Гульдер
Қазақ өнерінің гүлжауһары "Гүлдер" ансамблі:
Танылу тарихы, сәулелі сәттері мен бүгіні
Эстрада өнеріне тың серпін беріп, төрткүл дүниенің төрт бұрышына қазақ мәдениетін танытқан, шалғайда жүрген әрбір қазақ баласын шабыттандырған феномен – "Гүлдер" ансамблі.

Ұлттық нақыштағы музыкалық-хореографиялық туындыларымен сахна төріне жол тартқан ансамбль жарты ғасырдан астам уақыт iшiнде шарықтау мен тоқырау кезеңдерiн басынан кешті. Шығармашылық ұжымның әсем әнін, күмбірлі күйі мен мың бұралған биін аға буын тамсана еске алса, кейінгі ұрпақ өкілдерінің білетіні аз. Ендеше қайта бүршік атқан "Гүлдердің" тамыр тартқан тарихына көз жүгіртіп, өнер өлкесіне бірге сапар шегейік.

1. "Гүлдер" ансамблі. Бастауы
Социалистік Қазақстанның экономика, өндіріс, спорт және мәдениет салалары өрге басқан кезең. Қазақконцерт гастрольдік бірлестігінің солистері Роза Бағланова, Жүсіпбек Елебеков, Бибігүл Төлегенова, Шара Жиенқұлова, Гүлжихан Ғалиева сынды өнер майталмандарының сахнада жарқырап жүрген шағы. Дәл осы уақытта қазақ эстрадалық жастар ансамблі құрылады.
    • "Гүлдер" республикалық эстрадалық жастар ансамблі Үкіметтің 1968 жылғы 9 шілдедегі қаулысымен "Қазаққонцерт" бірлестігінде құрылды.
    • 1960 жылдардың соңында Мүсілім Абдуллин, Асылғазы Бекбаев, Батыр Амангелдиев, Еркеғали Рахмадиев, жас режиссер Ғабиден Тұяқбаев секілді біртуар қайраткерлер концерттік бірлестіктің басшылығында қызмет етті.
    • Көркемсөз оқу шебері, актриса, халық әртісі Гүлжихан Ғалиева жас, жаңа ұжымның директоры ретінде сол кездегі режиссер Асқар Тоқпановпен бірге республиканың түкпір-түкпірін аралап, ең үздік кәсіби әртістерді ансамбль қатарына алды.
    • 1969 жылы Мәдениет министрлігінің бұйрығымен "Гүлдер" қазақ эстрадалық жастар ансамблі болып аталды.
    • Ұжым бір жылдан аса концертке дайындалып, 1969 жылы 29 қазанда қазіргі Лермонтов атындағы орыс драма театрының ғимаратында "Гүлдер" қазақ эстрадалық жастар ансамблінің тұсаукесері өтті.
    • Сол кезден бастап өнер көгінде ансамбльдің жұлдызы жарқырай көрінді. Аз уақыт ішінде әлемдік мәдени кеңістіктегі Қазақстанның мәртебесін көтеріп, мерейін асыра білді.
    2. Гүрілдеген «Гүлдер»
    Ұжым ешкімге еліктемеді. Соның арқасында "Гүлдер" ансамблінің өз қолтаңбасы мен өзіндік стилі пайда болды. "Струны степей" деп аталатын ең алғашқы қойылымы эстрадалық өнерге жаңа леп алып келді. Әр концерттен соң қайыңдай тербелген қазақ қыздарының, дәстүрлі ән өнерін дәріптеген солистердің атағы арта берді.

