Ұлытаудағы аңшылық: Қазір киікті атуға мүлде рұқсат жоқ

Ұлытаудағы аңшылық: Қазір киікті атуға мүлде рұқсат жоқ

Қазақстандық Ұлттық Географиялық Қоғамының бастауымен жүзеге асқан «Ұлытау» экспедициясының жолбастаушысы болған Әлімхан аға Исмағұлұлы massaget.kz тілшісіне Ұлытау өңіріндегі аңшылық туралы сұхбат берген болатын. Өзі жастайынан үлкендерге еріп, аңшылыққа қызыға өскен Әлімхан аға зейнетке шықса да қызығушылығын жалғастырып жүр екен.

- Ұлытау өңірінде аңшылық қаншалықты жолға қойылған?

- Бұл өңірдің тұрғындары аңшылыққа өте бейімделген. Ұлытауда аңшылар көбіне қаздарды атады. Оған бізде біршама үлкен Барақкөл, Терісайрық (тоған), Кішкенекөл, Ащыкөл және Бозыбайтал деген көлдер бар. Осы көлдердің барлығы бір аумақта орналасқан. Аралары 5, 10, 12 шақырымдар шамасында жатыр. Мысалы, жаздыгүні келген қаздар осында балапандап, өседі. Сосын күзге қарай, қыркүйектің соңына жақындаған тұста, солтүстіктің қазы оңтүстікке ұшқанда біздің көлдер арқылы өтеді. Сол кезде біз қаз аулауға шығамыз.

- Қазды аулаудың қандай әдістері бар?

- Оның әртүрлі әдістері бар. Қазды ұшып келе жатқанда ату дегені бар. Сосын қазды жатып ату дегені де бар. Тағы да оны көлдің жиегінен атуға болады. Бірақ соңғы жылдары көлдің жиегінен атуға өңірдің аңшылық қоғамы рұқсат етпей қойды. Әдетте қаз күз кезінде күніне екі-үш рет жайылуға шығады. Ал оған Барақкөл және Бозыбайталдың маңында егіндер бар. Егін орылғаннан кейін қалған масақ қаздарға азық болады. Сол себепті таңертең ерте қаз көлден шығып егінге барады. Біз егінде жатқан жерден күтіп алатын боламыз. Ол үшін біз, аңшылар тобы, әркім өзіне ор қазып, орнығып аламыз. Сосын қолдан қаздың мүсінін жасай отырып, ортаға қоямыз. Қаз сол мүсінді көреді де, біздің алдымызға келіп отырады. Дәл сол кезде біз оларды олжалап алатын боламыз.

- Өзге бір әдісті айтар болсақ...

- Кейбір қаздар көкке самғағанда алдымен көлді бірнеше рет айналып өтеді. Тағы біреулері бірден көтеріліп кетеді. Сол мезетте көлдің жиегінде жатып атуға мүмкіндік болады. Еске алар жағдай, Колбин бірінші хатшы болған кезде, осы өңірге келген болатын. Ол кезде Жезқазған облыс еді. Облыстың басшылары оны аңшылық серуенге алып барған екен. Дәл сол уақытта қаздардың келіп-кетіп жатқан кездері болыпты. Бас хатшы мол қаздардың көшіп жүргендерін көріп, 70 тонна қаздан қыстық дайындықты жасауды айтады. Дегенмен, ондай көлемді алу мүмкін емес еді. Себебі кез келген аңшы бір жеті жүріп бірде-бір құс құлата алмауы мүмкін. Ал өз үстімен ұшатын болса, бар болғаны бір-екі минутта он шақты қаз құлатуға да болады. Сондықтан, бұл жағдайға да байланысты болатынын ескеру керек.

- Өзге қандай аңдарды атумен айналысасыздар?

- Мұнда кезінде киік өте көп болған. Кешегі сексенінші жылға дейін лицензия беретін, яғни бір маусымда бес киік атуға лицензия берілген еді. Аталған санаудан асып кететін болсаңыз, айыппұл салынатын. Ол кезде киік өте көп болған. Осы өңірдің өзінде киіктің саны 500 мыңға дейін болатын. Қазіргі саны соңғы статистика бойынша бүкіл Қазақстанда 220 мың ғана қалыпты. Оның құрып кетуіне Кеңес Өкіметі ыдыраған кезде, киіктің мүйізіне бола ату белең алғандығы себеп болды. Мүйізін кесіп алып, денесін далада қалдырып кете берген. Ал мүйізі киіктің еркегінде болғасын, олардың саны азайып, мүлде ұрпақ жалғастыруы да қысқарып кетті. Ал қазір еліміз оны мұқият бақылауға ала бастады. Қазір киікті атуға мүлде рұқсат жоқ. Атқан бойда ұсталатын болса, 1 миллион теңге есебінде айып төлеуге міндетті болады. Содан біз оны атпаймыз.

Одан бөлек атуға болатын дала құстары бар. Мысалы, бұлдырық деген құстың еті өте тығыз болады. Оның екеуін атып алсаң, төрт адамға толық азық бола алады. Сосын бөденеге ұқсас құстар осында тіршілік етеді. Олар топ болып өмір сүреді. Оның да еті өте алқымды, әрі емді болады. Тағы да үйректің италақаз, қазқабын, алаүйрек, сүңгуірүйрек дейтін 30 шақты түрлері кездеседі. Жалпы үйректі қанжығаға байлау да оңайға соқпайды. Мысалы, көлдің жағасында келе жатқанда екі-үш жерден бірнеше аңшы бақылап келуі керек.

Жалғасы бар

Сұхбаттасқан: Жолдас Өрісбаев

Сурет: ©Massaget.kz

Ж. Өрісбай