"BLACK LIVES MATTER"
ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРІНІҢ ӘРЕКЕТІНЕН БАСТАЛҒАН ҚОЗҒАЛЫСТАР
"Nothing to kill or die for, no religion too,
Imagine all the people living life in peace..."
Джон Леннонның "Imagine" атты әнінің жарыққа шыққанына жарты ғасырға жуық уақыт өтсе де, мәтініндегі мән-мағына сол күйі өзгеріссіз қалды. Жылдан жылға жастар арасында "әлем азаматы" деген түсінікпен өмір сүруге, ұлтты ұлтқа, нәсілді нәсілге жіктемей, барлығына төзімділік таныта білетін, сол қалпында қабылдай білетін адам болуға деген құлшыныс артып келеді. Армандары – соғыссыз өмір, жазықсыз өлімге жол бермеу және құқықы бірдей қоғам қалыптастыру.

Дегенмен, расизм, ұлтшылдық, ксенефобия секілді түсініктер әлі күнге дейін қоғамның өзекті тақырыбы болып отыр.
АҚШ: ШУЛЫ ОҚИҒА
Соңғы жылдары Америка Құрама Штаттарында осы уақытқа дейін аз бөлігі саналған этникалық және нәсілдік топтардың артуы байқалған. Америка халқының статистикасы әр жерде әртүрлі. Дегенмен болжам бойынша 2018 жылы барлығы 328 миллион адам тіркелген. Оларды жіктеген кезде ақтар үлесі – 75%, соның ішінде ана тілі испан тілі емес ақтар – 61,6-65,5%, ақ нәсілді латиноамерикалықтар шамамен 14%.

Ал, афроамерикалықтар – 12,2-13%, азиаттар – 5-5,6%, метистер – 2,6-3%, байырғы америка тұрғындары – 1%.
Ақ нәсілді расистер мен өзге нәсілді топтар арасындағы қарулы қақтығыстардың басым бөлігі 1865-1968 жыл аралығында болды. Құжат бойынша соңғы жағдай 1981 жылы тіркелген. Заманауи Америкада жасырын расизмнің барын жоққа шығармайды. Оны барлығы түбі тереңге жайылған нәсілдік таптаурындар, қате түсініктен туып отыр. Жасырын расизм адамдардың өзге нәсілді адаммен жақын араласпауынан, оларды шеттетуден, олармен некеге отыруға отбасы ішінде қарсылық танытқаннан аңғаруға болады.
Видеода Эми полицияға хабарласып, өз өміріне қара нәсілді америкалықтың қауіп төндіріп жатқанын мәлімдеген.
Мысалы, АҚШ-та білім алып жатқан Жолдас Өрісбаев өзінің телеграм арнасында жасырын расизмнің көрінісі ретінде мына оқиғаны сипаттайды: "Кристиан Купер есімді афро-америкалық Нью-Йорктың орталық паркіндегі құстар сайрайтын аймағында Эми Купер (тегтерінің бірдей болуы кездейсоқтық) ақ нәсілді америкалықтың итін жібінен босатып жібергенін көріп, олай жасауға болмайтынын айтқан. Эми оған көнбеген соң, Кристиан видеоға түсіруді бастаған. Видеода Эми полицияға хабарласып, өз өміріне қара нәсілді америкалықтың қауіп төндіріп жатқанын мәлімдеген. Расында, АҚШ-та дәл осы Эми сынды әйелдердің кесірінен бірталай қара нәсілділер түрмеге қамалғаны тарихтан белгілі (To Kill a Mockingbird). Сондықтан оның бұл әрекеті ұлттық деңгейде талқыланып, расистік деп танылды. Көп өтпей, осы оқиғаға орай, Эми өзінің Нью-Йорк қаласындағы жоғары лауазымды жұмысынан да шығарылды".
Бұл оқиғаның ізі суымай, бүгінгі АҚШ-тағы қақтығысқа себеп болған басты оқиға орын алады. Миннесота штатындағы Миннеаполис қаласында 4 полиция қызметкері жалған банкнотты қолданды деген күдікпен Джордж Флойд есімді афроамерикалықты тұтқындайды. Шулы оқиғамен бірге камера жүретіні сөзсіз. Болған оқиғаның барлығын куәгерлер камераға жазып алып, оны әлеуметтік желіге жүктейді. Видеода Джордж полиция қызметкеріне қарсылық танытпаса да офицер оның мойнынан аяғын алмаған. Біраздан кейін (I can't breathe) "Демала алмай жатырмын" деген Флойд есінен таңып қалды. Кейін оның қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады.
Бұл әлі шарықтау шегіне жетпеген нәсілшілдікке қарсы қозғалыстың бастамасы болды және полиция қызметкерінің әрекетінен кейін болған үлкен қақтығыстың алғашқысы емес еді.
ҚАРА НӘСІЛДІЛЕРДІҢ АЗАМАТТЫҚ ҚҰҚЫҚҚА ИЕ БОЛУЫ
Құлдық дәуірі гүрілдеп тұрған шағы мен сегрегацияның онжылдығында АҚШ-тың оңтүстік штаттарында ақ нәсілділердің үстемдігін көрсететін құқықтық әрі саяси жүйесін құрды. Ақ нәсілділер мен қара нәсілділер бір партада отыруға рұқсат бермейтін, қоғамдық көліктерде арнайы орындарға отыруды құптайтын және тағы басқа бөліп-жарудың айқын көрінісін сипаттайтын Джим Кроу заңы жұмыс істеді. Көптеген дүкен, мейрамхана, қонақ үй қара нәсілді азаматтарға қызмет көрсетуден бас тартты. Ал, қара нәсілділер ақ нәсілділерді "мырза", "ханым" деп атау керек болды. Тіпті, аз болса да ақ нәсілділердің мойындауына ие болған қара нәсілді көлік иелері саяхат кезінде кемсіту, бөлу және агрессивті қарым-қатынастан аулақ болу үшін "жасыл кітап" атымен танымал The Negro Motorist Green Book пайдаланады.