    Кубаның астанасы Гаванада өткен ХІ студент жастар фестивалінен кейін ансамбль әлемге танымал болды. Бірінен соң бірі ілескен республикалық, халықаралық, әлемдік деңгейдегі жүлделер "Гүлдердің" жанкүйерлерінің қатарын көбейте түсті. Көп ұзамай ансамбльді әлемнің әр бұрышында асыға күтті.
    "Гүлдер" қазақи өнерді жаңғыртып, әр адамның ұлты мен тегіне қарамай қызығушылығын арттыра білді. Өнерпаздар Еуропаға, Азия мен Америкаға қазақ өнерін паш етті. Атап айтқанда, Қытай, Үндістан, Германия, Польша, Жапония, Куба, Болгария, Моңғолия, Израиль, Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттеріне гастрольдік сапарларға шығып, концерттік бағдарламаларды көрермен назарына ұсынды.
    Бір концертте жанды дауыста 20 шақты ән шырқайтын әншілеріміз бен мың бұралған бишілерден құралған ансамбль туралы әлемдік газет-журналдар жарыса жазды.
    3. Ансамбльдің тұтқасын ұстаған тұлғалар
    Ансамбль алғашында 71 адамнан тұрды. Гүлжан Талпақова, Сара Тыныштығұлова, Роза Рымбаева, Қапаш Құлышева, Қайрат Байбосынов, Қалампыр Рахимова, Нағима Есқалиева, Айжан Нұрмағамбетова, Мақпал Жүнісова, Майра Нұркенова, Сембек Жұмағалиев, Жеңіс Ысқақова, Бақыт Шадаева, Қанат және Айткүл Құдайбергеновтер, Меңтай Өтепбергенов, Бақтияр Тайлақбаев және т.б. өнер майталмандары қызметтік жолдарын осы ансамбльден бастады.

    Ансамбльдің шығармашылық құрамы өте жас болса да, танымалдыққа ие болып, көрермен көзайымына айналды.

    Бағдарламалардың бірінші бөлімі халық әндері, күй, айтыс, ұлттық билерден құралды. Екіншісінде әртістер кеңестік композиторлар А. Пахмутованың, Д. Тухмановтың, П. Ермишевтің, С. Бәйтерековтің, К. Дүйсекеевтің Н. Тілендиевтің, А. Бабаджанянның, Г. Мовсесянның, сондай-ақ шетелдік авторлардың шығармаларын орындады.

