Алматыда дзюдо академиясы ашылды

О Сансызбай Корреспондент
Алматыда дзюдо академиясы ашылды
Фото ©️ massaget.kz

Алматы қаласында халықаралық талаптарға сай дзюдо академиясы ашылды. Академия республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған спорт мектебінің аумағында орын тепкен.

БӨЛІСУ

Академияның ашылу салтанатына ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, Халықаралық дзюдо федерациясының президенті Мариус Визер мен Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Кеңес Рақышев қатысты.

Арыстанбек Мұхамедиұлы мен Мариус Визер академия лентасын қиды.

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек академияның ашылу салтанатымен құттықтап, ҚР дзюдо федерациясының президенті Кеңес Рақышевқа алғысын білдірді.

Мариус Визер де құттықтау сөзін жолдап, Қазақстанның дзюдо спортының дамуына көп септігі тиіп жатқанын тілге тиек етті.

Арыстанбек Мұхамедиұлы да жас жеткіншектер мен академия қызметкерлерін айтулы іс-шарамен құттықтады. Соңынан дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Ермек Имамбековты Елбасының құттықтау хатымен марапаттады.

Өз кезегінде Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Кеңес Рақышев кадеттер арасында әлем чемпионы Айболат Ыстыбайға академияның алтын кілтін табыстады. 

Спорт кешенінде 4 татамиге арналған зал мен жаттығу залы бар.

100 адамға арналған жатақхана мен асханасы бар.

Оның ішінде Қазақстан ұлттық құрамасының ғана спортшылары емес, дзюдо күресіне енді қызығушылық танытқан жеткіншектер де жаттығатын болады.

Сонымен қатар, академия аясында халықаралық дәрежеде оқу-жаттығулар, шетелдік мамандардың қатысуымен семинарлар мен шеберлік сабақтарын ұйымдастыру көзделген.