Қанат Ислам мен Мадияр Әшкеев "Арландарға" сәттілік тіледі

Қанат Ислам мен Мадияр Әшкеев "Арландарға" сәттілік тіледі
Фото: instagram.com

Қазақстандық кәсіпқой боксшылар Қанат Ислам мен Мадияр Әшкеев Бүкіләлемдік бокс сериясының (WSB) финалында бақ сынайтын "Astana Arlans" клубының боксшыларына сәттілік тіледі.

"Cuba Domeodores" (Куба) командасымен болатын финалдық кездесудің алғашқы жекпе-жектері бүгін Қытайдың Сямынь қаласында өтеді. Астана уақытымен сағат 17:00-де басталатын бокс кешін "Хабар" арнасы тікелей эфирде көрсетеді.

- Америка төрінде ел намысын қорғап, қазақ елінің атын әлемге танытып жүрген – Қанат Ислам және Мадияр Әшкеев өз бауырларына сәттілік тілеп, ыстық сәлемдерін жолдады.

"Astana Arlans" боксшыларына қолдау көрсетейік. Жанкүйер болайық! Бірге жеңіске жетейік! - деп жазды команданың instagram желісіндегі ресми парақшасы.

Бүгін шаршы алаңға шығатын боксшылар:

49 келі: Теміртас Жүсіпов – Дамиан Арсе Дуарте
56 келі: Ілияс Сүлейменов – Освель Давид Кабальеро Гарсия
64 келі: Ділмұрат Мижитов – Энди Крус
75 келі: Әбілхан Аманқұл – Ослейс Иглесиас Эстрада
91 келі: Нұрбол Алтаев – Эрисланди Савон  

Командалар арасындағы екінші кездесу 28 қыркүйек күні Цзиньцзянда өтеді. Егер екі күнгі жекпе-жектер 5:5 есебімен аяқталса, онда шешуші жекпе-жек белгіленген. WSB басшыларының ұйғарымымен биыл қосымша жекпе-жек 64 келі салмақ дәрежесі бойынша өткізілетін болып бекітілген. "Astana Arlans" бұл ретте Бекдәулет Ибрагимовке сенім артып отыр.

Айта кетейік, "Astana Arlans" - WSB жобасындағы ең табысты команда. Бұл жарыста үш рет жеңімпаз атанып, тағы төрт рет жүлделі орыннан көрінген. Екі рет кубалық боксшылар топ жарса, Франция мен Италия елінің командалары бір-бір реттен жеңіске жеткен.

Ө. Сансызбай