    Ансамбль құрамында болған өнер иелері "Гүлдер" өмірімді басқа арнаға бұрды" десе, тағы бірі "Гүлдер – басымызға қонған бақ" деп зор мақтанышпен айтады. Ал ұжымда болған жылдарын әдемі әсерлі естелікпен еске алады.
    "Гүлдер" ансамблінде 44 жыл кызмет еттім. 1978 жылы дүниежүзілік жастар фестиваліне бардық. Ең соңғы концертке мені таңдады. Ауқымды әніммен ешкімді таңғалдыра алмаспын деп, кішкене жеңіл әрі ұтымды ән іздеп, қазақтың халық әні "Гүлдер-айымды" таңдап, 12 биші қызбен, домбыраммен әнді орындап шықтым. Сонда үстінде әскери киімі бар Фидель Кастро сахнаны аралап жүріп менің қасыма келіп "Вери найс, вери" деп қолымнан сүйді. Сол сәт әлі есімнен кетпейді.
    Қапаш Құлышева, ҚР Халық әртісі, дәстүрлі әнш
    Гүлдер" құрамына 1976 жылғы сәуір айында Роза Рымбаевамен бірге келдік. Жас коллектив болсақ та, өте ұйымшыл болдық. Үш айлап гастрольге кеткенде де үнемі бір-бірімізді қолдап жүретін едік. 3-4 күн демалып қалсақ, сағынысып көрісетінбіз. Бүгінде кездесіп қалсақ, туысқанымызды көргендей құшақ жая қарсы алып, еске алып, абыр-сабыр болып қаламыз. "Гүлдер" ансамблі жас әртістерге "шығармашылық шеберхана" секілді. Өз басым "Гүлдер" арқылы халыққа өнерімді паш еттім, ел таныдым, жер көрдім. "Гүлдердің" арқасында халықтың өнерді қалай бағалайтынын сезіндім.
    — Сембек Жұмағалиев, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші
    Ансамбльдің алғашқы би тобы жеті қыздан тұрды. Мен ансамбльдің солисі болдым, Алтынбүбі Омарбекова, Света Тян, Света Сариева, Света Чжао-Ан-Ли, Үмітжан Омарова және Сәуле Бикенова. Сондай-ақ төрт жігіт те болды - Мәлік Бердібеков, Бақыт Сейітов, Cлава Гозель және Хасан. Бүгінде "Гүлдер" ансамблі Қазақконцерттің керемет ғимаратында орналасқан болса, біздің уақытта Алматыдағы 1910 жылы салынған ғимаратта жұмыс істедік. Ескі де болса осы ғимараттан ұлы халық әртістеріміз шықты. Міне, қуанышымызға орай 2023 жылы "Гүлдер" ансамблі қайта жанданды.18 би қойылды, оның ішіндегі үш би бастапқы "Гүлдердің" қойылымдарынан алынды.
    — Гүлжан Талпақова, ҚР Халық әртісі, биші
    Эстрадалық цирк студиясында оқыдым. Тағдырдың сыйына орай ол студияны Гүлжихан Ғалиева басқарды. Бұрын да, бүгін де тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар шетелдерде де көрерменді өз өнерімен баурап алған "Гүлдер" ансамблінің құрылуында да Гүлжихан Ғалиеваның еңбегі зор. Сондай-ақ ол қазақ циркін де құрды. Егер мүмкіндік болса, қазақ циркін Гүлжихан Ғалиева есімімен атауды ұсынар едім.
    — Алтынбүбі Омарбекова, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, биші
    "Гүлдердің" құрамында үш жыл жұмыс істедім. Бұл менің қалыптасу жылдарым, алғашқы қадамдарым болды, үлкен сахнадағы алғашқы кәсіби жұмысым болды. Бүгінде "Гүлдерге" қайта оралдым, әрине солист ретінде емес. Құрметті қонақ есебінде шақырды. Себебі қазір менің артымнан жаңа ұрпақ келе жатыр. Бүгінгі таңда ансамбль құрамында еліміздің ең жас, талантты әртістері би билеп, ән салады.
