"АДАМ МУЗЫКАҒА ТАЛҒАММЕН КЕЛУі КЕРЕК"
"ТҰРАН" ЭТНО-ФОЛЬКЛОРЛЫҚ АНСАМБЛІ

@tompaq
Бәрі қалай басталды?
@turan
Біз 2008 жылы Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының студенті едік. Барлығымыз "Сарын", "Сазген сазы" секілді этно-фольклорлық ансамбльдерде жұмыс істедік. Үлкен буын ағаларымыз қолымызда мүмкіндіктің барын байқап, "Жігіттер қолдарыңда аспап бар, еңбек етіңдер, шығармашылықпен айналысыңдар" деп бізге бағыт берді. Қолымызға аспап тигеннен кейін, шабыт алдық. Оның үстіне, батыстан келіп жатқан тың мәдениет біздің төл өнермізге кері әсерін тигізіп жатыр. Жастардың ұлттық өнерге немқұрайлы қарайтыны жасырын емес. Олардың өнерге деген дұрыс көзқарасын қалыптастырып, кеуделеріндегі рухын оятқызымыз келді. Дәстүрлі өнерге заманауи бояу қостық. Осылайша, алғаш болып "Қазақ елі" туындымыз жарыққа шықты.
@tompaq
Бүгінгі жаңалықтарыңыз қандай?
@turan
Басты жаңалығымыз – құрамымыздың жаңаруы. Қатарымызға қосылған Жанту – Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының 2-курс студенті. Мамандығы – домбырашы.

Одан бөлек, алда үлкен жеке концертіміз болады. Осы уақытқа дейін 3 альбом шығардық, 30-ға жуық шығармамыз бар. Біздің туындыларымыз саундтрек ретінде киноларда, театрларда, қойылымдарда қолданылады. Біз сол шығармаларымыздың қаншалықты жан-жақты екенін, әр түрлі бағыт, жанрлармен тоғысуын көрсеткіміз келіп отыр. Ансамбльдің он жылдығын бірнеше мемлекетте атап өттік. Енді бірінші рет Қазақстандағы үлкен концертімізді өткіземіз.
АНСАМБЛЬ МҮШЕЛЕРІ
МАҚСАТ МЕДЕУБЕК
СЕРІК НҰРМОЛДАЕВ
БАУЫРЖАН БЕКМҰХАМБЕТОВ
ЕРЖІГІТ
АЛИЕВ
ЖАНТУ
ДАДАБАЕВ
ҚОБЫЗШЫ
СЫБЫЗҒЫШЫ, ҮРМЕЛІ АСПАПТАРДА ОЙНАЙДЫ
ДОМБЫРАШЫ
ЖЕТІГЕНШІ
КӨМЕЙ АСПАПТАРЫНДА ОЙНАЙДЫ
— Сахна — киелі орын. Сіздер үшін сахнаның ұлылығы немен астасады?
— Біз үшін сахна әрқашан киелі, ұлы. Оны сахнаға шыққанда ғана ұғамыз. Арқалап жүрген аспаптарымыз, өнеріміз, дәстүріміз бар. Осының барлығы – ата-баба мирасы. Ән де, күй де киелі. Біз сахнаға шығып, оны көрерменге паш етеміз.

Шетелдік сахнаның талайын көрдік. Бірақ, өз еліміздің сахнасында қатты қобалжимыз. Әсіресе, өзіміз білім алған консерватория сахнасында өнер көрсету біз үшін үлкен сынақ секілді. Өйткені, консерваторияның тарихы тереңде. Ол жерде қаншама өнер майталмандары өнер көрсеткен және олар бүгінгі мәдениеттің негізін сол сахнада қалыптастырған. Оның үстіне, көрермендер қатарында бізге тәлім берген ұстаздарымыз бар. Олардың алдындағы жауапкершілікті алмағанда, болашақ ұрпақ, яғни, залда отырған студенттер алдында өз өнеріңді жоғары деңгейде паш ету де үлкен салмақ артады.
МӘСЕЛЕ
Бұрын шетел көрермені бізді "экзотика" ретінде қабылдайтын. Қазір ол көрермен азайды. Олардың құлағына әбден құйылды. Біз елімізде де концерт қоямыз. Бірақ, БАҚ өкілдері жағынан қолдау мен насихаттың болмайтыны жасырын емес.

@tompaq:
Талғамда шек жоқ дейміз. Бірақ, бір сәтке өз шығармашылықтарыңыз бүгінгі жастар талғамына сәйкес келмейді деп ойлап, өз бағыттарыңызға күмән келтірген кез болды ма?
@turan
Біз күйзеліске ұшырамаймыз. Себебі, біздің салған жолымыз бөлек болды. Біз белгілі бір шекарадан асқан адамбыз. Басында-ақ сынға дайын болып келдік. Соған қарамастан, өте көп сын естідік. Қазір бізде оған қарсы "иммунитет" қалыптасып қалды. Қазір кез келген тәжірибелік жұмыстарға, тың жаңалықтарға құштар болып тұрамыз.
Бізге даму үшін бәсекелес керек болды. Сондықтан жаңа топтар құра бастадық. Кейін көбейді. Біз бет алған бағыт бір сала ретінде қалыптаса бастады.
Бұл - жақсы. Дегенмен, бұл бағытқа біліммен, талғаммен келетіндер әлі де аз. Бізде көшірме көп. Артық ізденгісі келмейді. Артық ойланғысы жоқ.
ПІКІР
@tompaq:
Бүгінде өздеріңізге шәкірт тәрбиелеп жатырсыздар. Музыкалық білім беру жүйесіне деген көзқарастарыңыз қандай? Өзгерістер керек деп ойлайсыздар ма?
@turan
Бұл жүйенің барлығы ақылмен шешіліп қабылданған. Дегенмен, қазір оқытушылардың студенттерге уақыты жоқ. Басты себеп – қағазбастылық. Кез келген нәрсеге қағаз сұратады. Шығармашылықпен қашан айналысамыз?

Әрине, тек жүйені кәнілау да дұрыс болмас. Біздің көңіліміз музыка саласында жүрген жастарға да толмайтыны жасырын емес. Қазір еңбектенетін, ізденетін, өнерді қазбалайтын жастар аз. Оларды үйрету үшін оқытушы ұзақ уақыт жұмсау керек.
СҰХБАТТАСҚАН:

ТОМИРИС ЕСҚАЛИ
контент-менеджер