Португалия құрамасы Конфедерация кубогында үшінші орын алды (видео)

О Сансызбай Корреспондент
Португалия құрамасы Конфедерация кубогында үшінші орын алды (видео)
Фото ©️ vk.com

Футболдан Ресейде өтіп жатқан Конфедерация кубогында Португалия құрамасы үшінші орын алды. Роналдусыз алаңға шыққан Фернанду Сантуш шәкірттері Мексика құрамасын қосымша уақыт қорытындысы бойынша ұтып шықты.

БӨЛІСУ

Бірінші таймда командалар есеп аша алған жоқ. 17 минутта Андре Сильва пенальти соға алмады. Есесіне екінші таймда бірінші болып Мексика құрамасы есеп ашты. Чичаритоның тепкен добын Нету ыңғайсыз қайтарып, өз қақпасына гол соғып алды. Негізгі уақыт аяқталар тұста қорғаушы Пепе командасын жеңілістен құтқарып қалды. Рикордо Куарежманың әуелете асырған добына бірінші жеткен футболшы допты Гильерме Очоа қақпасында тулатты. Нәтижесінде командалар негізгі уақытта тең ойнап шықты.

Қосымша уақытта Португалия құрамасы жеңіске жетті. 103 минутта Мексика қорғаушысы өз айып алаңында қолмен ойнап, бас төреші Фаһад әл-Мирдаси пенальти белгіледі. Бұл жолы Адриен Силваның тепкен добын Гильерме Очоа қайтара алмады. Ойын соңына дейін екі командадан да бір-бір ойыншы алаңнан қуылды.

Қосымша уақытта жеңіске жеткен Португалия құрамасы Конфедерация кубогы үшінші орын алды. Ал аз уақыттан кейін Чили мен Германия құрамалары финалда кездеседі.

Айта кетейік, Конфедерация кубогы алдында сарапшылар бұл жарыста Португалия құрамасы жеңіске жетеді деп болжаған еді.