    — Роза Рымбаева, ҚР Халық әртісі, кеңес және қазақ эстрада әншісі
    "Гүлдер" ансамблі - жастар өсетін, халыққа жастарды таныстыратын үлкен мектеп. 81-ші жылғы қараша айында 16 жасымда "Гүлдердің" алғашқы директоры Ғабиден Тұяқаев мені аттестатсыз ансамбль құрамына қабылдады. Ансамбль құрамында болғанда біздің киген киімімізден бастап, бояуымызға дейін, тұла бойымыздың бәрін қадағалайтын. Тәртіп те өте мықты болды. Бес минутқа кешігіп қалсаң табельден сызып тастайтын. Содан бастап ансамбль құрамында сегіз жыл жұмыс істеп, 88-ші жылдың қараша айында "Гүлдерден" кетіп, өзімнің жеке "Назерке" деген ансамблімді құрып, Қазақконцертке кеттім.
    — Мақпал Жүнісова, ҚР Халық әртісі, кеңес және қазақ эстрада әншісі
    Кеңес одағы кезінде "Гүлдер" ансамблінде ән айту деген үлкен бақыт болатын. Ансамбльге жұмысқа тұрдың ба, демек сен ең мықты әншісің. Эстрада колледжінде оқып жүрген кезімде ұстазым халық әртісі Лаки Кесоглу бір күні "Гүлдер" ансамблінің сол замандағы көркемдік жетекішісі, композитор Эдуард Богушевский деген азаматты колледжге шақырып алып, менде осындай қыз бар, сіздердің ансамбльдеріңізге лайықты әнші болады деген ойдамын деп мені көрсетті. Осылайша 2-курс оқып жүргенімде "Гүлдер" ансамблінде жұмыс істедім. Келесі аптадан бастап дайындыққа келесің деп айтты. Себебі Москва, Ленинградқа гастрольдер басталатын. Содан ансамбльдің базасы Республика сарайына бардым. Залда теледидардан көріп жүрген аты шулы, менмін деген әншілердің бәрі отыр. Оларды көргенде екі тіземнің дірілдегенін көрсеңіздер. Әнімді айтып болған соң Эдуард Богушевский қасыма келіп "Неге қалтырап тұрсың, сен енді осы әншілердің қатарындағы әншісің. Қобалжыма" деп қолдау көрсеткен еді.
    — Жеңіс Ысқақова, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші
    Біздің Қазақстанда екі флагман бар, оның бірі Қазақконцерт болса, екіншісі - "Гүлдер" ансамблі. Ансамбль мен сияқты жас әншілерге үлкен сахнаға трамплин болған. "Гүлдерге" 85-ші жылы келдім. Содан 97-ші жылға дейін ансамбль құрамында болдым. 12 жылдың ішінде Қазақстанның түкпір-түкпірін, шетел аралап, гастрольдетіп жүрдік. Ансамбль құрамында жүріп, 95-ші жылы Еңбек сіңірген деген атақ алдым.
    — Айжан Нұрмағамбетова, ҚР Еңбек сіңірген әртісі, әнші
    "Гүлдер" ансамблінің құрамында болған солистермен сырласа келе әрқайсысының өмірінде ұжымның алар орны ерек екенін байқауға болады. Тіпті ансамбльге арнап ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Алтынбүбі Омарбекова өлең де шығарған.
    "Гүлдер" ансамбліне арналады…
    Гүлдер это молодость наша,
    Это песни улыбки и танцы.
    Эта муза в сплетение нации,
    Это гордость и верность моя.
    Вспоминаю, нам всем восемнадцать,
    Мы врываемся в сказочный мир.

