ТӘУЕЛСІЗ ТЕАТР ТРУППАСЫ
"Біз бәрібір B.O.Q – тамыз..."
Театр десе көз алдыңызға не келеді? Зал. Ереже. Мәдениет пен өркениет.
"Театр өнері актерлер ойынымен, пьесалармен, сахналық қойылым, не бимен қаланбайды. Бұл – әр түрлі саланың жиынтығы". Театр – адамның рухани тынығу аймағы. Сахнаға қойылым шықпас бұрын, бірнеше ай дайындықтан өтеді. Актер шыңдалады. Сценарий сан құбылады. Режиссер жұмысы мың толғанады. Театрдың шығармашылық тобын "труппа" деп атайды. Олардың арасында тәуелсізі де бар...
Труппа ұғымын толығырақ түсіндіріп кетсеңіз...
— "Ленком" Мәскеу театрының көркемдік жетекшісі және бас режиссері Марк Захаров бірде былай деген болатын: "Мінсіз труппа болуы мүмкін бе?" — бұл сұрақ "Мінсіз режиссер, актер тіпті қарапайым адам болуы мүмкін бе?" деген секілді естіледі. Яғни, мүмкін емес... Бұндай пәлсапаға толы сұрақтарды былай ысырып қойып, менің ойымдағы "мінсіз труппаның" қандай екенін айтайын. Мінсіз труппа – актерлік шеберлікті жетік меңгерген, сыртқы келбеті арқылы көрермен назарын еріксіз аудартатын, ішкі энергетикалық потенциалы басым, шығармашылыққа жақын адамдар тобы. Олардың іргетасы академиялық театрлар негізінде қаланып, кейін шығармашылық дамуды одан әрі жетілдіруді қолға алады. Идеяны жеткізудің жаңа, заманауи ерекшелігін қалыптастыруды өздерінің міндеті санайды".
Тәуелсіз театр труппасы. Оны құрайтын адамдар дарынды, актерлік қабілетке ие, музыкаға бейім. Олар жоқтан бар жасайды. Олардың қойылымы үшін үлкен сахнаның керегі шамалы. Мұны өнер әлеміндігі музыка бағытымен салыстартын болсақ, 90-жылдары көлікжайда жаттығып, кешкі клубта тыңдарман жинайтын рок группасы секілді...
— Олар үлкен театр сахнасында ойнай ала ма?
— Иә, ойнай алады. Олар да режиссерлермен жұмыс істейді. Сценарий жазылады. Қойылымға музыкалық жетекші тағайындалады.
Академиялық театрлардың негізі қаланғаннан бері тәуелсіз театр труппасын (Бродячая труппа) кездестіру қиынға соға бастады. Өйткені, труппа – үлкен театрдың моторы іспеттес. Сахнаға шығатын барлық нәрсе сол адамдардың ақылдасуымен, шешімімен іске асады. Қазақстанда жастар негізін қалаған алғашқы тәуелсіз театр өз жұмысын бастады. Труппа "Lab316" деп аталады.
Шынайы аты: LABORATORY #316
Туған күні: 21.10.2017
Жұлдызнамасы: Таразы
Туған жері: "Трансформа"
Ұстанымы: "Біздің жұмыс – сахна кеңістігімен және дайындық уақытымен шектелмеуі тиіс".
Алғашқы сөзі: "B.O.Q" немесе Фридрих Дюрренматтың "Геркулес және Авгий ат қорасы" туындысы
Әкесі: Куба Адылов.
Бұл труппаның алғашқы қойылымы "B.O.Q"– тың тұсаукесерінен бері бір жылдан астам уақыт өтті. Жақында қайта көрсетілген қойылымның куәгері болып қайттық. Труппа мүшелерінің айтуынша, Ф. Дюрренматтың "Геркулес және Авгий атқорасы" пьесасын қазақшаға өздері аударған және атауына сәл "қазақылық" сыйлап "B.O.Q" деп өзгеріс енгізген.

Сахна. Сахна дейтіндей әншілер мен театр актерлері "кие" тұтатын үлкен сахнаны көзіміз шалмады. Кішкентай кеңістік. Театр кеңістігі. Айналаның бәрі қара пердемен жабылған және көрермендерге арналып шағын аймақ бөлінген. Кіре салып, биікке отыруға жармасқан біз жер мен орындықтың арасы алшақ әрі оны тірейтін ешнәрсе жоғын көріп, шалқайып отырудан сәл жасқандық.

Сахнада төрт жылжымалы тақтай орналасқан. Бұл тақтай жай тақтай емес, театр сахнасының жылжымалы пердесі рөлін алмастырады.

