«Челси» Чемпиондар лигасынан шығып қалды

О Сансызбай Корреспондент
«Челси» Чемпиондар лигасынан шығып қалды

Футболдан Чемпиондар лигасының ширек финалына шыққан тағы екі клуб белгілі болды. Мюнхендік «Бавария» өз алаңында донецкілік «Шахтерды» ойсырата жеңсе, «ПСЖ» Лондонда нағыз тартысқа толы кездесуде ширек финалға жолдаманы иеленді.

БӨЛІСУ

«Шахтердың» Мюнхенде тауы шағылды

Хосеп Гвардиола шәкірттері украиналық клубты ірі есеппен ұтты. Өз алаңында тең нәтижеге қол жеткізген «Шахтер» «Альянс-Аренада» қауқар таныта алмады. Кездесудің 3 минутында Мирча Луческу шәкірттері 10 ойыншымен қалды. Өз айып алаңында ойын ережесін бұзған Александр Кучер алаңнан қуылды. Бір қарағанда украиналық клубтың ойыншысы қызыл қағаз алатындай өрескел ойын ережесін бұзбаған болатын. Бірақ, шотландиялық төреші "қаталдық" танытты. Нәтижесінде Александр Кучер Чемпиондар лигасы тарихында алаңды ерте тастап кеткен алғашқы ойыншы болып рекорд тіркеді.

Ойында Томас Мюллер дубль авторы атанса, Жером Боатенг, Франк Рибери, Хольгер Бадштубер, Роберт Левандовский және Марио Гетце еншілеріне бір-бір голдан жазды. Алаң иелері соққан 7 голға қонақтар 1 голмен де жауап қата алмады.

Мюнхендік «Бавария» Чемпиондар лигасында ірі есеппен жеңіске жеткен клуб ретіндегі өз рекордын қайталады. Бірақ, жаңарта алмады. Осыған дейін де неміс ұжымы 2011/2012 жылғы маусымда «Базельді» 7:0 есебімен жеңген болатын.

«ПСЖ» «Челсидан» өткен маусымдағы есесін қайтарды

1/8 финалдағы ең тартысты қарымта кездесу Лондондағы «Стэмфорд Бридж» стадионында өтті. Париждік «ПСЖ» «Челсидан» өткен маусымда кеткен есесін қайтарды. Алаң иелері екі рет есепте алға озғанымен, өжеттік танытқан Лоран Блан шәкірттері нағыз ерлік жасады. Себебі, клуб сапынан 31 минутта Златан Ибрагимович алаңнан қуылған болатын.

«ПСЖ» Златансыз да ширек финалға шыға білді. Ал швед ойыншысының алаңның қуылуы – нидерландылық төрешінің қателігінен болды деп айтуға негіз бар. Қақтығыс орын алған сәтте Златан өз аяғын тартып үлгерген болатын. Десе де Бьорн Кейперс ойланбастан шабуылшыны алаңнан қуды. Алдағы уақытта «ПСЖ» клубының басшылығы УЕФА-ға өз шағымын түсіретін болады. Егер төреші қателігі ескеріліп жатса, Златан Ибрагимович ширек финалда командасына көмектесе алады. Тағы бір айта кететіні, «ПСЖ» сұрмергені Чемпиондар лигасындағы төртінші қызыл қағазын алып, Эдгар Давидс рекордын қайталады. Бір қызығы, екі ойыншы да «Интер», «Милан», «Ювентус», «Аякс» және «Барселона» клубтарында өнер көрсеткен.

«Стэмфорд Бридж» стадионында өткен ойынның басты қаһарманы ретінде өткен маусым соңынан «ақсүйектерден» париждік клубқа ауысқан Давид Луисті тануға болады. Ол 81 минутта Гари Кэйхиллдің голына жауап қатып, 5 минуттан кейін-ақ таразы басын теңестірді. Ал қосымша уақытта өз қақпаларына белгіленген пенальтидің себепкері болған Тьяго Сильва кездесу аяқталар тұста өз қателігін толықтай жуып-шайды. Эден Азар 11 метрлік соққыдан мүлт кетпегенімен, стандартты жағдайда ешкім «ПСЖ» капитанын жауып үлгере алмады. «Челси» қорғаушылары бір емес, екі рет қателесті. Нәтижесінде Жозе Моуриньо жаттықтыратын лондондық клуб Чемпиондар лигасымен қош айтысты. Париждік клуб сырт алаңда соққан екі голының арқасында келесі кезеңге өтті. Әйтпесе, қос кездесу қорытындысы бойынша 3:3 нәтижесі тіркелген-ді

Айта кетейік, кеше Чемпиондар лигасының ширек финалына мадридтік «Реал» мен португалдық «Порту» шыққан болатын. Келесі аптада «Атлетико» - «Байер», «Монако» - «Арсенал», «Барселона» - «Манчестер Сити», «Боруссия д» - «Ювентус» ойындары өтеді.  

Сурет: AFP, Getty Images

Оқи отырыңыз

Чемпиондар лигасы. «Реал» өз алаңында жеңіліп қалды

Чемпиондар лигасы. Тең есептер тіркелді (видео)

Чемпиондар лигасы. «Бавария» - жеңеді, «ПСЖ» - жеңілмейді

Чемпиондар лигасы. Роналду Мессиден озды