Бәріне тең мүмкіндік:
әлемнің 7 инклюзив қаласы
Қоғам инклюзив болуы үшін сананы өзгертіп қана қою жеткіліксіз, сонымен қатар, айналамыздағы кеңістікке де назар аударымыз шарт.

Бір қарағанда, әбден қатталып қалған қалалық инфрақұрылым мен ортаны өзгерту күрделі шаруа көрінеді. Алайда осы бағытта жасалған әрбір қадам бізді тең құқықты әрі үйлесімді қоғамға айналдырады. Jusan-мен бірігіп жүзеге асырып жатқан «Шексіз мүмкіндіктер» жобасында біз қалалық орта проблемаларын Алматының мысалында талқылап көрдік. Ал мақалада шетелдік тәжірибеге көз тастап, қандай қалалар ерекше қажеттілігі бар адамдарға тұруға және саяхаттауға қолайлы екенін айтып береміз.
Барселона, Испания
Испания ерекше қажеттіліктері бар жандарға көмектесу бойынша жетекші орындардың бірін лайықты түрде алып отыр. 1938 жылы елде нашар көретіндерге көмек көрсету үшін ONCE құрметті қоры құрылған. 1988 жылдан бастап қор мүгедектігі бар адамдардың барлық тобының әлеуметтік инклюзиясына белсенді ықпал ету үшін өз өкілеттіктерін кеңейтті.

Барселонада арбамен қозғалатын адамдар көп, сондықтан халықтың аз қозғалатын топтары үшін қоршаған ортаны бейімдеуге көп көңіл бөлінеді. Қала әкімшілігі оны барлық жерде қолжетімді ету үшін айтарлықтай күш салып жатыр. Автобустар мен тротуарлар мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қажеттіліктері үшін толық жабдықталған және 2024 жылға қарай барлық метро станциясын бейімдеуге уәде беріп отыр. Тіпті қалалық жағажайларда мүгедектер арбасын пайдаланушыларға тамаша жағдай жасалған: келушілер суға апаратын арнайы жолдар мен кабиналарды ғана емес, сонымен қатар, суға түсуге көмектесетін құтқару қызметтерін де пайдалана алады.

Каталония астанасы танымал туристік бағыт болып есептеледі және жергілікті қызметтер ерекше қажеттіліктері бар туристерге арнайы шаралармен қамтамасыз еткен: көрікті жерлерге тегін бару және ыңғайсыздық пен стрессіз ләззат алу үшін кезектің жоқтығы.
Осло, Норвегия
Осло әлемде «әмбебап дизайн» принциптерін ресми түрде ұстанатын алғашқы қалалардың бірі болды. Бұл бағыт әдеттегі қолжетімділіктен асып түсіп, ғимараттар мен қоршаған ортаны барлығына ыңғайлы етуге тырысады. Мұндағы саябақтардың, муниципалды ғимараттардың және жағажайлардың көпшілігі әмбебап дизайнды ескере отырып жасалған. Осло қалалық кеңесі мүгедектігі бар адамдарға деген қамқорлығын тек сөзбен емес, іспен де растады: қаланы қайта құруды үйлестіретін және оның инклюзивтілігін қамтамасыз ететін жобаларға жыл сайын 1,85 миллион доллар бөлінеді. Бағдарлама барысында метро мен автобус жүйелері жаңартылды, ресми веб-сайттар әркім қажетті ақпаратты оңай ала алатындай бейімделді. Барлық метро станциясы, жерүсті пойыздары, автобустар мен қоғамдық паромдардың көпшілігі мүгедектер арбасына арналған.

Ослода көру қабілеті нашар адамдардың қажеттіліктері де ұмыт қалмаған: сипап-сезу жабындары, станциялар мен пойыздардағы дыбыстық хабарландырулар, сондай-ақ, дыбыстық сигналдармен жабдықталған өткелдер жолдарды қауіпсіз кесіп өтуге және саяхаттауға көмектеседі.
Берлин, Германия
Германия астанасы – бұл жай ғана қолжетімді емес, сонымен қатар, шынымен де инклюзив қала. Архитектуралық кедергілерді жоюға жұмсалған үлкен инвестицияның арқасында Берлин Еуропалық Одақтың Access City Award сыйлығымен марапатталды. Қоғамдық ғимараттардың көпшілігі кинотеатрлар, театрлар, кафелер мен мейрамханалар сияқты мүгедектер арбасына толықтай ашық. Бүкіл қала бойынша тротуарларда да, қоғамдық көліктерде де жүру оңай. Қалалық органдар мен қоғамдық ұйымдар арасындағы сенімді серіктестік инклюзив кеңістіктер құру үшін инновациялық шешімдерді әзірлеуге ықпал етеді. Қала әкімшілігі оны дамытуды тоқтатпайды және жайлы тұруды қамтамасыз ету үшін барлық азаматтың, соның ішінде мүгедектердің қажеттіліктеріне құлақ асады.
Мельбурн, Австралия
Мельбурнде әмбебап дизайн мен инклюзивтілік принциптері біріккен. Бұл мекенді барлық тұрғын мен қонаққа ыңғайлы орынға айналдыру үшін көптеген бастама қолға алынған.