    Мир где молодость и таланты,
    Где искусства как эликсир.
    Выходя на сцену красивой,
    Забываешь о буднях своих.
    И твой стан склоняется ивой,
    А глаза сверкают твои.
    Вы пришли покорить эту сцену,
    Своим сердцем, талантом, душой.


    Пусть цветами сыпется сцена,
    Озаряя людей красотой.
    Озаряя людей красотой.
    Чтоб потом о вас вспоминали,
    Восхищаясь талантом вашим.
    Как лесную нимфу ласкали,
    Как звезду высоко вознесли.

    4. "Гүлдердің" бағбаны болған басшылар
    Халықтың ыстық ықыласына бөленген өнер ұжымын әр жылдары Тасқын Оқапов, Талғат Сарыбаев, Серік Елеусізов, Қарлығаш Елеусізова, Бақтияр Тайлақбаев, Жеңіс Сейдоллұлы секілді танымал тұлғалар басшылық етті. Ансамбльдің алғашқы көркемдік жетекшісі Гүлжихан Ғалиева, бірінші балетмейстері Диляфруз Қияқова, бас дирижері Эдуард Богушевский, бас режиссері Серік Елеусізов және Олег Непомнящий болды.

    1994-1996 жылдар аралығында "Гүлдердің" директоры әрі көркемдік жетекшісі болған ҚР еңбек сіңірген әртісі, «Дос-Мұқасан» ансамблінің солисі Ақжол Мейірбеков өзінің басшылық рөліне қалай келгенін, гастрольдердің қызығы мен шыжығын баяндап берді.
    Филармонияда жұмыс істеп жүргенмін. 94-ші жылы ансамбльге жетекшілік етіп бастадым. Сол уақытта министр Талғат Мамашевке "Мен шенеунік емеспін, әншімін ғой" деп айтқанда, сен "Поющий директор" боласың деп, барынша көмек көрсететінін жеткізді. Сонымен өзім де ансамбльде ән айтып жүрдім. Бір айдан соң бізді үш айға Қытайға жіберді. Онда 16 биші қызымызбен Синьцзянға барып, әрі қарай Гуанчжоуға кеттік. Ол кезде желтоқсан айы еді. Содан елге тек наурыз айында қайтып келдік. Енді міне бүгінгі таңда "Гүлдер" мемлекеттік ансамблі қайтадан жаңарып, еңсесін көтерді. Өте қуаныштымын. Себебі "Гүлдер" қазақ эстрадасының шегесін қадап, көкке көтерген ансамбль.
    — Ақжол Мейірбеков, ҚР еңбек сіңірген әртісі, әнші
    1987-2003 жылдары "Қазақконцерт" мемлекеттік бірлестігінің бас директоры қызметін атқарған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, "Құрмет" орденінің иегері Валерий Кузембаев "Гүлдердің" алғашқы концертіне халықтың қызығушылығы өте жоғары болғанын айтады. Cебебі ансамбльдің құрылуы 1960-1970 жылдары "The Beatles", "The Rolling Stones" британдық рок топтарының әлемдік сахналарды жаулап жатқан кезеңімен тұспа-тұс келген.
    1969 жыл. Консерваторияның 1-курс студенті едім. "Гүлдер" ұжымы құрылып жатқанын естідік, бірақ нақты не екенін, қалай боларын түсіне бермедік. Алғашқы концерт Лермонтов атындағы театр ғимаратында өтті. Әрине, халық үлкен қызығушылық танытты. Өйткені, Қазақстанда эстрадалық өнердің дамуына тарихи көзқараспен қарайтын болсақ, бізде жарқын әншілер көп еді, бірақ олар көбіне жартылай халықтық, жартылай классикалық және сәл эстрадалық жанрдағы әртістер болды. 60-70-ші жылдары әлемде "The Beatles", "The Rolling Stones" рок топтарының жастардың жүрегін жаулап бастаған кезеңі еді. Осы сәтте эстрадалық өнердің басқа даму сатысы басталды. Бұл Кеңес Одағына да әсер етті. Одақтас республикаларда осындай ұжымдар құрыла бастады. Яғни "Гүлдер" ансамблі Қазақстандағы ең алғашқы кәсіби мемлекеттік эстрадалық ұжым болды.
    — Валерий Кузембаев, "Астана Балет" мемлекеттік театры директорының орынбасары
    5. Жаңа құрам, жаңа тыныс, жаңа бейне
    "Біздің салып кеткен сара жолымызды жоғары деңгейде, қазіргі талғамға сай жалғастырса екен…"
    Қапаш Құлышева
    2022 жылдың жазында елу жылдан аса тарихы бар ұжымның жаңа шығармашылық самғау кезеңі басталды. Осы жылдың тамыз айында Роза Бағланова атындағы "Қазақконцерт" мемлекеттік концерттік ұйымы аты аңызға айналған шығармашылық ұжым "Гүлдер" ансамблін жаңғырту жобасын қолға алды. Ұжымға шығармашылық оқу орындарының түлектері алынып, бас балетмейстер ретінде Анвара Садықова, ал жобаның көркемдік жетекшісі, дирижері ретінде Серік Давлетов шақырылды. Ал мамыр айында эстрадалық ансамбльдің көркемдік жетекшісі болып Абзал Өсімбаев тағайындалды.

