"Ұлытау" экспедициясы күнделігінен #3

"Ұлытау" экспедициясы күнделігінен #3

«Ұлытау» экспедициясы күнделігінен #1

"Ұлытау" экспедициясы күнделігінен #2

Қазақстандық Ұлттық географиялық Қоғамның бастауымен болған "Ұлытау" экспедициясының мүшесі болған тілшінің күнделігінен жазбалар.

14.08 – Түнде кеш жатып, таңға қарай ерте тұрдық. Таңғы алтыда Зарина бәрінен бұрын тұрып Астанаға жол тартыпты. Жұмысынан толық сұрана алмаған болса керек. Ол кісімен бірге жүрген өте қызық болатын. Әдебиетке қанық тілші. Біз тура Агата Кристидің «Он қарадомалағы» секілді азая бердік...

Тамақтанып алып, лагерьге жүрдік. Бүгінгі жоспарда қасиетті Ұлытау тауының ең биік шыңы Әулиетау тұрды. Оның биіктігі туралы ғаламторда 1139 метр деп жазылыпты, дегенмен, жергілікті тұрғындар 1134 метр дегенді айтты.

Лагерьге жетсек, Виталий алдымыздан шығып, біздің көліктің бұзылып қалғанын және осыған орай кешіккеніміз туралы Айбас қыстауының жігітінен есіткенін айтты. Біздің бастан кешкенімізді көбі қызығып сұрай кетті. Бұл таңертеңнен басты тақырыпқа айналды.

Лагерьде Сәулет қалып, қалғандары аталған шыңға Ұлытау ауылы жағынан шығуға бет алды. Аз-көп қажеттіліктерімізді алып, тауға өрмелей кеттік. Көш басында Елена, сосын Жанет, ал сосын мен келе жаттық. Бір кез Елена төменге көз салып, дәл он үш екенімізді айтты. Әр түрлі деректерден белгілі он үш саны баяғыдан сәтсіздіктің нышаны болған. Осыған қатысты біраз пікірлер айтыла кетті. Кейін Жанет пікірталасты доғару үшін: «Біз 12+1 қатысушымыз», – деп қайыра кетті. Ал мен әдеттегідей табиғаттың сұлулығын суретке түсіруді жалғастыра бердім.

Олег те өз камерасымен бір озып, бір қалып жұмысымен айналысуды жалғастырды. Грег және Виталий өте сергек тауға өрмелейді екен. Жарты сағаттың ішінде кімнің спорттық дайындығы бар екенін біліп қалдық. Осылай Ұлытау көркі мен жоғарыдан байқалатын әдемі тамаша панораманы түсіре, жоғарыға жылжи бердік.

Тоқтаусыз бір жарым сағатта белгіленген нүктеге жеттік. Шыңның Әулиетау деп аталуының себебі, ол жерде бес әулиенің моласы бар екен. Бірақ олардың қай ғасырда жерленгені туралы мәлімет таба алмадық.

Расында шыңның айналасында мазарлар өте көп болып шықты. Сосын екі биіктың арасында, ықта киіз үй тігіліпті. Оның ішкі қаңқасы төзімді болу үшін темірден құрастырылыпған екен. Не үшін салынғаны туралы біле алмадық. Мүмкін осы маңның тұрғындарының өз сенімдері бар болар.

Бір жағынан ауа-райы суықтай түсіп немесе күрт жаңбыр жауып кеткен бойда уақытша паналауға арналып салынған секілді. Расында, біз шыңға жеткенде, аспан қара бұлтқа айналып, суық жел соға бастады.

Арамыздағы Мәдиге қиын болды. Себебі ол өте жеңіл киініп алған болатын. Арқалап алған суларымызды да ешкім ішкен жоқ.

Шыңда жарты сағаттай аялдадық. Тіпті телефон арқылы хабарласуға мүмкіндік бар екен. Сигнал табылып отыр. Картографтар өз ісімен, ал Шум болса су ресурстарымен, нақтырақ айтсақ, шыңдардың ойық жерлерінде жиналып қалған көлдердің суларынан зертханаға пробаларын алып алды. Оның айтуына қарағанда осы өңірдегі судың тұтыну деңгейі өте төмен екен. Бірнеше күн бұрын ауыл тұрғындары биікте жалпы сегіз көлдің бар екенін және олардың ең көлемдісі Жындыкөл (суы мезгілімен тартылып кете беретіндігінен осылай атаған болса керек) деп аталатынын айтқан болатын. Ал біз оның үшеуін таптық.

Енді түсүге дайындалдық. Түсу бағыты ауылға қарама-қарсы жақта болып, бірнеше төмендеу шыңдардан асып өтуді қажет ететін жаңа маршрут болатын. Бұл Виталийдің жаңа туристік маршруттары бойынша жалпы жоспарға енген екен. Ендігі бағыт тың және күрделі болғандықтан, шамасы келмейтіндерге топтың жүруіне кедергі болмауын сұрадық. Гүлнұр мен Айгүл сол еріктілердің қатарынан табылды. Олар шыққан жолмен қайтып түсетін болды. Төменде оларды көлік күтіп алады.

Сонымен сағат түскі екіде Әулиетаудан лагерьге тік түсе кеттік. Жаңа жол біз ойлағаннан да күрделі болып шықты. Оның үстіне суық жел соға түсті.

Әр қырды асып түсу әрқайсымызды да елең-алаңға салып жіберді. Асулардың тік болмауы үшін арасынан қардың суы түскен сайлармен жылдамдата түстік. Толығымен алты сағат дегенде лагерьдің қасынан табылдық. Ешкімнің де жаңа бағыт туралы пікір айтуға шамасы жоқ еді. Барлығы бүгінгі жүрістен әбден талығып бітіпті.

Автор: Жолдас Өрісбаев

Сурет: ©Massaget.kz

Ж. Өрісбай