Ұлытаудағы аңшылық туралы сұқбат #соңы

Ұлытаудағы аңшылық туралы сұқбат #соңы

Басы мұнда

Қазақстандық Ұлттық Географиялық Қоғамының бастауымен жүзеге асқан «Ұлытау» экспедициясының жолбастаушысы болған Әлімхан аға Исмағұлұлы massaget.kz тілшісіне Ұлытау өңіріндегі аңшылық туралы сұқбат берген болатын. Сол сұқбаттың жалғасын оқыңыздар.

– Осы өңірде аң аулауға рұқсатты қалай аласыздар?

– Күздің басында аңшылық маусым басталып, күздің соңғы күндеріне шейін жалғасады. Сол кезде Аңшылық Қоғамына барып, рұқсат қағазын сатып алатын боламыз. Айта кетсек, бір адамға 10 қаз бен 15 үйрекке дейін атуға рұқсат етіледі. Оның өзін де әркімге бере бермейді. Ол үшін, әрине, аңшылық қабілетіңіз және тәжірибеңіз болуы тиіс, рұқсат етілген қару болу міндетті.

– Сонда рұқсат етілген 10 құс ату бір маусымға ма, әлде күндік норма болып есептелінеді ме?

– Ол күндік норма болып есептелінеді. Мысалы, сізге 15 үйрекке рұқсат болса, бір шыққан кезде одан артық ата алмайсыз. Егер ұсталып қалатын болсаңыз, айып пұл салынады. Жиналған олжаны үйге тастап, тағы да сол лицензиямен аңға шыға беруге болады. Лицензия бір маусымға бір рет қана беріледі.

– Қасқырды аулайсыздар ма?

– Ол ең бастысы ғой. Қасқырды кеңес өкіметі кезінде көп аулайтынбыз. Ол кезде әрбір қасқырдың терісі 47 сом, ал сыйақысы 50 сом еді. Жалпы, бір қасқыр атып келсек, 100 сом алатынбыз. Бұл ол кезде қомақты ақша болатын. Қазір өкіметтен бөлінетін ешқандай сыйақы жоқ. Оны кең көлемде аулау тоқтап қалды. Содан қасқырлардың саны көбейіп кеткен. Жеке қызығушылығы барлар ғана атуы мүмкін. Ол да болса бірен-саран.

– Ал қоян немесе түлкі көп кездесе ме?

– Иә, олардың бірнеше түрі осында тіршілік етеді. Оларды тек терісі үшін ғана аламыз. Сондай-ақ, түлкіге ұқсас қарсақ деген аң бар. Ол түлкіден салыстырмалы түрде кішілеу болады. Оның да терісі өте құнды болып есептелінеді. Одан бөлек құмды аймақта өмір сүретін қоянның түрі бар. Оның салмағы 3 кг-ға дейін барады. Қарапайым даланың қояндары 5 килограмнан да асады. Қыстың ақ қоянын бір күн дегенде екеу немесе үшеуін ғана алуға рұқсат етіледі.

Айта кетсек, шөппен қоректенетін аңдардың аналығы балаларын жалғыз өзі өсіреді. Ал ет жейтін аңдар жұп болып қарайды. Бұл табиғаттың заңдылығы, себебі, мына жапан далада ет табу оңайға соқпайды.

– Қызыл кітапқа енген аңдар немесе құстар бар ма?

– Бұлдырықтың көлеміндей келетін құстың бір түрі бар. Өзінің көркі де әдемі келеді. Оларды атуға тыйым салынған. Әрине, абайсызда атып қоятын сәттер де жоқ емес. Дегенмен, мұқият болуға тырысамыз.

– Ал борсықтың түрлері мекен етеді ме?

– Борсықтың зорман және күзен деген туыстары бар. Екеуі де терісі үшін ауланады. Олардың саны жеткілікті болғандықтан, толық рұқсат етілген. Зорман көбіне Бетбақдалада өмір сүреді. Көп суды қажет етпейтін тіршілік иесі. Тағы бір борсықтың түрі емдік мақсатта ауланады. Оның атауын ұмытып тұрмын. Терісі мүлде жарамайды. Оның тек майы ғана адам денсаулығына пайдалы болып келеді.

– Жалпы аңшылықтың өңірге келтірер пайдасы бар ма?

Далада жүрген әрбір аңның табиғаттан өзіндік қызметтері бар болады. Табиғатты сақтап қалу үшін әр қайсысының өзіндік рөлі бар. Мысалы, қасқырды атқаның табиғатқа да, жергілікті халыққа да пайдалы. Елдің малын шауып жүрген сол қасқыр болғандықтан, бізге тұрғындар ризашылығын білдіріп те жатады.  

– Мұнда аңдар мен құстардың азаюына тағы да қандай факторлар әсер етеді?

– Бізде ылғал жылдан-жылға азайып келеді. Ылғал болса, тіршілік те жанданар еді. Соңғы кездері жаңбыр да, қар да аз жауатын болған. Ол бүкіл континенттік ауа райының өзгерісі негізінде болып жатқан үдеріс болса керек.

– Аң аулауды қанша жастан бастадыңыз?

– Мен тоғыз жастан бастағанмын. 55-ші жылдары кеңес өкіметі кезінде қысқа колибрлі қарулар көп болатын. Дегенмен, бала кезімізден бастап аңшы болуды мақсат етпедік. Өмірдің өзі үйретті. Ұлытаудан 35 шақырым жердегі Ешкіөлмес деген жерде тұрған кезімізде кешкісін жігіттерге ілесе шығып киік атып келетінбіз.

– Аңшының қажетті жасақтарына не кіреді?

– Аңшыда міндетті түрде қаруға рұқсат ететін құжат болуы тиіс. Одан бөлек аңшының кітапшасы, екі-үш күндік азығы мен көліктің артық керек жабдығы бар болуы керек. Сондай-ақ, өңірдің аңшылық қоғамына мүше болу міндетті. Және белгіленген жылдық төлемақыны уақытында төлеп тұру керек.

– Сұқбатыңызға рақмет!

Сұқбаттасқан: Жолдас Өрісбаев

Сурет: ©Massaget.kz

Ж. Өрісбай