    Кеңестік кезеңдегі Қазақстан, тәуелсіз Қазақстанымыздың қайта өрлеу дәуірінен бері сахналанған қазақ өнері – музыкалық шығармалар, хореографиялық, театрлық қойылымдардың көбі дерлік мұрағатта қалды. "Гүлдер" ансамблін жандандыру идеясының артында Қазақстанның алтын қорына енген жаухарларды қайта жаңғырту, оларды қазіргі заманғы жұртшылық үшін қызықты ету міндеті тұрды.
    Ұжымды қайтадан құруда өзіміздің алдымызға қойған бірден-бір мақсатымыз – "Гүлдер" ансамблінің дәстүрін, тарихын жандандыру және де заманауи өнермен ұштастыру. Талай архивті ақтарып, ұжымның тұсаукесер концертінен ансамбльдің брендіне айналған "Бипыл" эстрадалық биінің үзіндісін таптық. Сол үзіндіге қарап биді жандандыруда, оны әрі қарай дамытуда бишілер тобының бас хореографы Анвара Садықова мен эстрадалық ансамбльдің көркемдік жетекшісі Абзал Өсімбаевтың еңбегі зор.
    — Ақтоты Райымқұлова, «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры
    Алғашқы концертті халық назарына ұсынбастан бұрын ансамбльдің мұрағаттағы материалдарымен көп жұмыс атқарылды. Түрлі фотосуреттер мен 6-8 деректі фильм табылды. Алайда би костюмдерінің ешбірі сақталмаған болып шықты. Сондықтан барлығын басынан бастауға тура келді. Сондай-ақ ансамбль ардагерлері Гүлжан Талпақова, Қапаш Құлышева, Алтынбүбі Омарбекова, Татьяна Ауталипова құнды жәдігерлерді күні бүгінге дейін жеке мұрағатында көзінің қарашығындай сақтап, топтың жаңа жетекшілеріне аманат етті.

    Ұжым мұрасын жаңғырту үшін "Гүлдер" ансамблінде 20 жылдан астам жұмыс істеген хореограф Татьяна Ауталипова да арнайы шақырылды. Татьяна Қайырбайқызы­ның арқасында алтын қордан қо­йылымдар табылды. Олар – "Бипыл", "Аса­таяқ" және "Малайзия биі".
    "Гүлдер" ансамблінің жаңа құрамының жұмысы 2022 жылдың 15 тамызында басталды. Кастинг өткіздік. Құрамға негізінен Қазақ ұлттық хореография академиясының, А.В. Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінің түлектері енді. 1969 жылы "Гүлдер" ансамблі құрылған кезде, қыздардан бөлек жас жігіттер де болды. Біз осы дәстүрді қайта жаңғыртуды ұйғардық. Қызметіміздің басты міндеті – "Гүлдер" ансамблінің мұрасын зерттеу. Атап айтқанда, қазақ хореографиясының алтын қорына енген "Гүлдер" ансамблі билерінің стилін, мәнерін түсіну еді. Алғашқы концертімізге дайындық кезінде көрерменге түрлі жанрдағы би қойылымдарын ұсыну үшін Алмат Шәмшиев, Татьяна Ауталипова, Эльвира Имамбекова, Гүлнара Саитова, Евгений Моисеев, Гүлден Фатқұлла, Майра Кадырова, Карина Джиренбаева, Мөлдір Нығымет, Карина Хайтматуллина сынды хореографтар шақырылды.
    — Анвара Садықова, "Гүлдер" ансамблінің бас балетмейстері
    "Гүлдер" ансамблі – дарынды өнерпаздарды біріктіріп, нағыз музыкалық-хореографиялық өнер туындысын паш ететін бірегей ұжым. "Гүлдер" ансамблінің жаңа құрамымен танысуым 2023 жылдың мамыр айында басталды. Ол кезде Алматыдағы концертке қонақ әртіс ретінде фортепианода ойнауға шақырту келді. Еңбегіміз ақталып, концерт жоғары деңгейде өтті. Ал бір аптадан кейін Ақтоты Райымқұлова "Гүлдер" ансамблінің көркемдік жетекшісі қызметіне шақырды. Содан бері бүгінге дейін "Гүлдер" ансамблінің көркемдік жетекшісімін. Негізгі міндетім – ансамбль өнерінің жоғары деңгейін қамтамасыз ету. Яғни ансамбльдің көркемдік концепциясын құруға, әртістердің жұмысын үйлестіруге, музыкалық-хореографиялық материалды өңдеуге, сондай-ақ олардың шығармашылық шеберлігін дамыту мен жетілдіруге жауаптымын.
    — Абзал Өсімбаев, "Гүлдер" ансамблінің көркемдік жетекшісі
    Осылайша, қыруар еңбек пен бір жылға жуық дайындықтың арқасында 2023 жылдың 1 наурызында аңызға айналған "Гүлдер" ән-би ансамблінің жаңа құрамының тұсаукесер концерті өтті. Концертке халық көп жиналып, "Гүлдер" ардагерлерi мен қазiргi әншi-бишiлерiнiң өнерiн тамашалады. Көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, жылы лебіздерге толы болған бұл концерт ансамбль өзiнiң баз-баяғы бет-келбетiн сақтап қалғанын айғақтай түстi.