– "Ханымдар мен мырзалар". Қойылым басталды. Сахнаға шыққан көзілдірікті жігіт өзін Полибий – Геркулестің көмекшісі ретінде таныстырды.
Жанна Қапасова (Геркулеске қолы жетпеген ару, труппа мүшесі):
Біздің қойылымды ұйымдастыру барысында оның керең-мылқауға да түсінікті болуын өзімізге міндет ретінде жүктедік. Қойылымға шетелдік азаматтар, өзге ұлт өкілдері көрермен ретінде келген болатын. Барлығы әр түрлі әсермен қайтты. Тіпті, шетелге шақырамыз деген ойларын да білдірген болатын.
Көрермен пікірі:
Сөзсіз қойылымды толыққанды түсіну мүмкін емес. Әрине, актерлердің шеберлігі арқылы олардың іс-қимылдарына қарап, оқиғаның қандай бағытта өрбіп жатқанын ұғуға болады. Бірақ, бұл қойылымның барлық жүгін кейіпкер сөзі көтереді.
Оқиға қарызға белшесінен батқан халық батыры Геркулестің Элида патшасы Авгийдің сасық қорасын тазалауға аттануымен өрбиді.
Қуанышбек Нұрғазы (Қалыңдығы қашқан Авгий ұлы, труппа мүшесі)
Академиялық театрлар бізді "жек көреді" десек те болады. Фестивальға қатысқан сәтімізде білікті актерлер сынның астына алды. Әрине, біз оларға еш қарсылық білдірмейміз. Біздің ойымызша, академиялық театрмен бірге біз секілді эксперименттік театр да болуы керек. Олар біз білетін театр сол күйінде қалуы керек деген көзқараста. Бізге айтылған сындардың керегін ғана қабылдадық. Қателіктермен жұмыс істейтін боламыз.
Көрермен пікірі:
Академиялық театрға барған сайын рахаттанып қайтамын деп айта алмаймын. Еркіндік пен шынайылық жетіспейтін секілді. Өз арамызда қатты "театрланып" кеткен деп айтамыз. Мына қойылымның әсері басқаша болды. Оны мен көрермендердің аздығы және актерлердің көрерменмен жұмыс істеуімен байланыстырамын. Олардың қарағандарын, сөйлегендерін, ойындарын сезініп отырдым. Оның үстіне бір кезде көрермендердің өзін қойылымға қатыстырып қойды. Бір уақытта өздері көрермендер залында отырды. Кейде адам сезіне білу үшін оған өзі де атсалысуы керек.
Бір қызығы, адамдардың басым көпшілігі оқиғаның қалай аяқталғанын білместен қайтады. Өйткені, зер салып қараған адамға оқиғаның немен аяқталатыны басында-ақ көрсетіледі. Ол жерде символ ретінде хат қолданылады. Тіпті, Геркулестің өзі хаттан қайыр жоқ екендігін, онымен бірге ылғи жамандық та қатар келетінін атап өтеді.
Қуанышбек Нұрғазы:
Рөлдің жағымды не жағымсыз болуы бізге қатты әсер етпейді. Театр және кино әлемінде актерлердің көпшілігі сомдағалы отырған кейіпкерді зерттеп, оның "өмірін" сүріп кететіні бар. Біз ондай әрекеттен алшақпыз. Біз – сахнада ғана басқа адамбыз. Рөлге кіру керек сәтте кіріп, кейін одан ешнәрсе болмағандай жеңіл шығамыз.
Көрермен пікірі:
Театр сыншысы болмағандықтан, мүмкін байқамаған шығармыз. Бірақ, меніңше ойындары сәтті шықты. Дауыстарын мың құбылтуы, актерлердің өз табиғаттарына сай рөлдің таңдалуы, күлдіре білу, жылата білу... Тіпті, ұрыс-керісті ыдыс-аяқтың сылдырымен көрсетуі де ұнады. Геркулестің түсін (мүмкін, галлюцинация) өте әсерлі берді.
Оқиға Геркулестің циркке шығу арқылы ақша табуымен, қала берді біз байқай бермейтін сахна артындағы былық пен көзбояушылықтар да көрсетіледі.
Қойылым бүгінгі күннің өзекті тақырыбы болған әлеуметтік мәселелерді көтереді. "B.O.Q" немесе кәдімгі "боқ" – бәріміз білетін, мойындайтын, бірақ, күресуге шамамыз жетпей жатқан немесе күресуге ерінетін бүкіл мәселелердің жиынтық формасы.
Тіпті, күрестен шаршап, оның жағымды жағын іздей бастайды. Ал, боқта не жақсылық болушы еді?! Мына әлемді сасық пиғылдан тазартпай, көркейтеміз, гүлдендіреміз деп әурелену қаншалықты дұрыс?

Өйткені, «біз бәрібір боқтамыз»...

Томирис Есқали
Контент-менеджер