүреді. Ғалымдар мұны көл суының құрамында ерекше компоненттердің болуынан деп есептейді.

Бес гүл көлі, Қытай

Бес гүл көлі – Қытайдың Цзючжайгоу Ұлттық саябағындағы көптеген су бөгендерінің бірі. Тереңдігі бар болғаны 5 метр болатын көлдің түбінде бір-бірімен айқасып өскен ағаштар бар. Көгілдір түсті көл суы мен айналасын қоршаған ағаштардың тудырған әсем көрінісін көру үшін күніне мыңнан астам туристер келеді екен.

Резия көлі, Италия

Оңтүстік-тирольдық Резия  көлі қолдан жасалған: 1950 жылы жергілікті билік өкілдері су тоғанын салу кезінде осы жердегі бірнеше ауылдарды да су астына батыруды ойластырған. Соның нәтижесінде барлығы суға кетіп, тек ХІV ғасырда салынған қоңыраулы шіркеу ғана құламай сақталған. Шіркеудегі қоңырау алынып тасталса да, түн уағында қоңырау даусы естіледі деген аңыз бар.

Эйбрахам көлі, Канада

 

Канаданың Альберт провинциясында орналасқан Эйбрахам көлінің әсем көрінісін тамашалағыңыз келсе, қыста барғаныңыз дұрыс. Табиғаттың дәл осы мезгілінде су бетіне метан көпіршіктері көтеріліп, көл түбінде әдемі өрнектер пайда болады. Алайда, бұл әсем көріністі тамашалау үшін қыстың қақаған аязына, азынаған желіне, жердің тайғақтығына дайын болу керек.

Накуру көлі, Кения

Кениядағы Накуру көлі өзінің әсемдігімен емес, жергілікті фаунасының әдемілігімен ерекше. Тереңдігі 3 метрді құрайтын көлдің ащы суында көп мөлшерде фитопланктондар бар. Осы планктондарды жеу үшін мұнда мыңдаған қоқиқаздар келіп, Накуру көлін алқызыл түске бояйды.

Плитвиц көлдері, Хорватия

 

Хорватия Ұлттық саябағының ең тамаша жері – бір-бірімен сарқырамалар арқылы байланысқан көк-жасыл түсті 16 көл. Көлдердің айналасында үңгірлер саны өте көп. Плитвиц көлдері ЮНЕСКО-ның "Бүкіләлемдік Мұралары" тізіміне енген.

Тааль көлі, Филиппин Республикасы

 

Париж - Эйфель мұнарасымен, Лондон - Биг Бенімен, Нью-Йорк - Бостандық ескерткішімен танымал. Ал Филиппин Республикасының символы – Тааль көлі. Көл ішіндегі аралда орналасқан кішкене көл мыңдаған жыл бұрын жанартау атқылауы нәтижесінде пайда болған. 

Дайындаған: Назерке Смағұл

Сурет: fotopremiya.ru, elle.ru

Y. Smaghul