Менің Индонезия аралдарындағы күндерім

Менің Индонезия аралдарындағы күндерім

"Саяхатты сүйемін" жобасының бүгінгі кейіпкері – Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті, журналистика факультетінің 3-курс студенті Фариза Калимурзина. Фариза сіздерге Индонезияның Бали, Ломбок аралдарындағы қызықты күндері туралы әңгімелеп береді.

Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында жол түсіп, Малай архипелагындағы ең кішкентай аралдардың бірі, Үнді мен Тынық мұхиттарының арасында орналасқан Индонезияның інжу–маржаны, сан мыңдаған ғибадатханалар тоғысқан жер - Бали мен Ломбок аралдарына саяхаттадым. Демалысымның негізгі бөлігі Балиде өткендіктен, осы жер туралы әңгімелеп, алған әсеріммен бөлісейін. Бұл жер көпшілікке «ғибадатхана аралы», «махаббат аралы», «нәзіктік пен сұлулық үйлескен арал» деген аттармен жақсы таныс. Расымен де әдемі жағажай мен үнемі жанып тұратын шырақтар көздің жауын алып, ерекше тыныштық күйге бөлейді. Бұл көрініс - нағыз романтика.  Ұшақтан түсе сала, 40 градус ыссылық пен ылғалды климат жаныңа бірден сезіледі. Біздің елде бұл кезде күн жаңа жылынып жатты, 10 градус шамасында ғана болатын.

Бұл жерде халықтың 70 пайызы мотоциклмен жүреді екен. Арал кішкентай болғандықтан, көліктерге қарағанда бұл транспорт әлдеқайда қолайлы. Ел экономикасының негізі көзі – туризм. Бұл жаққа көршілес орыс ағайындарымыз көп келеді екен, яғни, бір жылда келіп демалатындардың  68 пайызға жуығы ресейліктер. Демалушылардан корейліктер мен қытайлықтардың да саны басым, қалғандары өзге елдерден келген туристер.

Индонезиялықтардың мәдениетінде «ақ пен қара» түс ұғымы бар, яғни, «жақсылық пен жамандық» сынды қалыптасқан бұл сенім көшелердегі мүсіндерде, үй мен мекемелерде көрініс тапқан. Ел тұрғындары осы екі түске сеніп, бүкіл жағдайларды осы қарама–қайшы екі ұғыммен байланыстырады.

Аралдың жер бедері таулы болғандықтан, сейсмикалық тұрақсыздық себебінен зәулім ғимараттар тұрғызуға рұқсат берілмеген. Сондықтан шығар, бұл арал маған үлкен бір ауыл сияқты көрінді. Алғашқы күндерім тек мұхитқа түсіп, жағажай жанында күнге қыздырынумен өтті. Ал соңғы аптамда маймылдар алаңына және экзотикалық бақ пен пілдер саябағына аттандым.  

Осыншама тынымсыз, сүйкімді де ақылды, жабайы да жұмсақ маймылдар арасында қалып, нағыз джунгли аурасын сезіну мен үшін естен кетпес сәт болды.

Сонымен қатар,  мұнда  мен кәдімгі сүйікті шоколадымыз дайындалатын какао бобтарын, экзотикалық алуан түрлі жеміс-жидектер мен кокостың өсуін  көріп, тәнті болдым.

Кофені жақсы көретін адамдар дәмін татып көрмесе де, әлемдегі ең қымбат, премиум класына жататын әйгілі индонезиялық лувак кофесі жайлы естіген шығар. Оны лувак жануарының қорытылған тамақ қалдықтарынан жасайды екен. Яғни, жануарды арнайы қолайлы жағдайда өсіріп, одан шыққан кофе түйіршіктерін бүкіл әлем нарығына шығарып отырады. Бұл жерде мен Лувак кофесін ішуден бұрын, оны өндіру процессіне де куә болдым.

Дәмі, шынымен де, тіл үйірерлік, өз дәрежесіне лайықты екен.

Балидегі қызықты демалысым Ломбок аралына саяхаттаумен жалғасты, онда дайвинг, серфинг сияқты спорт түрлерімен айналысып, ерекше адреналин алып қайттым.

Бұл демалыс мен үшін ерекше болды. Бали аралы расында да махаббат пен нәзіктік, тыныштық пен жігер, сұлулық пен қарапайымдылық үйлесім тапқан арал екеніне көзім жетті, өзгеше көңіл күй мен керемет әсер алдым.

Әңгімелескен: Шерхан Талапұлы

Сурет: Фариза Калимурзина

Оқи отырыңыз:

Ғайни Немышеваның Испаниядағы күндері

Әліби Манаштың Дубайдағы күндері

Жамиля Халымбетованың Қытайдағы күндері

Айгерім Абдиханованың Лондондағы күндері

Жолдас Өрісбаевтың Америкадағы күндері

Мақпал Сембайдың Қытайдағы күндері

Шерзат Баратовтың Еуропадағы күндері

Шолпан Сыдықтың Түркиядағы күндері

Мейрамбек Таубалдиевтің Испаниядағы күндері

Құралай Ахметтің Еуропадағы күндері

Фариза Ертаеваның Америкадағы күндері

Сания Дауталиеваның Малайзиядағы күндері

Н. Айдархан