1954 жылы "Браун білім жөнінде Кеңеске қарсы" атты істе АҚШ жоғары соты қара нәсілділерді бөліп-жару ұғымының барын және оған қарсы күресу керек деген шешімге келеді. Әрине, оңтүстік штат билігі бұны оңай қабылдай қоймады. Екі нәсіл арасындағы қақтығыс 1968 жылға дейін жалғасады.
ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРІНІҢ ӘРЕКЕТІНЕН БАСТАУ АЛҒАН ҚОЗҒАЛЫСТАР
1
1992. Құқық қорғау орындарының үстемдігі
2
2001. Цинциннати қаласындағы толқу
3
2014. Фергюсондегі қақтығыстар
4
2015. Балтимордегі бассыздық
5
2016. Кітап не қару?

6
2020. Өшпеген үміт немесе "қара соғыс"
Қара нәсілділер өзінің азамат ретінде құқыған ие болып, жоғарыда аталған шектетулерден арылғанымен, ақтардың оларға деген сенімі мен дұрыс көзқарасы бірден қалыптаса қоймайды. Полиция қызметкерлерінің арасында қара нәсілділерді ұрып-соғу, оларды қанау әрекеті жалғаса берді. Қара нәсілді жапа шеккен жағдайдың өзінде шығарылатын сот шешімі де әділ емес болатын.
1992. ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ОРЫНДАРЫНЫҢ ӘДІЛЕТСІЗДІГІ
1992 жылы 29 сәуір мен 4 мамыр аралығында Лос-Анджелес көтерілісі орын алады. Оған басты себеп заң бұзған қараны ұрған төрт полиция қызметкерін ақтап шыққан сот үкімімен қатар, жыл басынан бері орын алған түрлі оқиғалар негіз болады:
☉ Лос-Анджелес құқық қорғау қызметкерлері адамдардың нәсіліне қарай таңдайды және шектен тыс күш қолданады деген наным.
☉ Қара нәсілді Родни Кингті ақ нәсілді полиция қызметкерлері таяқтың астына алады.
☉ 1991 жылдың 16 наурызында корей текті америкалық бойжеткен 15 жастағы қара нәсілді Латаша Харлинс (Latasha Harlins) есімді жасөспірімді атып өлтіреді. Сот отырысында қылмыстың қасақана жасалғаны дәлелденгеніне қарамастан түпкі шешім бойынша сот жеңіл үкім шығарады — 5 жылға ғана бас бостандығынан айырады.
Бұл 1967 жылы болған Детройт бүлігінен кейінгі ең ірі азаматтық көтеріліс атауымен тарихта қалады. Беймарал көтеріліс соңы үлкен қақтығықа ұласып, билік қарулы күштердің көмегіне сүйенді. Қақтығыс басылған бойда, өз мансабын асыра пайдаланғаны полиция қызметкерлерінің үстінен қайта сот ісі қозғалып, олар жұмыстан шығарылады.
2001. ЦИНЦИННАТИ ҚАЛАСЫНДАҒЫ ҚОЗҒАЛЫС
