"Ұлытау" экспедициясы күнделігінен #2

"Ұлытау" экспедициясы күнделігінен #2

«Ұлытау» экспедициясы күнделігінен #1

Қазақстандық Ұлттық Географиялық қоғамның ұйымдастырылуымен болған "Ұлытау" экспедициясының күнделігінен.

13.08 - Бүгін экспедиция жоспары бойынша Алаша хан, Жошы хан және Домбауыл кесенелеріне жолға шығуға дайындалып жаттық. Қолымызда бары төрт көлік. Александр мен Кириллдің жол таңдамайтын Тойота Прадолары, сондай-ақ, ауылдың Серікболсын және Ғибадат есімді жігіттері өз көліктерінде жалданып жұмысқа шыққан.

Таңертеңнен жолымыз болмады. Ғибадат пен Серік күндік төлемақыны аздау деп Сәулетпен сөзге келіп қалған еді. Содан кейін жолға шығып, лагерьден 7 шақырым қашықта Саша ағайдың көлігінің артқы дөңгелегі сынып, көліктің өзі аударылып кете жаздады. Жылдамдықтың есебінен босап кеткен дөңгелек біршама жерге дейін домалап, кетіп үлгерген.

Ішінде Саша ағай, Виталий, Елена және Олег болатын. Кирилл бастаған инженерлер тобы өз көліктерімен сынған дөңгелекке жаңа гайкаларды алып келуге Жезқазғанға жол тартты. Ал қалған екі көлік Ұлытауға барып, күтуге келісті. Сәулет бұл оқыс жағдай туралы әзірге білмейтін. Ол лагерьде кезекші болып қалған еді.

Біз Ұлытау ауылында тағы да таңғы асымызды ішіп алып, ендігі көлікті күтіп отырдық. Осы уақыт аралығында ауылдың шетінде бой көтерген Асан қайғының мүсініне барып қайттық. Биіктігі 16 метрді қамтитын Ұлы бабамыздың ескерткіші ел ақсақалдарының бастауымен осыдан бес жыл бұрын салыныпты. Ел аузында қалған аңыздарға сенсек, Асан қайғы Жерұйықты іздеп, осы Ұлытау өңіріне келіп тоқтаған-мыс.

Сосын қалған көліктен хабар күттік. Дегенмен, түске дейін ешкім келмеді. Бос отырмастан, лагерьге қайтып Сәулеттің өзге жоспарын жүзеге асыруына мүмкіндік беруге бел будық. Сәулет Сарлық ауылының әкімінен жергілікті мекенді жақсы білетін кісі беруін сұрайтынын айтқан болатын. Сондықтан, біз лагерьге қайта оралып, Сәулетке бос көлікті жеткіздік.

Соңыра Сәулет жоспарлы күнді босқа жоғалтпау үшін баратын адамдарды іріктеп, аталған кесенелерге екі көлікпен аттанатын болдық. Көліктегі ауылдың жігіттері.

Тік баратын жол жоқ болатындықтан, алдымен Сәтбаев қаласына, сосын қайтадан солтүстікке қарай 90 шақырым жүрдік. Ал лагерьден Сәтбаев қаласына дейін 110 шақырым екен. Алаша хан кесенесіне ең жақын ауыл Малшыбай деп аталады.

Сосын, арықарай ауыл ішіне кіріп, тағы да 28 шақырым жүрдік. Домбауыл кесенесі орналасқан жерден Жошы ханның кесенесі де көрінеді екен. Ол жер оқшауланып, реставрацияланыпты. Оның қасында ретінен балбалтастар тұрғызылған. Аты белгігі кісінің жанұясымен жерленген жері болса керек деп ойладық.