    Концертке қазақ эстрадасының майталмандары, "Гүлдер" ансамблінің алғашқы солистерінің бірі, халық әртістері Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, жас әншілер Мәди Сыздықов, Зарина Божакова, Дидар Әбдіхалық және Салтанат Меңдіғалиева, "TURAN" этно-фольклорлық ансамблі мен "Steppe Sons" альтернатив-фольк тобы қатысты.
    Гүлдер ансамблімен бірге жұмыс істеген өте қызық. Анвара Әріпқызымен 2009-2010 жылдан бірге шығармашылық қызметте жүрміз. Ол кісі біздің "Толғау", "Шабыт", "Аққу" секілді шығармаларға біраз би қойған. Ал концертте осы билерді жаңаша көзқараспен, басқаша би қойылымдарымен халық назарына ұсынамыз. Сахнада бізде қатып қалған жүйе жоқ. Біз кішкене еркін, импровизациялық тұрғыда өнер көрсетеміз. Бишілердің кейбір қимылдарын бағамыз, ал олар біздің музыкаға, екпінімізге қарайды. Осылайша біз бір-бірімізге икемделеміз.
    Мақсат Медеубек, "Тұран" этно-фольклорлық ансамблінің солисі
    Бүгінгі "Гүлдер" ансамблі небәрі бір жылдың ішінде Қазақстанда ғана емес, шет мемлекеттерде де танымалдылыққа ие болып, нағыз музыкалық-хореографиялық құбылысқа айналды. Ансамбль Өзбекстанның Ташкент, Самарқанд, Бұхара қалаларында, Түркияның Анкара қаласында, Ресейдің Сочи қаласында және Қырғызстанның Бішкек қаласында көрерменді қызықты концерттерімен таңғалдырып үлгерді. Өнерпаздардың ерекше харизмасы мен сиқырлы музыкасы мыңдаған көрерменнің назарын аударып, естен кетпес ерекше кештер сыйлады.
    Алда жоспар көп. Ансамбль қараша айында Қазақстан Республикасының мәдениет күндері аясында Қытай Халық Республикасының астанасы Бейжіңдегі ірі шығармашылық өнер орталығында концерт қояды. Сондай-ақ Франция елінде "Гүлдер" ансамблі мен "Қазақконцерт" әртістерінің бірлескен бірнеше концерті болмақ, Германиядағы фестивальге де қатысу жоспарда бар. Шетелдерге қазақ халық өнерін паш етіп, таныту мақсатында ең-ең деген қойылымдар көрсетіледі. Сондықтан қазір ансамбль үлкен дайындық үстінде.
    Ақтоты Райымқұлова, «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры
    Қайта бүр жарған "Гүлдер" ансамблінің алда тұрған міндеті де осы еді – қазақ мәдениетінің жауһарларын халықаралық кәсіби ареналарға шығару, дүниежүзіне таныту. "Гүлдердiң" бүгiнгi ұжымы ансамбльдiң ардагер әншi-бишiлерiне елiктеп, елiмiздiң эстрада саласының дамуы үшiн әрі қарай да еңбек етпек.