Арбамен жүру үшін қол жетімділіктің жоғары деңгейі қамтамасыз етілген: іс жүзінде барлық автобус паркі, пойыздар мен теміржол станциялары мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қажеттілігін ескере отырып бейімделген. Мүгедектер арбасына арналған сүзгісі бар мобильді қосымшаның көмегімен саяхатты жоспарлау және қаланы игеру оңай.

Мельбурнның барлық ауданында пандустармен және сипап-сезу жабындармен жабдықталған тротуарлар бар, ал жаяу жүргіншілер өткелдеріндегі дыбыстық белгілер жолды қауіпсіз кесіп өтуге көмектеседі.

2019 жылдан бастап кейбір ауданда көру қабілеті нашар адамдарға навигациялық қолдау көрсету үшін арнайы маяктар орнатылды. Мүгедектерге арналған такси паркімен, қоғамдық дәретханалардың ыңғайлығымен және барлық көрікті жердің қолжетімділігімен Мельбурн бәріне мейірімді орынға айналады.
Сиэтл, АҚШ
Зүбаржат деп аталып кеткен Сиэтл қаласы көптеген жыл бойы инклюзив бейімделудің мысалы болып саналады. Мұндағы қоғамдық көлік қырық жылдан астам уақыттан бері мүгедектер арбасына бейімделген. Сонымен қатар, ерекше қажеттіліктері бар жолаушыларға жеңілдіктер беріледі, бұл әкімшіліктің өз тұрғындарына деген қамқорлығын көрсетеді. Есіктен есікке дейін жеткізілетін арнайы көлік жүйесінің болуы мүгедектерге ыңғайлы қатынауға және еркіндігіне кепілдік береді.

Ерекше қажеттіліктері бар адамдар қауымдастығына деген оң көзқарасты Microsoft және Boeing сияқты жергілікті ірі компаниялар көрсетіп берген, олар мүгедектерді белсенді жұмыспен қамту міндетін қояды және олардың кәсіби өсуіне мүдделі. Aл Вашингтон штатының университеті мен Harborview ауруханасы жұлыны зақымданған адамдарға оңалту және қолдау бағдарламаларын ұсынады, бұл әлеуметтік өмірге қатысуға көмектеседі.
Милан, Италия
Милан – Ломбардияның астанасы және қолжетімді инфрақұрылым маңызды рөл атқаратын ең танымал туристік бағыт. Барлық тұрғын мен қонақтың, әсіресе ерекше қажеттіліктері бар адамдардың жайлылығына қамқорлық жасау – биліктің мақтанышы әрі еңбегі.

Миланның тарихи ескерткіштері мен ғимараттары инклюзивке айналған, мүгедектердің мұқтажына бейімделген.

Тіпті әлемге әйгілі Ла Скала опера театрында архитектуралық кедергілер жоқ және пандустардың арқасында көрермендер залдың кез келген бөлігіне оңай жете алады.

Қалада олар тең мүмкіндіктердің құрылуын мұқият қадағалайды. Мүгедектігі бар адамдар кез келген болашақ жұмысшыға үміткер бола алатын және ол барлық норма мен талап бойынша жабдықталуға тиіс бірқатар шара бекітілді.
Сингапур
Сингапур инклюзив қоғамның идеяларын қамтиды, мұнда әрбір азамат қалалық өмірге қатысу және атсалысу еркіндігін пайдалана алады. Кедергісіз қаланың әмбебап код жүйесі 30 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келеді: ескілері үнемі жаңартылып отырады, қауіпсіз эскалаторлар мен лифттер салынып жатыр.

Барлық метро станциясы басымдығы бар лифттермен, сипап-сезу бағдарларымен, оңай оқылатын навигациямен және дыбыстық индикаторлармен жабдықталған, бұл қозғалысты мүмкіндігінше ыңғайлы етеді.

Такси туралы да айта кетуге болады: кез келген такси қол арбамен жүрген адамды тасымалдай алады, ал электр арбалары бар жолаушылар үшін кең көліктерге тапсырыс беру үшін арнайы қызмет бар.

Жыл сайын қалалар өз инфрақұрылымы мен қызметтерін ерекше қажеттіліктері бар адамдарға бейімдеумен белсенді айналысып келеді. Қоршаған ортаға, қоғамдық кеңістіктерге, көлік пен коммуникацияға қатысты маңызды мәселелер қаланы бағалауда шешуші рөл атқарады және инклюзияны қамтамасыз етуде зор сынақ саналады.

Халықтың барлық тобының қажеттіліктері неғұрлым ертерек зерттеліп, ескерілсе, соғұрлым тезірек бәріне бірдей тең мүмкіндіктер бере аламыз және қалаларымызда өмір сүру сапасын жақсарта аламыз.