2001 жылы 7 сәуірде 19 жастағы Тимоти Томас полиция қолынан қаза табады. Кейін бұл жағдайды расизм деп қабылдаған афроамерикалықтар көтеріліс бастайды. Қаланың тарихи орталығында үлкен базарды өртеп, көше бойындағы кеңселер мен дүкендерді қиратады. Полиция қызметкерлеріне оқ жаудырып, тек ақ нәсілді болғаны үшін адамдарды ұрып жығады. Араға бес күн салып, АҚШ билігі төтенше жағдай жариялап, коменданттық сағат орнатады.
2014. ФЕРГЮСОНДЕГІ ҚАҚТЫҒЫСТАР
Миссури штатының, Фергюсон қаласында 2014 жылы 9 тамызда ірі көтерілістердің бірі болды. Аталған оқиға басты себеп болған 18 жастағы қарусыз афроамерикалық Майкл Браунның жергілікті полиция қызметкері Даррелл Уилсонның қолынан қаза табуы еді. Көтеріліске қатысқандардың басым бөлігі жергілікті афроамерикалық қоғамның мүшелері болатын. Бассыздықтар Twitter және әлеуметтік желі арқылы таралған ақпарат негізінде басталады. Желіде Браун қолын көтергеніне қарамастан, нәсілшілдік тұрғысынан қауіпті саналып атылды деген хабарлама тарайды. Қақтығыс біраз уақыттан кейін басылғанымен, 24 қарашада қайта өршиді. Өйткені, сот шешімі бойынша Даррелл Уилсонге тағылған айып негізсіз деп танылып, ол бостандыққа шығады.

Қарсы көтерілу акциялары АҚШ-тың басқа қалаларында да жалғасады. Толқу толықтай 2 желтоқсанда аяқталады.
2015. БАЛТИМОРДАҒЫ БАССЫЗДЫҚ
Бұл жағдайға да себепші болған тұтқындау барысында алған жарақаттан қаза тапқан қара нәсілді – Фредди Грей. 25 сәуірде басталған көтеріліс бастапқыда бейбіт түрде пікір білдіру болатын. Бірақ, Фреддидің жаназасы кезінде полиция қызметкерлері мен арызданушылара арасында қақтығыс туады. Қақтығыс кезінде полиция көліктері өртеніп, қызметкерлері түрлі деңгейде жарақаттанады. 300-ден астам тұтқындалады. Тек 1 мамырда Фреддиді тұтқындауға қатысқан полиция қызметкерлеріне қатысты сот үрдісі басталғаны және оқ жаудырған офицерге 15 жылдан бастап өмір бойы бас бостандығынан айыруы мүмкін екенін анықталғаннан кейін халық тынышталады
2016. КІТАП ӘЛДЕ ҚАРУ?
2020. ӨШПЕГЕН ҮМІТ НЕМЕСЕ "ҚАРА СОҒЫС"
Атап өткеніміздей, 25 мамырда Миннеаполисте қара нәсілді америкалық Джордж Флойд тұтқындау кезінде қаза табады. Камераға түскен өмірінің соңғы минуты интернет кеңістігіне бірден таралады да қоғамда үлкен резонанс тудырады.