Домбауылдан Жошы хан мазарына дейін 7 шақырым. Сосын көп уақыт өткізбей Жошы ханға асықтық. Себебі күн батуға таяп қалған еді. Ал күннің көзі жоғалғанша видео және фото жұмыстарымызды жасап үлгермесек, осынша жол басып келгеніміз босқа кететін еді. Көліктерді асықтырғанымызбен, ескі Лада моделі инфрақұрылымы жоқ дала жолында өте жылдам қозғала алмайтын.

Жеттік. Суретке түсіріп те үлгердік. Олег те өз жұмысын уақытылы жасай алды. Күннің батып жатқан кездегі сәулесі фотоға ерекше әр беретін. Осымен бүгінгі жоспар орындалған еді. Енді тек үйге жету ғана қалды.

Сәтбаевтың тасжолына шығатын қысқа жол болар деп, сол маңға жақын жердегі қыстаулардың біріне барып, жол бағытын сұрауды ұйғардық. Бір қыстауға жетсек, бетіне әжім түскен бір кісі алдымыздан шықты. Өзі қазақ даласында жүрген орыс болса да, орысша сөйлеуден қалмапты. Бір сәт Мағауиннің сары қазағы есіме түсе кетті. Бірақ екі кейіпкер мүлде салыстыруға келмейтін. Мұхтардың берген образы, тіпті оның қазақша сөйлеуі бұл кісіден бөлек еді. Тағы бір жағынан оның өмір сүру жағдайына қарасаң, қасында сенімді бір иті ғана бар Робинзон Крузоға да ұқсайтыны бар. Жапан далада лашықта жалғыз өзі өмір сүреді екен.

Қысыл-таяң уақытта Крузо мырза бізге дұрыс бағыт көрсетті. Бетбақ жолмен тасжолға тік шығу арқылы біршама уақыт үнемдейтін сияқтымыз. Біздің мақсат та осы болатын, яғни қысқа бағыттар мен жолдарды анықтап, кейіннен ол жердің инфрақұрылымдық жобасын жасамақ болғанбыз. Туристерге жол көрсететін қарапайым белгілерді жоқтығы да туризмді дамыту қажет екендігін көрсетеді.

Осы уақытта менде «адасып кеттік пе?» деген ой пайда бола бастады. Себебі алдымыздан жолайырықтар шығып қала берді. Елуде елу ойыны секілді таңдаумен даланы жарып шықтық. Ал Сәтбаевқа келгенде көліктердің бірі жүруге жарамай қалды. Тежегіші істен шығыпты. Оның дәл қалаға жетіп бұзылғанына да шүкіршілік еттік. ҚазМұнайГаз жанармай орталығында көлікпен әрлі-берлі әуре болып, бір жарым сағаттай уақыт жоғалттық. Уақыт түн ортасына таяп қалған кез.

Олег жалданған көліктерге риза болмай, Сәулетке наласын айта берді. Екі жүргізуші көлікті жөндеуге тырысып жатқан кезде, Сәулет Ұлытауға баратын такси жалдап, Жанет, Зарина, Айгүл мен Олегтерді Ұлытауға жөнелтпек болды.

Мен осы уақытты пайдаланып, үйге, жұмысқа хабарласып алдым. Ал такси келгенде Олег бізбен қалатынын айтты. Такси кеткеніне жарты сағаттай уақыт болғанда, көлік жөнделмейтін болып, екінші көлікпен біз де қайтуды ұйғардық. Ал Серік өз көлігімен сонда қалып, таң атуын күтуден басқа амалы қалмады.

Жолаушылар жолда ұйықтап келе жатты. Ғибадат та көлікті жүргізіп бара жатқанда қалқып кете берді. Өте қауіпті еді. Сосын Сәулет оның ұйықтап кетпеуі үшін қасында үнемі сөйлеп отырды. Түнгі сағат екіде Ұлытауға жеттік. Лагерьмен ешқандай байланыс жоқ болғандықтан, Александрдың көлігі туралы біле алмадық.

Автор: Жолдас Өрісбаев

Сурет: ©Massaget.kz

Ж. Өрісбай