Футболдан Қазақстан құрамасы ФИФА рейтингінде екі саты жоғарылады

О Сансызбай Корреспондент
Футболдан Қазақстан құрамасы ФИФА рейтингінде екі саты жоғарылады
Фото ©️ kff.kz

Халықаралық футбол қауымдастықтары одағы (ФИФА) ұлттық құрамалардың жаңарған рейтингін жариялады. Қазақстан құрамасы 2 саты жоғарылап, 117-орыннан көрінді.

БӨЛІСУ

Станимир Стойлов жаттықтыратын Қазақстан ұлттық құрамасы сәуір айында ойын өткізген жоқ. Тек анығы 5 маусым күні Әзірбайжан құрамасымен жолдастық кездесу өткізетіні белгілі болды. Бұл ойын Астанада болады. Бір күн алдын қос елдің жастар құрамасы да жолдастық кездесуде жолығады.

Әзірбайжан құрамасы жаңарған рейтингте 126-орнын сақтап қалған. Осы айдағы рейтингте үздік нәтижені Кувейт құрамасы көрсетті. Олар 16 саты жоғарылап, 160-орынға табан тіреген. Ең төменгі нәтижені Палестина құрамасы көрсеткен. Олар 13 саты төмендеп, 96-орынға төмен сырғыды.

Жаңарған рейтингтің алғашқы ондығында ешқандай өзгерістер болмаған. Германия құрамасы көш бастаса, екінші орында Бразилия тұр. Үздік үштікті Бельгия құрамасы түйіндеуде.

Үздік ондық тізімі:

1 (1). Германия - 1544 ұпай
2 (2). Бразилия - 1384,
3 (3). Бельгия - 1346,
4 (4). Португалия - 1306,
5 (5). Аргентина - 1254,
6 (6). Швейцария - 1179,
7 (7). Франция - 1166,
8 (8). Испания - 1162,
9 (9). Чили - 1146,
10 (10). Польша - 1128,

Айта кетейік, ФИФА рейтингі 1993 жылдан бері түзіліп келеді. Сол арқылы ұлттық құрамалардың өсу деңгейін, көрсетіп келе жатқан нәтижелерін бағамдауға болады. Рейтинг тарихында көш тізгінін 7 ұлттық құрама ғана иеленген. Оның бесеуі Еуропадан болса, екеуі – Оңтүстік Америка құрлығынан. Олар: Германия, Италия, Франция, Испания, Нидерланды, Бразилия және Аргентина.

2006 жылы Германияда өткен әлем чемпионатынан кейін рейтинг ұпайын есептеу жүйесіне арнайы өзгертулер енгізілді.