26 мамырда оқиға болған автобус аялдамасы Джордж Флойдты еске алу аймағы ғана болып қана қоймай, Black Lives Matter бейбіт қозғалысының алаңы болады. Күн бойына қозғалысқа қатысушылардың саны жүзге жетеді. Қозғалысқа қатысушылар Миннеаполистегі полиция учаскелеріне дейін шерулетіп барады. Бейбіт қозғалыс деп аталғанымен, олар бірнеше полиция көлігінің әйнегін шағып, залал келтіріп үлгереді. Полиция түтінді гранаттар қолданады.

Кейін қозғалыс басқыншылыққа ұласады: олар автосалонды өртеп, Target дүкендер желісін тонайды. Штатта 28 мамырда төтенше жағдай жарияланды.

"АҚШ-ты қанша демократиялық ел деп танығанымызбен, мұнда радикалды ақтар көптің қасы. Олардың қатарында 11th Hour Remnant Messenger, American Reneissance, American Freedom House party, American Nazi Party, Aryan Brotherhood of Texas, Atomwaffen Division, EURO, Hammerskins, Identity Evropa сынды ұйымдар бар. Осы ұйымдардың тарапындағылар ақтардың өктемдігін қолдайды, сәйкесінше, өзге нәсіл өкілдерін өздерінен бір табан төмен деп санайды.

Мұндай радикалды идеология солшылдардың қатарында да бар. Жоғарыда жазылған корсерваторлардың барлық принципінің қарама-қарсы жағы либералдарға тиесілі. Олар коллективизмді қолдайды. Коммунистер мен анархистер де либералдар тарапында. Демек радикалды солшылдарға қазіргі капиталистік жүйе де, корпоративті күшке ыңғайлы климат жасайтын билікке де қарсы. Олар "байлықтың теңдей қайта бөлуді" (wealth redistribution) мақұлдайды.

Осы солшыл радикалдар қазіргі протестерді өз мақсатында тиімді пайдаланып отыр. Мысалы, солшыл радикалды қозғалыстардың арасындағы ең белсенділерінің бірі ANTIFA America протестер басталғалы бері халықты жаппай көтерілуге, өзіңе қажет мүлікті күшпен тартып алуға шақырып жатыр. Тіпті консерваторлар тұратын аудандарға барып, топалаңын шығаруға да үгіттеуде. Әрине, протестердің негізгі толқынын ANTIFA үндеуі жасап жатқан жоқ. Десе де, радикалды әрекеттерді үгіттеп жатқаны белгілі. Сол үшін бүгін Твиттер олардың аккаунтын блоктап тастады"
Жолдас Өрісбай, журналист
"Атаңның баласы болма, адамның баласы бол"
"Әлем азаматы" – адамдардың бір-біріне ұқсамайтын болмысын қабылдау және оған төзімділік таныту, соғыс, қанау, басқыншылық деген әрекеттерді болдырмаудың жолын іздеуге құштар адамның сипаттамасы. Адамның өзі таңдауға құқығы жоқ белгілеріне бола бөліп-жару және кемсіту – надандық.
Қазақта "атаңның баласы болма, адамның баласы бол" деген жақсы сөз бар. Адамзатты адамгершілік, сыйластық пен мейірім құтқарады.


Томирис Есқали
контент-менеджер